Аймақ дамуының көші ілгері

Сәрсенбі күні аймақ басшысы Бауыржан Әбдішевтың 2013 жылды қорытындылаған, есеп беру кездесуі өтті. Өңіріміздің даму көрсеткіштері баяндалған алқалы жиынға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешов, бірқатар орталық ведомстволар өкілдері, Парламент Сенатының депутаттары Серік Ақылбай мен Юрий Кубайчук арнайы қатысты.

20140228-01-1-2Есептік жиынға облыстың барлық қалалары мен аудандарының әкімдері, мемлекеттік органдардың басшылары, ардагерлер, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Онлайн жүйесінің көмегімен облыс қалалары мен аудандарының 6,5 мыңнан аса тұрғындары кездесуге қатысуға мүмкіндік алды. Соның қатарынан Сәтбаев қаласының тұрғындары да табылып, Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өңірдегі бір жыл бойы атқарылған жұмыстардың жай-жапсарына, алда қандай мақсат-міндеттердің тұрғанына қанықты.

Сөз басында Бауыржан Түйтеұлы «Есепті кезеңде барлық жергілікті атқарушы органдардың қызметі Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» стратегиясына негізделгенін, Жолдауда қойылған міндеттерді жүзеге асыруға бағытталғанын атап өтті.

– Өңірлік өнімдер көлемі жөнінен облыс ел бойынша 4-ші орын алады, оның үлесі республикалық көлемде 8,5% құрайды.

Өнеркәсіптік өндіріс көлемі 1 трлн. 398 млрд. теңгені құрады. Негізгі қорға инвестициялар 403 млрд теңгеден асты. Сыртқы сауда айналымы 9,7 млрд.АҚШ долларына жетті. Бұл ретте экспорт 8,7% артты, ал импорт 30% төмендеді. Жүк және жолаушылар айналымы көрсеткіштері 15% артты. Құрылыс жұмыстарының көлемі бір жарым есеге өсті. Инфляция 7,4% құрады, бұл жоспарланған дәліз шегінде. 2013 жылы облыс бюджеті 229 млрд. теңге көлемін құрады, мұның 50% астамы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған, – деді аймақ басшысы.

Сан саладағы жетістіктер мен алдағы атқарылар жұмысты тілге тиек ете келе, Бауыржан Түйтеұлы әр өңірде күрделі мәселеге айналып отырған тұрғын үй салу, ауыл шаруашылығын дамыту, білім, денсаулық сақтау салалары мен инновациялық қарқынды дамуға көңіл бөлінетінін баса айтты.

Өңір басшысы сондай-ақ, «қазіргі таңда үкімет маңыздылық беріп отырған моноқалаларды дамыту бағдарламасының маңызы айрықша» деді. Облыс халқының 40 пайызын құрап отырған тұрғындар осы аймақтарда мекен етуде. Моноқалалардың облыстық өнеркәсіптік өндіріс көлеміндегі үлесі 70% құрайды. Шағын және орта бизнестің 35% осы қалаларда белсенді қызмет көрсетеді. Бағдарлама аясында есепті жыл ішінде 120 жоба жүзеге асырылған.

Жиынды қорытындылай келе, облысы әкімі Б.Әбдішев Елбасы көтерген «Мәңгілік Ел» идеясының айналасына топтасып, бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолында атқарылар жұмыстарға қарағандылықтардың да үлес қосуына шақырды.

Одан кейін, Бауыржан Түйтеұлы әр қаладағы, аудандағы тұрғындардың мәселелерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді.

Сәтбаев қаласына қарасты Жезқазған кентін көшіру мәселесін кент тұрғыны Оксана Кисматова қозғады. Туындап отырған мәселенің мәнісі өзіне таңсық еместігін айтқан облыс басшысы кентті көшіру кешенді жоспар аясында жүргізілетінін, кенді қалада арнайы бөлінген орынға көпқабатты үйлер салынып, тұрғындар кезең-кезеңімен көшірілетінін жеткізді.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.