Кенжалы Балкенов: «Руханият – Кет бұқа кемеңгер би Мұрасы»

20140228-07-2Тарихымызда ұлы адамдар өте көп, бірақ та олардың қатарында XIII ғасырда ел билеген көрегендігімен көзге түскен кемеңгер бабамыз Ұлық жырау Кет Бұқа Аталық би ерекше еске түседі.

Тереңнен сөз қозғасақ, бірден ойымызға халық ауыз әдебиеті арқылы күні бүгінге дейін жеткен «Ақсақ құлан – Жошы хан», «Кетбұқа» атты күйлер оралады.

Міне, осы Кет Бұқа бабамыз 1184 жылы Ұлытау өңірінде туып, 3 қыркүйек 1260 жылы Израильдің Айн-Жалут жерінде қайтыс болған, яғни, бабамыздың туғанына биыл 830 жыл толып отыр. Сол себепті де біз қалың қазақ жұртына Кет Бұқа бабамыздың кім екендігін, қазақ халқының тарихи санасында қандай істерімен қалғандығын, қазақ тарихында алатын орнын көрсету мақсатында алдарыңызға келіп отырмыз.

Кет Бұқа бабамыздың жеке өмірбаянына арнайы жазылған ортағасырлық дерек жоқ, тек қана оның өмірінен үзік-үзік мәліметтер Әбілғазы Ибн Тәңірберді, Әбу Махасин Жамал-ад-Дин Жүсіп, Әл-Юнини, Аш-Шейх Құтб-ад-Дин, Ибн Айбек әл-Дауадари, Әбу Бәкір бен Абдулла, Рашид А-Дин, Лев Гумилев, Шоқан Уалиханов, Мұхамеджан Тынышбаев, Әлкей Марғұлан, Тұрсын Жұртбаев, Қайрат Сәки және т.б. авторлардың еңбектерінде кездеседі. Орыс, парсы, араб деректерінде де Кет Бұқа жырау туралы мәліметтер бар­шылық.

Кезінде Шыңғыс хан Кет­ Бұқа бабамыздың алпауыт кү­шіне ерлігіне куә болып, өзінің жанына сенімді сақшы ретінде тағайындаған. Шыңғыс хан Кет Бұқа бабамыздың беделін арттырып, ешкімге де бермеген жоғарғы дәрежеге дейін көтерген болатын. Кет Бұқа бабамыз Шыңғыс ханның көзі тірісінде киелі әулие санатына осылай көтерілген екен. Кейін батырлығы мен мәмлегер елшілігі үшін Шыңғыс хан өзінің қызын Кет Бұқа ноянға ұзатып, бабамыз Кет Бұқа Гурхан атанған. Гурхан Шыңғыс ханның күйеу баласы деген мағына білдіреді.

Кет Бұқа Гурхан – Шыңғыс ханның немересі, Төле ханның ұлы. Құлағудың жас кезінен күйшілік өнерге, шешендікке, батырлыққа тәрбиелеген ұстаз, сол заманының тілімен айтсақ, Құлағудың Аталығы.

Сондықтан Құлағу өзінің 120 мың әскерінің басында кезінде Шыңғыс хан, Жошы ханның жанында болып, сенімін ақтаған, Кет Бұқа – Аталық биді қоюы, Шыңғысхандай атасының аманатын орындағанның белгісі болатын. Құлағу хан еш бір шешімді Кет Бұқа Гурханмен ақылдаспай шешпеген.

Өткен жылы Жезқазған-Сәтбаев қаласымен, Ұлытау ауданның азаматтары жиналып, үлкен алқалы жиында «Қазақтың Кет Бұқасы» қо­ғамдық бірлестігі, қоғамдық қоры «Кет Бұқатану және өлке тарихы» атты ғылыми зерттеу орталығы құрылғанын білесіздер.

Іргелі де ынтымақты ел болуды аңсаған Кет Бұқадай бабалармыздың асыл арманы тәуелсіздік еді. Сол тәуелсіз елде ғұмыр кешіп жатқан бабалардың ұрпағы оларды ұлықтамаса ұлылығына сын болады.

«Қазақтың Кет Бұқасы» қоғамдық бірлестігі осы жылға ауқымды жоспарлар құрып, соны орындау барысында жұмыс атқаруда.

Кет Бұқа бабамыздың 830 жылдығына орай 2014 жылғы күнтізбек, бірнеше мақалалар, «Алаштың Кет Бұқасы» атты жинақ, «Кет Бұқа жырау» атты телехабар өткізді. Интернет жүйесінде ww.ketbuka.kz сайты, kzketbuka.kz@mail.ru электрондық поштасы қазір жұмыс істеп тұр. Кет Бұқа бабамыз туралы деректерді осы сайттардан оқуларыңызға болады.

Республикалық ақындар мүшайрасы, Халықаралық та­ри­хи-этнографиялық экспедициялар ұйымдастырылып, Жезқазған қаласында ғылыми-практикалық конференция, «Кет Бұқа – күй атасы» ат­ты музыка-композициялық қойы­лым өткізу жоспарланып отыр.

Түбі бір туысқан түркі халықтарының бәріне ортақ данышпан тұлға Кет Бұқа бидің қалдырған өсиеті мен мәдени мол мұрасы қазіргі уақытта қырғыз, өзбек, башқұрт, қарақалпақ, хакас, ноғай елдерінде көптеп кездеседі. Он екінші ақпанда іс-сапармен Қызылорда қаласында болдық. Сыр өңіріне сыйлы Серік Тәшімбетов ел ағасы бастаған ақсақалдармен кез­десіп, Қорқыт ата атындағы уни­верситетінің жанында ашыл­ған «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми зерттеу институтының ғалымдарымен кездесіп, ғылыми байланыстар құрдық. «Қорқыт-Құбатегін-Кет Бұқа» тақырыбы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, осы институттың қызметкері Ахметбек Бақытжан Мұқараұлына тапсырылды. «Қорқыт-Құба­тегін-Кет Бұқа» бабаларымыз түркі тектес халықтардың барлығына дерлік ортақ данышпан тұлғалар екені белгілі. Халық арасына кеңінен тараған Қорқыт атаның қобызы Құба тегінен Кет Бұқаға жеткен деген аңыз бар. Осы тақырыпты кеңінен зерттеп, Кет Бұқа баба­мызға байланысты тарихтың тағы бір тарауын саралап, ғылыми жолға түсірмек ойымыз бар.

Кет Бұқа бабамызға арнал­ған осындай игілікті іс-шара­лар Түркістан, Шымкент қалала­рында атқарылып жатқанына көзіміз жетті.

Шымкент қаласындағы «Ай­ғақ-Медиа» мекемесінің бас директоры Әбіш Дулатбек бауырымыздың бастауымен арнайы құрылған топ, Кет Бұқа бабамыздың қаны тамған Израиль мемелекетінің Айн-Жалут жеріне үстіміздегі жылдың 22-28 ақпан аралығында са­пар шекпекші. 8 күн аясында Кет Бұқа бабамыздың жүрген жерлері және Египетті басқарған сұлтан Әл-Мәлік Әл-Әділ Зайн ад-Дин Кет Бұқа Әл-Мансури бабамызға қатысты тарихи орындарға бармақ. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тап­­сырмасымен Жезқазған қаласы мен Ұлытау өңірін дамытуға бағытталған үлкен бағдарламалар іске асырылып жатыр. «Жезқазған-Бейнеу» теміржолы іске қосылып, тас жолдар күрделі жөндеуден өткеннен кейін Жезқазған-Ұлытау аймағы оңтүстік пен солтүстікті, батыс пен шығысты байланыстыратын тоғыз жо­лдың торабында болғалы тұр.

Осыларды және келешекте болатын жолаушылар тасқынын ескеріп, Жезқазған, Сәтбаев қалаларының ортасында Кет Бұқа бабамыздың ескерткішін негізге ала отырып, «Мәңгілік Ел тарихи-этномәдени мемориалдық кешенін салуды «Қазақтың Кет Бұқасы» қоғамдық бірлестігі бүгінгі күн тәртібіне қойып отыр.

Кешенде «Мәңгілік ел» Ұлт идеясын экспозициялар, ашық аспан астындағы мұражай, «Таңбалы тас», «Ұлытау жәдігерлері» атты скульптуралық композициялар, тастағы суреттер, «Күлтегін» ескерткіш жазулары және басқа көркемдік бейнелеу құралдары арқылы жан-жақты және ғылыми негізде баяндау болып табылады.

Кешенде қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы сан ғасырлық күрес тарихы, ұлт тағдыры шешілген қасиетті жерлер, ұлттық тұлғалар, Кет Бұқадай ел қорғаған батыр бабаларымыздың бейнелері көрініс табады деген ойдамыз.

Комментарии закрыты.