Үкілі үміттеріміз «Ұлытау үнінде»

Аймағымызға белгілі айшықты өнер байқауы – «Ұлытау үні» фестивалі биыл да жылдағы дәстүр бойынша ақпан айының соңын ала жалауын көтерді. Кеше, Жезқазған қаласындағы Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде халық шығармашылығы мен көркемөнерпаздар өнерінің ХХІV «Ұлытау үні» аймақтық фестивалінің шымылдығы салтанатты түрде ашылды.

Халық шығармашылығы мен көркемөнерпаздар өнерінің ХХІV «Ұлытау үні» аймақтық фестивалі биыл негізінен Жезқазған қаласының 60 жылдығына және халық ақыны Тайжан Қалмағамбетовтың 135 жылдығына орайластырылып өткізіліп отыр. Фестивальдің бағдарламасында «Дәстүрлі әндерді орындаушылардың», «Шоу-бағдарламаларды жүргізушілердің» және «Жұлдыз – 2014» жас эстрадалық әншілердің» байқаулары өткізіледі. Мұның сыртында қазақстан Журналистер одағының мүшесі, журналист, ақын, сатирик Базарбай Әлеуханұлының «Қолымда менің қалам бар» атты шығармашылық кеші мен суретші, дизайнер Зинелғабден Мұхамединнің «Арнау» деп аталатын жеке сурет көрмесі жұртшылық назарына ұсынылып отыр.

Аймақтық өнер байқауына біздің кеншілер қаласының өнерпаз өрендері де жылда қатысып, жүлделі орындарды иемденіп келеді. Мәселен өткен жылы Салтанат Серкебаева «Жұлдыз – 2013» жас эстрадалық әндер орындаушылар байқауының Бас жүлдесін жеңіп алса, бұрнағы жылдары сәтбаевтық жас әншілер Динара Ширекбаева мен Дина Сәдірбекова да олжамен оралып жүрді. Ал, әнші балапандар арасында былтыр дара шыққан біздің Дарын Төлеубай «Ұлытау үні» фестивалінің биылғы ашылу салтанатына қатысып ән шырқады. Мұның бәрі кеншілер қаласының мәртебесін өсіріп отырғаны ақиқат.

Сонымен, халық шығармашылығы мен көркемөнерпаздар өнерінің «Ұлытау үні» аймақтық фестивалі биыл ХХІV рет жалауын көтеріп отыр. Осынау өнер додасында біздің үкілі үміттеріміз де өздерінің бақтарын сынауда. Атап айтқанда, «Дәстүрлі әндерді орындаушылар» байқауында Ибрагим Хамитов, Құдірет Ғабдолла, Диана Нушанова көпшілікті тамылжыған әндерімен тамсандырса, «Жұлдыз – 2014» жастардың эстрадалық ән орындаушылар байқауында Ақбота Қанат, Аманкелді Алдаш және Ақмоншақ Махамбет өнер көрсететін болады. Сондай-ақ, шоу-бағдарламалар байқауына да біздің мен деген «шоумендеріміз» өз шашуларын ұсынып отыр. Негізі, осы байқау бойынша Сәтбаев қаласынан төрт үміткер шыққан еді. Алайда, алдын ала өткен іріктеу байқауының қорытындысы бойынша екі үміткеріміз ғана ақтық сайысқа жолдама алды. Оның бірі – Аңсар Мұстафин болса, екінші «шоуменіміз» – Мақсат Қанат. Бұл екі талапкеріміз де топты жарып, өз өнерлерімен жұртшылықты тәнті етеді деген сенімдеміз. Бап шабады ма, бақ шабады ма оны байқаудың қорытындысы көрсетеді.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.