Абыз бабаға аңыз боларлық құрмет

20140228-07-1«Өткенсіз келешек жоқ» деген ғой дана халқымыз. Өшкеніміз жанып, өткен тарихымыз арқылы келешектің кемел келбетін қалыптастырып отырмыз. Елбасы Н.Ә.Назарбаев өткен тарихымызды бағамдау ұрпақ үшін ұлы парыз екенін үнемі айтады. Тәуелсіздіктің 22 жылында тарихи тұлғалардың есімін қайта жаңғырттық. Былтырғы жылы Елбасының идеясымен қолға алынған «Тарих толқынындағы халық» бастамасының негізінде біз атын естігенмен, даңқын біле бермейтін алыптар қайта тірілді.

Жылқы жылында Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының ақсақалдары қа­заққа ортақ тұлға болған, Найман руының Бағаналы тармағынан шыққан атақты күйші Кет Бұқа бабаның ерлік ісі ұрпақтар жадында қайта жандансын деген ниетпен жақсы бастамалар көтергенін газетімізде жариялаған болатынбыз.

Жезқазған қаласында өткен алқалы жиында «Қазақтың Кет Бұқасы» қоғамдық бірлестігі құрылып, Кет Бұқаның есімін ұрпақтар санасында қалдыруды көздеп отыр. Осы мақсатта күйшінің асқақ мүсіні сомдалған ескерткіш бой көтермек.

Аталық би атанған ұлы бабаның 830 жылдығын рес­­пуб­ликалық деңгейде атап өтуді жөн санаған Арқа аймағының азаматтары бірнеше жұмыстарды қолға алып отыр. Әрине, абыздың ескерткішін орнатуда көп қа­ражаттың керегі ақиқат. Бұл іске Найман атадан тараған ұрпақтардың арнайы құрылған қорға қолдарынан келгенінше қаражат аударып, ойға алған істің нәтижелі болуына үлестерін қоспағы керек.

Жиырма үшінші қарашада өз жұмысын бастаған қоғамдық бірлестіктің алқалы жиыны Сәтбаев қаласында да өтіп, ұлы тұлғаның өмірі жайлы баяндамалар оқылып, күн тәртібінде екі мәселе қаралды.

Қоғамдық бірлестіктің Сәт­баев қалалық бөлімшесін құру, төрағасын сайлау мә­селесі қаралған жиынға қала әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Серік Имамбай бастаған мемлекеттік мекемелердің басшылары, қа­ланың Құрметті азаматтары, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен ұстаздар қауымы және жас буын қатысты.

Кеңесті ашып жүргізген ҚБ төрағасы Төлеген Бүкіров қоғамдық бірлестіктің негізгі мақсатын егжей-тегжейлі тү­сін­дірді.

Жиынның әлқиссасында ай­ма­ғымызға танымал өлке­танушы Кенжалы Балкенов баяндама жасады.

Тарихи тұлғаның өмірінен сыр шертілген баяндамадан соң, жарыссөзге шыққан Жезқазғаннан келген меймандармен қатар, сәтбаевтық азаматтар Дәуренбек Бұланбаев, Бейімбет Бралин, Жақия Күнеділов сөз алып, бірлестіктің жұмысына қолдау болатынын жеткізді.

Жиын барысында «Қа­зақтың Кет Бұқасы» ҚБ-ның сәтбаевтық бөлімшесі құрылып, оған төрағалыққа қаланың Құрметті азаматы Мағзұм Қожахметов тағайын­далды.

Бұл жиында «Мәңгілік Ел» идеясының маңыздылығы, Елбасы Н.Ә.Назарбаев Атырау қаласына іссапармен барғанда көтерген Қазақ елі болу мәселелері де қозғалып жатты. Кенді қаланың тұрғындары бірауыздан Қазақ елі атауын қолдайтындықтарын жеткізді.

Тағы бір сүйіншілей жеткізетін жаңалық, Жезқазған қаласынан Сәтбаевқа шығар тас жол бойында бос жатқан жерге келешекте «Мәңгілік Ел» тарихи-этномәдени мемо­риалдық кешенін салу қолға алынбақ.

Ұрпақ алмасқанмен, ұлттық рух, ұлтқа адал еңбек еткен тұлғалар өлмеуі тиіс. Қайта жаңғырып, ел аузында жатталып қалса, солардың ұрпағының ізденісі деп білген жөн. Ал, Кет Бұқа бабаның есімін жас буынға дәріптеу – ұлы істердің бірі. Жас ұрпақ сол істен тәбәрік алса игі.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.