Қалалық сотта жаңа судьялар

20140228-04-1-1Дүйсенбі күні қалалық соттың ғимаратында Қарағанды облыстық сотының судьясы Наурызбай Бесембаевтың қатысуымен жиын өткізіліп, онда Сәтбаев қалалық сотының судьялары лауазымына тағайындалған Динара Рахимберлина мен Жақсыбек Скаков көпшілікке таныстырылды. Бұл тағайындаулар Президенттің 2014 жылғы 18 ақпандағы «Қазақстан Республикасы соттарының төрағаларын, сот алқалары төрағалары мен судьяларын қызметке тағайындау және одан босату туралы» №754 Жарлығына сәйкес жүзеге асырылды. Жиынға қалалық соттың төрағасы Руслан Мұқатаев, әкім орынбасарының міндетін атқарушы Серік Имамбай, судьялар, құқық қорғау органдарының өкілдері және сот қызметкерлері қатысты.

Сәтбаев қаласына арнайы іссапармен келген Наурызбай Бесембаев жаңадан тағайындалған судьялардың іс-тәжірибесі мол, білімі мен біліктілігі жеткілікті маман екендіктерін айтып, олардың өмірбаянына қысқаша тоқталды.

– Рахимберлина Динара Үсенқызы 1980 жылы 18 қарашада Қарағанды қаласында дүниеге келген. 2001 жылы «Бизнес, Басқарма және Құқық» Қарағанды университетін, 2009 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының сот төрелігі институтын бітірген. Жалпы еңбек өтілі 12 жыл. Динара Рахимберлина сот жүйесіндегі өз еңбек жолын 2002 жылдың маусым айында Қарағанды облысы сот актілерін орындау Департаментінің Октябрь аумақтық бөлімінің сот орындаушысы қызметінен бастаған. 2012-2013 жылдар аралығында ҚР ӘМ сот актілерін орындау комитетінің басқармасында бас сарапшы лауазымын атқарды.

Скаков Жақсыбек Ғабдуллович 1982 жылы 1 қаңтарда Теміртау қаласында дүниеге келген. 1999 жылы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік Университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек өтілі – 10 жыл. 2004-2007 жылдар аралығында Қарағанды облысының Бұқар жырау аудандық сотында бас маман-сот мәжілісінің хатшысы, 2007-2009 жылдары Қарағанды облыстық сотында бас маман қызметтерін атқарған. 2009 жылдың қазан айынан 2011 жылдың шілде айына дейін Балқаш қалалық сотында кеңсе жетекшісі, 2011-2014 жылдары Қарағанды облыстық адвокаттар коллегиясының адвокаты болып жұмыс істеді, – деп таныстырған Наурызбай Беркенұлы, жас судьяларды құттықтап, өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруларына тілектестігін білдірді.

Өз кезегінде қала әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Серік Имамбай жаңа қызметке кіріскелі отырған судьяларға жемісті еңбек тілеп, құқық қорғау саласында бірігіп еңбек етуге шақырды.

Марал Шахаева. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.