Мүшәйрада мерейі үстем болды

Қазақ халқының біртуар ұлы, жауынгер-жазушы Бауыржан Момышұлына биыл 100 жыл толып отыр.

Батырдың туған жері ежелгі Тараз жерінде осы меретойға орай біраз мәдени шаралар өткізілді: республика театрларының байқауы, патриоттық әндер мен бата жазу өнер сайыстары өтті. Қалың оқырман қауым қолына Бауыржан Момышұлы жайында тың кітаптар тиді.Тағы бір елеулі іс-шаралардың бірі – биылғы жылдың 1 сәуірінен жарияланған «Бауыржанды жырлаймын» атты жас ақындардың республикалық мүшәйрасы болды. Мүшәйраға еліміздің түкпір-түкпірінен 18-35 жас шамасы аралығындағы талантты ақындар қатысты.

24 қыркүйекте Тараз қаласында Жамбыл облысының әкімдігі мен мәдениет және тілдерді дамыту Департаменті ұйымдастырған мүшәйра жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Осы мүшәйраға қатысқан Сәтбаев қаласының №19 Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің ұстазы Дәуренбек Бұланбаевтың мерейі үстем болды. Дәуренбек мүшәйраның қорытындысы бойынша ІІІ-дәрежелі Дипломмен және Бауыржан батыр жайындағы естелік кітаппен марапатталды. Айта кету керек, сәтбаевтық талантты жас ақынымыз республикалық мүшәйрада жалғыз өзі Қарағанды облысының намысын қорғап, жүлделі оралды.

Дәуренбек осы өнер сайысында әділқазылар алқасының мүшелері, қазақтың дүлдүл ақындары Қадыр Мырза Әлі, Күләш Ахметова, Ғалым Жайлыбай, соңғы кезде аты шығып жүрген талантты жас ақын Маралтай Райымбектің жоғары бағаларына ие болды. Қазақ поэзиясының ақсақалы Тұманбай Молдағалиевтың жас ақындарға бағыштаған батасын қабыл алды. Қазақтың басқа да өнер саңлақтарымен жүздесті.

Қаламызда Дәуренбек Бұланбаев ұстаздар ұжымы мен өнерсүйгіш қауым арасында кең танымал. Ол – жоғары білім ордасын тәмәмдағаннан бері 12 жыл бойы №19 мектепте шәкірттерге қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс беріп келеді. 2009 жылы «Жыл мұғалімі» атағына ие болды. Қаладағы және аймағымыздағы ақындар сайысында жүлделі орындардан көрініп жүр. Биылғы жылы Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай өткізілген облыстық мүшәйрада І-орынды иемденді. Еңді, міне, республикалық мүшәйрада мерейі үстем болды.

Газеттің осы бетінде аталған ақындар сайысында үздік атанған Дәуренбектің Бауыржан батырға арнаған өлең жырын сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Өз тарапымыздан сәтбаевтық талантты ақынымызға шығармашылық шабыт пен табыс, ұстаздық жолына жемісті еңбек тілейміз.

Мәди Әлжаппаров.

Комментарии закрыты.