Жасөспірімдер мәселесіне арналды

Сәтбаев қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мүшелерінің ұйымдастыруымен №25 орта мектепте кәмелетке толмаған балалар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында қалалық кездесу ұйымдастырылды.

Мінез құлқы қиын балалардың қатысуымен өткен шараға Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасарының міндетін атқарушы, осы комиссия төрағасы С.Имамбай, қалалық мәслихаттың хатшысы Т.Хмилярчук, Сәтбаев қалалық Ішкі істер бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Ж.Жақаев және қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ш.Жанасылова қатысты. Сондай-ақ шараға атсалысқан мектеп басшылары, жастар бастамашылдығы орталығының өкілдері, қалалық емхана жанындағы салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары, заң органдарының қызметкерлері, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі топ қызметкерлері қоғамның маңызды мәселесі болып отырған жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық турасында өз ойларымен бөлісті.

Іс-шара аясында №25 орта мектептің үгіт-насихат тобы заң шеңберінде әрекет етудің маңызын түсіндіріп, жастарды жауапкершілікке үндеді. Мектеп оқушыларына нашақорлықтың алдын алу бағытында бейнебаян көрсетіліп, ішкілікке салыну, темекі шегудің зардаптары түсіндірілді. Психолог-мамандар балалар арасында түрлі психологиялық треннингтер өткізіп, қоғамда тұлға болып қалыптасудың қыр-сыры бойынша кеңестерін берді.

Тәрбиесі қиын жасөспірімдерді түрлі қылмыстардан алдын алу бағытында осындай мазмұндағы кездесулермен қатар, қараусыз жүрген жасөспірімдерді анықтау мақсатында «Балалар түнгі қалада», «Нашақорлыққа жол жоқ» атты жедел алдын алу шаралары, түнгі рейдтер жүйелі ұйымдастырылуда.

Сәтбаев қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Комментарии закрыты.