Басты назарда – жастар денсаулығы

20140307-07-1Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен жүзеге асқан еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында «Балалар мен жасөспірімдердің арасында салауатты өмір салтын насихаттау, олардың психологиялық денсаулықтарын қалыптастыру мақсатында жастар үшiн анонимдiк консультациялар орталықтарын жетілдіру және психоәлеуметтік қолдау жүйесін дамыту қажет» делінген. Осы орайда жастармен жұмыс істеудің негізгі бағыттарының бірі денсаулық сақтау орталықтарын ашу болып табылады. Сәтбаев қаласының емханасында осындай орталық 2011 жылдан бастап жұмыс атқаруда. «Сенім» деп аталатын бұл медициналық жастар орталығының қызметі жайлы бізге оны басқарып отырған орта буынды медбике Мөлдір Имамбаева айтып берген еді.

– Күйзеліске түскен жасөспірімдерге біздің орталықта медициналық көмекпен қоса, әлеуметтік, психологиялық және заңдық консультациялар көрсетіледі. Мұндағы заңгердің, әлеуметтік қызметкердің міндеті – жастардың бойындағы сенімсіздікті, қорқынышты жою, олардың санасына өз денсаулықтарына өздері жауапты екендіктерін жете сіңіру. Орталыққа келгендер бастарына түскен ауыртпашылықтан шығу жолдарын үйренеді, мамандардан ақыл-кеңес алады.

Өткен жылы барлығы 2637 жасөспірімге жан-жақты медициналық көмек көрсетілді, 191 семинар-тренинг өткізіліп, 301 лекция оқылды. Жоспарға сәйкес, салауатты өмір салтын ұстануға насихаттайтын бейнефильмдер, дөңгелек үстелдер мен конференциялар ұйымдастырылды. Әр түрлі аурулардың алдын алу тақырыбында 494 анкеталар жүргізіліп, 2997 дана буклеттер мен плакаттар таратылды. Сонымен қатар, қалалық жастар одағымен бірлесіп бірнеше рет «Есірткіге жол жоқ!» тақырыбында флеш-моб, акциялар өткізілді. Бұл іс-шаралардың барлығын біз қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімімен келісе отырып жүргіземіз.

Соңғы он жылдың ішінде басқа елдердегі сияқты біздің елімізде де жастардың жыныстық әдебі күрт өзгерді, бұл – қалаусыз жүктілік, жыныстық жолмен берілетін жұқпалы аурулар сияқты келеңсіз мәселелер. Әлемдік көрсеткіштерге сүйенсек, жасөспірімдер арасындағы жасанды түсік жасатудың деңгейі біздің елімізде дамыған елдермен салыстырғанда ондаған есе артық. Сондықтан қазіргі уақытта біздің негізгі жұмысымыз қыз балаларды бұл қауіптен барынша сақтауға, оларға кәсіби дәріс беруге бағытталған. Осыған байланысты өткен жылы 217 қыз баланың акушер-гинекологқа көрініп, кеңес алуына ықпал жасадық. Айта кететін жайт, бізде өз ісіне білікті жоғарғы, бірінші санатты акушер-гинеколог, психолог, нарколог, уролог, дермовенеролог мамандарынан ақысыз, кешенді ем алып, түрлі диагностикалық зерттеулерден өтуге болады, – дейді Мөлдір Имамбаева.

Бүгінгі күні жастардың денсаулық сақтау орталықтарының қызметі өзінің тиімділігін және жасөспірімдермен жұмыс жасауда қажеттілігін дәлелдеп отыр. Сондықтан мұндай орталықтар болашақта да көптеген сырқаттардың алдын алуға әрі жастардың арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға зор үлес қосары сөзсіз.

Жазып алған Марал Шахаева. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.