Бірлесіп атқарар жұмыс жеткілікті

Өткен жетіде Сәтбаев қалалық ішкі істер бөлімінде өзекті мәселе бойынша алқалы жиын болып өтті. Бұл басқосуға қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Ш.Қ.Жанасылова, қалалық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі А.Б.Каримов, қала қала мектептерінің директорлары, әлеуметтік педагогтар, мектеп инспекторлары мен ішкі істер бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі топ инспекторлары қатысты.Жиында Сәтбаев қалалық ішкі істер бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі тобының (КТІЖТ) 2010 жылдың 8 айында атқарылған алдын алу жұмыстарының қорытындысы бойынша КТІЖ тобының аға инспекторы, полиция капитаны Г.Жалмурзинова анықтамалық ақпарат берді.

Биылғы жылдың 8 айында кәмелетке толмаған жасөспірімдер 14 қылмыс жасаған. 2009 жылы осындай мерзімде 21 қылмыс болған еді. Яғни, жасөспірімдер арасындағы қылмыс 40 пайызға төмендеген.

Негізінен, заң бұзушы жасөспірімдер тонау, автокөлік ұрлау, ұрлық жасау, алаяқтық, бұзақылық сияқты қылмыс түрлеріне барған.

КТІЖТ есебіне 171 адам есепке алынды, оған 79 жасөспірім, 92 жайсыз отбастары кіріп отыр. КТІЖ тобының инспекторлары қамқоршылық және қадағаушылық бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп, бала тәрбиесімен айналыспағаны үшін 7 ата-ананың үстінен жиналған іс-құжаттары сотта қаратылып, 3 азаматша, сондай-ақ, кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау комиссиясында 1 азаматша да аналық құқығынан айырылды.

Жасөспірімдер арасында тәртіп бұзушылықты болдырмау мақсатында «Жасөспірім», «Нашақорлыққа жол жоқ», «Түнгі қаладағы балалар тәртібі», «Отбасы және мектеп» сияқты акциялар, басқа да, жалпы 17 іс-шаралар жүргізілді.Осы шараларды өткізу барысында орта және кәсіптік мектептерде КТІЖ тобының инспекторлары, басқа да құзырлы мекемелер қызметкерлері, мектеп оқушылары мен ата-аналар комитетімен бірлесіп, қылмыстық және әкімшілік Кодекстерінің баптарын түсіндіру мақсатында алдын алу жұмыстары ұйымдастырылды.

КТІЖТ инспекторлары мектеп ұстаздарымен бірлесіп рейдтік жұмыстарды да жүргізіп отырады. Ондай рейдтік іс-шаралар есепте тұрған жасөспірімдер мен тұрмысы нашар отбастарының мекенжайларына бару, шағын кафе-бар, компьютер ойындарын қадағалау мақсатында жүргізіледі. Әкімшілік Кодекстің жаңа баптарына сәйкес, кешкі сағат 22.00-ден кейін көңіл-күй көтеретін орындарда жүрген жасөспірімдер анықталды. Мысалы, «Коллизей», «Алтын Орда» түнгі демалыс орындарының әкімшіліктеріне осы баптарды бұзғаны үшін құжаттар жиналып, сот шешімі бойынша 7025 теңге айыппұл салынды. Сонымен бірге, әкімшілік Кодексінің бабына сай, сауда орындарында кәмелетке толмағандарға алкогольдік ішімдік және темекі сатқандары анықталып, сот арқылы айыппұл салынды.

Жиында қаланың білім саласының бастығы мен ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары жасөспірімдер арасында болып жатқан келеңсіз оқиғаларға алаңдауда екендерін білдірді.

Мектеп оқушылары арасында соңғы кезде сабақтан кейін ұрып кету, ақша, ұялы телефонды бопсалау фактілерінің жиілеп кеткені алаңдатады. Сонымен бірге, компьютерлік залдарда кездесіп қалатын келеңсіз жағдайлар, сауда орындарының түннен таңғы уақытқа дейін арақ, шылым сататыны да жасөспірімдерге кері әсерін тигізеді. Әрине, отбасындағы тәрбиенің де жастарға ықпалы мол. Бала тәрбиесімен айналыспайтын, жұмыс істемей ішімдікке салынған ата-аналардан жасөспірім қандай тәлім-тәрбие алмақ?!

Рейд кезінде анықталғандай, мұндай ата-аналардың тұрып жатқан баспаналары адам жиіркенетін халде болады, балаға ешқандай жағдай жасалмайды. Осындай отбасыларына қолданылатын шаралар қатаң да тиімді болуы керек.

Жасөспірімді қылмыстық ортаға итермелемей, оны сол ортадан арашалап алу, болашағына пайдалы іске тарту – отбасының да, мектептің де, қоғамның да міндеті.

Жиынға қатысқандар бірігіп жұмыс жасасақ, жасөспірім тәрбиесіндегі келеңсіз жағдайларды болдырмауға болатынын айтты. Қазіргі өскелең ұрпақтың басты міндеті – білім алу. Ал, сапалы білімділікке үлгілі тәрбие арқылы жетуге болады.

Мәди Әлжаппаров.

Комментарии закрыты.