ШУАҚ ШАШҚАН ЖАН

20140307-02-2Сәтбаев қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мүмкіндігі шектеулі балаларға үйде қызмет көрсету бөлімшесінің меңгерушісі Гүлназия Мансурованы осылай деп әспеттесек әсте артық емес. Осы салада он бес жыл үздіксіз еңбек етіп келе жатқан оны қамқорлыққа мұқтаж қай жан болмасын асыға күтіп отырады. Үлкендері туған қызындай, кішілері туған бауырындай көреді.

Кешегі, өкімет құлап, балапан – басына, тұрымтай тұсына күн кешу заман басталғанда кісінің көмегі мен қамқорлығына зәру жас та, жасамыш та қоғамнан тысқары қалып қоя жаздады. Жалғызілікті жандардың қатары көбейе бастады. Міне, осы алмағайып тұста жергілікті жерлерде әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің жанынан жалғызілікті қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға үйде қызмет көрсету бөлімшелері ашыла бастады. Гүлназия Мансурова да қаламызда осындай бөлімшені ашып, оның жұмысын жетілдіруге үлес қосқан жандардың бір.

– Тоқсаныншы жылдары біздің қаламызда да халықтың мұқтаж бөлігіне үйде қызмет көрсету бөлімі ашылды. 1999 жылы мен осы бөлімшеге қатардағы әлеуметтік қызметкер болып келдім. Ол кезде қалада 160-тай жалғызілікті жан есепте тұрады екен. Кейін олардың қатары екі жүзден аса бастады да, біз екі топ құруға мәжбүр болдық. Сол кездегі Сәтбаев қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы марқұм Азамат Елеуов мені осы бөлімшеге меңгеруші етіп тағайындады. Содан бері осы салада табан аудармай еңбек етіп келемін, – дейді Гүлекең бізбен әңгімесінде.

Гүлназия Мансурова бөлімшеде есепте тұратын әрбір жанға ерекше ілтипатпен қарайды. Олардың сұраныстары мен талаптарына аса жауапкершілік танытады. Қамқорлығы мен жүрек жылуы өз алдына. Бөлімше қызметкерлеріне де осындай талап қояды. Сондықтан да болар, жалғызілікті қарттар ең әуелі Гүлназия Мансурқызын іздеп, мұңы мен мұқтажын соған жеткізуге асығады.

Маңайындағыларға шуақ шашып, жүрек жылуымен бөлеп жүретін жанды бөлім басшылары 2010 жылы мүмкіндігі шектеулі балаларға үйде қызмет ететін бөлімшеге басшы етіп қойды. Ол бұл жұмысты да ұршықша иіріп әкетті. Бүгінде 130 бала осы бөлімшенің қызметін көруде. Олардың ата-аналары бөлімше қызметкерлерінің жұмысына дән риза. Ал, осының бәрін Гүлназия Мансурова үйлестіріп отыр.

Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, қай жұмысты да жүргізіп әкетуге қабілет-қарымы жететін Гүлназия Мансурқызын әріптестері де үлкен құрмет тұтады. Жас мамандардың қай-қайсы болмасын одан білмегендерін сұрап, өзіне тәлімгер тұтады.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.