Үйді де, түзді де үлгерткен

20140307-02-3Әке – отбасының тірегі болса, ана – шаңырақтың жүрегі. Тіршілікке сән берген де ана ғой. Отағасын, баласын бар байлықтан жоғары қоятын қазақтың асыл аналарының қатарында әңгіме кейіпкері де бар.

Бибісара Баекенова отыз жылдан аса Сәтбаев қалалық Салық басқармасында табан аудармай еңбек етіп келеді. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Бибісара Назымбекқызымен жолығып, сыр суыртпақтаған едік.

Жезқазған кентінде дүниеге келіп, №7 орта мектепте білім алды. Қыз бала болса да әкесі Назымбек ақсақалды үлгі тұтып өсті. Әкесі геология саласының білгір маманы, еліміздің алғашқы Құрметті геологтарының бірі болды.

– Мені әу баста математика, есеп-қисап қызықтырды. Отбасында жеті бала болдық. Әкеміз қалаған оқуымызға түсіп, білім игеруге үнемі қолдау көрсетіп отырды. Мектепті бітірген жылы Жезқазған педагогикалық институтының математика факультетіне оқуға түстім. Одан кейін Алматыдағы халық шаруашылығы институтын экономика мамандығы бойынша тәмамадап келіп, 1983 жылдан бастап қаржы саласында еңбек етудемін. Алғашқы жылдары қаржы бөлімінде қызмет еттім. 1990 жылы салық комитеті құрылып, бөлек енші алды. Қайта құрылу, жандану сатыларынан өткен бұл салада мол тәжірибе жинақтадық. Қазіргі күні Салық басқармасына келген жас мамандарға жол сілтеп, мамандықтың қыр-сырына баулып отырмын.

Әрине, адамды адам еткен еңбек болса, оны бақытты ететін отбасы, бала-шағасы ғой. Отағасы Бауыржан екеуміз Ақмаржан, Сырым, Ақерке есімді үш бала тәрбиелеп, өсірдік. Ақмаржан мен Сырымымыздан немерелердің тәтті қылығын қызықтап жүріп жатырмыз. Сырым №67 шахтада учаске басшысы болса, келініміз Жанна қазынашылық бөлімде еңбек етеді. Ал, кіші қызымыз Ақерке Қарағанды медициналық университетінде студент.

Бұл өмірде ана үшін баланың қуанышынан артық бақыт жоқ. Ендігі үмітіміз – немерелеріміз. Солар ер жетіп, есейіп, қызықтарына кенелтсе не арман бар?

Кейде жақын-жуықтар, таныстар сұрап жатады «қаншама есеп-қисаптың, қағаздың арасында жүріп қалай үй шаруашылығына үлгересіз» деп. Әлбетте, затыңды әйел етіп жаратқан соң, барлығына да үлгеруге тырысасың. Шаңырағыңа қонақ келіп жатса, оны риза етіп, алғысын алғанның жөні бөлек. «Келіннің бір сырласы – енесі жақсы болса» демекші, көбіне көп енемнің ақыл кеңесіне құлақ түремін.

Ол кісі келіндерін өзінің қыздарындай көріп, өмірден жинақтаған тәжірибесімен бөлісуден еш жалыққан емес. Мен де келініме енемнен үйренгендерімді айтып, түсіндіріп отырамын – дейді жарқын жүзді, ақ көңіл Бибісара Назымбекқызы.

Ол отбасында ардақты ана болумен қатар, еңбек ұжымында да сыйлы жан. Өз қатарластары оны білгір маман десе, жастар жағы үлгі тұтарлық ұстаз деп қарайды.

Отыз жыл бір салада еңбек еткен Бибісара Назымбекқызы әр жылдары алған марапаттарын еңбегінің жемісі деп бағалайды.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.