Жүйріктен жүйрік озған күн

Газетімізде бұдан бұрын хабарланғандай, ақпан айының 27-сі мен наурыз айының 1-і аралығында Жезқазған қаласында халық шығармашылығы мен көркемөнерпаздар өнерінің ХХІV аймақтық «Ұлытау үні» фестивалі болып өтті. Оған Қарағанды, Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Жәйрем кентінен, Бұқар жырау, Шет, Жаңаарқа, Ұлытау аудандарынан өнерді серік еткен өрендер қатысты. Фестивальдің шымылдығы бейсенбі, 27 ақпан күні Жезқазған қаласындағы Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде салтанатты жиынмен ашылды.

20140307-12-1-1

Жалпы, аталмыш өнер додасы сонау тоқсаныншы жылдан бері аймағымызда дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Келер жылы оның шымылдығының түрілгеніне ширек ғасыр уақыт толмақ. Алғашқы күннен бастап жұртшылықтың жүрек түкпірінен орын тепкен бұл өнер мерекесін өңір жұртшылығы жыл сайын асыға күтеді. Биыл фестиваль Жезқазған қаласының 60 жылдығы мен ақын Тайжан Қалмағамбетовтың туғанына 135 жыл толған мерейтойларға негізделіп ұйымдастырылды.

20140307-12-1-320140307-12-1-2Өнер мерекесінің ашылу салтанатында қалыптасқан дәстүрге сай фестивальдің туы сахна төріне әкелінді. Бұл құрметті рәсімге «Құрмет» орденінің иегері, С. Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалы драма театрының әртісі Райхан Ыбыраева, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегерлері Зәуреш Омарова мен Дүйсен Кенжеев ие болды.

Салтанатта Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Аханов пен Сәтбаев қаласы әкімі орынбасарының м.а. Серік Имамбай сөз сөйлеп, қанаттас жатқан қос қала әкімдері мен қалың жұртшылығы атынан кеш қонақтарын өнер мерекесінің ашылу салтанатымен құттықтап, өнерлі өрендерге сәттілік тіледі.

«Ұлытау үні» фестивалінің негізгі мақсаты – халық шығармашылығы мен көркемөнерпаздар өнерін насихаттау, жас дарындарды қолдау. Қазір өңіріміздегі өнер әлемінде жүрген талай өнерпаздар осы «Ұлытау үнінің» шекпенінен шыққандары шындық. Солардың қатарында біздің кеншілер қаласының жас өнерпаздары да аз емес. Мәселен, өткен жылы ғана Салтанат Серкебаева осы өнер байқауының бас жүлдесін жеңіп алды. Биыл ол өнер мерекесінің ашылу салтанатына мейман ретінде қатысып, өз репертуарынан тамаша бір әнді шашу ретінде шырқады.

Фестивальдің екінші күні Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайының көрме залында ашылған суретші, дизайнер Зейнолғабдин Мұхамединнің «Арнау» деп аталатын жеке көрмесімен басталды. (Көрме жайында газетіміздің алдағы санында кеңінен әңгімелейтін боламыз).

Сол күні сәске ауа Серке Қожамқұлов атындағы театрда ақын Тайжан Қалмағамбетовтың 135 жылдығына арналған дәстүрлі әндер орындаушылардың  ІІ байқауы өтті. Араға он жыл салып барып жалауын тіккен бұл байқауға әрісі Қарағанды қаласы мен Бұқар жырау, Шет аудандарынан, берісі Жаңаарқа, Ұлытау аудандарынан және қанаттас жатқан қос қала – Жезқазған мен Сәтбаевтан жиырма жезтаңдай әнші қатысты. Ал, «араға он жыл салып» деп отырғанымыз, осыдан он жыл бұрын, яғни, Тайжан ақынның туғанына 125 жыл толу мерейтойына орай ақының әндерін насихаттаушылардың ұйытқы болуымен осы «Ұлытау үні» фестивалі аясында дәстүрлі әндер орындаушылардың Тайжан Қалмағамбетов атындағы І байқауы өткен болатын.

Кезінде қолындағы сырнайын сақ-сақ күлгізіп, домбырасын бебеулетіп, аспандағы аққуға үн қосқан Тайжан ақынның мұрасы халқымыздың асыл қазыналарының бірі. Қазақтың сал-серілік дәстүрінің мектебінде тәрбиеленіп өскен Тайжан ақын артына өшпес мұра қалдырды. Бүгін сол асыл қазыналармен қайта қауышып жатырмыз. Ал, оған осы байқауға қатысқан дәстүрлі ән  орындаушы жас өнерпаздар дәнекер болуда.

Байқау салтанатты түрде ашылды. Оның ашылу рәсімінде Жезқазған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Нұрлыбаева мен Қарағанды облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығының директоры Кагиза Сәдуақасова сөз сөйлеп, өнер сүйер қауымды мерекелерімен құттықтап, өрендерге сәттілік тіледі.

Өнер байқауы екі бөлімнен тұрды. Оның бірінші бөлімінде үміткерлер Тайжан Қалмағамбетовтың әндерін орындады. Осылардың ішінен үздік шыққан тоғыз әнші екінші бөлімге жолдама алды. Бұл тоғыздың ішінен топ жарған жаңаарқалық әнші Қасиет Қамиев пен жезділік жезтаңдай әнші Саян Райымбек ІІІ орынды, Шет ауданынан келген шебер әнші Ерқанат Күшенов ІІ орынды, қарағандылық әнші Алуа Қалымбетова І орынды иемденді. Ал, бас жүлде Қарағанды қаласынан келген күміс көмей әнші Әнуар Адамбаевтың қанжығасына байланды. Мұның сыртында жаңаарқалық Фархат Жәкіш «Шынболат атындағы», жезқазғандық әншілер Толқынай Мұханбетжан «Болман атындағы», Әсем Тұрар «Жақсыкелді Сейілов атындағы», Жаннұр Мұсылманбек Т.Қалмағамбетов атындағы филармонияның арнайы сыйлықтарымен марапатталды.

Орайы келгенде айта кетейік, шынайы өнердің шын бағасын көрермен береді ғой. Байқау барысында әншілердің аяқ алысын байқап, «тұлпар болар атты тайынан таныған» өнер жанашыры Елдос Түсіп жаңаарқалық жас әнші Фархат Жәкішке өз қалтасынан ақшалай сыйлық жасады. Мұның өзі біздің халқымыздың дәстүрлі әндерді қаншалықты бағалай білетінін бағамдаса керек.

Осы күні кешкі сағат алтыда Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде «Жұлдыз – 2014» жас эстрадалық ән орындаушылар мен шоу бағдарламаларды жүргізушілердің байқауы шымылдығын ашты. Оған Жезқазған, Сәтбаев қалаларының, Ұлытау, Жаңаарқа, Шет аудандары мен Жәйрем кентінің 24 үкілі үміттері қатысты. Оның 16-сы эстрадалық әндер орындаудан, 8-і шоу бағдарламалар жүргізуден сынға түсті.

Бұл байқау да екі бөлімнен тұрды. Байқау негізінен «Әнім сенсің, туған ел» деген атпен өткендіктен, бірінші бөлімде үміткерлер туған жер, ел, отан туралы патриоттық рухтағы әндер орындаса, екінші бөлімде өздері таңдаған еркін тақырыптағы эстрадалық әндерді шырқады.

«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын…», демекші, бұл байқауда әншілер талғамы жоғары қазылар алқасын өз өнерлеріне тәнті етуге тырысты. Әйтсе де ең жүйрік деген сегіз әнші ғана екінші айналымға жолдама ала алды.

Бұл байқаудың тағы бір ерекшелігі – эстрадалық ән орындаушылар мен шоу бағдарламаларды жүргізушілер сынға бірге түсіп отырды. Яғни, «шоумендер» эстрада әндерін орындаушыларды тыңдармандарға таныстыру шеберліктерін көрсетсе, әншілер өнерімен бағаланды.

Байқау қорытындысында «шоумендер» арасында жезділік Саян Райымбек ІІІ орынды, жезқазғандықтар Қанат Мусин ІІ, Арман Кенжебек І орынды иемденді. Ал, эстрадалық әндерді орындау байқауында бас жүлде жезқазғандық жезтаңдай әнші Самат Шоновтың еншісіне тиді. Бірінші орынды Ақадыр кентінен келген әнші қыз Әнел Мақсұтова қанжығасына байлады. Екінші жүлделі орын кеншілер қаласының кермаралы Ақмоншақ Махамбетке бұйырды. Ал, жүлделі үшінші орынды жәйремдік Әйгерім Тұңғышбекова мен жезқазғандық Алғыс Урманов өзара бөлісті.

Мұның сыртында сәтбаевтық әнші қыз Ақбота Қанат «Сахна шебері», ұлытаулық ұлан Сейілбек Назарбек «Үкілі үміт», жезқазғандық Индира Асайынова «Көрермен көзайымы» номинацияларына ие болды.

Сенбі, 1 наурыз күні «Ұлытау үні» фестивалі Серке театрында өткен журналист, ақын, сатирик Базарбай Әлеуханұлының «Қолымда менің қалам бар» атты шығармашылық кешімен қорытындыланды.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.