Есірткіге қарсы іс-шара

Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы әрекет жасау мақсатында үстіміздегі жылдың 28 ақпанында «Есірткісіз қала» қозғалысы аясында «Сәтбаев қаласы – есірткісіз қала!» атты жедел-профилактикалық шара өткізілді.

Аталмыш шара Сәтбаев қаласының әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның жұмыс жоспарына сәйкес ұйымдастырылды. Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың, есірткі және психоактивті заттарды қолданудың алдын алу, қадағалаусыз және панасыз жүрген оқушыларды анықтау мақсатында өткен рейдтік шараға қала әкімінің орынбасары міндетін атқарушы, әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияның төрағасы С.Имамбай бастаған комиссия мүшелері, қалалық мәслихат хатшысы Т.Хмилярчук және депутат өкілдері, ішкі істер бөлімінің ювенальды полиция инспекторлары, білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қызметкерлері мен мамандары қатысты. Рейдтік шара барысында қаламыздағы кешкі және түнгі уақытта көңіл көтеретін орындар, сауда нүктелері, компьютерлік салондар, есепте тұрған балалар мекен-жайлары бойынша тексерілді. – Бір күндік рейдтік шара аясында психотропты заттарды пайдаланатын жасөспірімдер анықталған жоқ, бірақ, бұл түрлі психотропты заттарды пайдаланатын жасөспірімдер мүлдем жоқ дегенді білдірмейді. Рейдтік шараға атсалысқан барлығымыз бірлесе отырып жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықты төмендету, оларды жаман әдеттерден жирендіру бағытында жүйелі түрде жұмыс жүргізе бермекпіз, – дейді қала әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның жауапты хатшысы Гүлсана Жақыпова.

Жалпы, 25-28 ақпан аралығында Сәтбаев қаласында «Есірткісіз қала» қозғалысы аясында білім беру мекемелерінде нашақорлықтың алдын алуға бағытталған ақпараттық лекциялар, ашық тәрбиелік сағаттар, нарколог-мамандармен кездесулер, сондай-ақ, түрлі сурет және шығармалар байқаулары, жастар акциясы, әкелер кеңесінің отырысы, спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Іс-шаралар шеңберінде жаман әдеттерден бойды аулақ салу насихатталып, салауатты өмір салты дәріптелді.

Сәтбаев қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Комментарии закрыты.