Ашық әңгіме алаңы

20140314-04-2Бүгінгі таңда республика көлемінде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасындағы өзекті мәселелерді шешу, олардың жолын қарастыру жұмыстары жүргізілуде. Жастарды қолдауға негізделген бұл тұжырымдама бойынша қалалық жастар ресурстық орталығы ауқымды шараларды жүзеге асырып, межелі міндеттерді жолға қойып отыр.

Еліміздің түкпір-түкпірінде жастардың мәселелерін шешуге, оларды ашық алаңға шақырып, толғандырып жүрген жайттарды біріге қарастыру мақсатында қызмет жасап келген жастар бастамашылдығы орталығы енді өз қызметін жаңа бағытта жүргізбек.

Бұл жаңашылдықтан қалалық жастар бастамашылдығы орталығы да тыс қалмай, жастар ресурстық орталығы болып қайта құрылды.

Жақында осы орталық жанынан орта арнайы оқу орындарындағы жастар ісі жөніндегі комитет өз жұмысын бастады.

Бұл комитетке технологиялық, индустриалдық және «Денсаулық» колледжінің студенттері мүше болып кірді.

Комитеттің құрылудағы негізгі мақсаты – жастарға кеңес беру, әлеуметтік қолдау және патриоттық тәрбиеге баулу. Студент жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру, түйткілді мәселелер туындаған жағдайда орталық мамандарымен біріге жұмыс атқару.

– Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Жас Отан» Жастар қанатының ІІ съезінде еліміз бойынша жастар ресурстық орталығын құруды және оның қызметін жетілдіруді тапсырған болатын.

Былтырғы жылы Павлодар мен Қарағанды қалаларында өткен жиындарда осы бастама қолдау тапты. Орталықтың жастармен тығыз жұмыс жасауы үшін арнайы тұжырымдамалар қабылданды.

Жаңа атауға ие болып, жаңа бағытта жұмыс атқаруға кіріскен орталық ендігі жерде жастардың мүдделерін қорғайтын ашық әңгіме алаңына айналмақ, – дейді орталық директоры Н.Наурызбаев.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.