Қылқалам шебері

Өткен аптада Жезқазған қаласында дәстүрлі «Ұлытау үні» фестивалі болып өтті. Жиырма төртінші рет жалауын көтерген бұл өнер мерекесі Жезқазған қаласының 60 жылдық мерейтойына орайластырылып өткізілді. Сондықтан да фестивальда жезқазғандық дарын иелеріне көбірек орын берілді. Соның бірі – суретші, дизайнер Зейнолғабдин Мұхамединнің «Арнау» деп аталған жеке сурет көрмесі. Көрмені өнерсүйер қауым, оның ішінде қылқалам туындыларының тілін түсіне білетін жұртшылық арнайы барып тамашалады…

20140314-12-1-1

Сурет өнері түсіндіруді қажет етпейтін, «көзбен көріп, ішпен білетін» өнердің бір түрі екені белгілі. Бұл өнерді әркім өзінің дүниетанымы тұрғысынан әрқилы қабылдайтыны да сондықтан. Тарихы тереңде жатқан өнердің бұл түрі елімізде кеңінен өріс алып, жақсы дамы­ғаны белгілі. Қазақстанның кәсіби сурет мектебі Әбілхан Қастеевтің есімімен тығыз байланысты болса, одан бергі уақыт­та талай таланттар бұл өнерге өзіндік қолтаңбасымен қарыштай қадам басты. Солардың бірі – есімі Жезқазған–Ұлытау аймағына жақсы таныс суретші, дизайнер Зейнолғабдин Мұхамедин.

20140314-12-1-320140314-12-1-2Зекен Сейтқалиұлы Мұхамедин 1963 жылы шілде айында Қарағанды қаласында шахтердың отбасында дүниеге келіпті. Әкесі Сейтқали Зекенді өзінің жолын қуып, шахтер болса деп армандайтын. Бірақ…

– Әркімнің бала жастан бір арманы болады ғой. Мен де жасымда не хирург, не суретші болуды өзіме мақсат етіп қойдым. Шынымды айтсам, хирург болу әшейін еліктеу ме деп те ойлаймын. Өйткені, менің үлкен бауырларымның бәрі дәрігер, хирургтар еді. Ал, енді сурет салу қабілетімнің қайдан дарығанын білмеймін. Сірә, нағашылар жағынан қаныма сіңісті болса керек. Менің де нағашы әжем Дәмежен деген кісі он саусағынан өнер тамған шебер, ісмер кісі еді. Бала кезімде жазғы демалыста қаладан ауылға, әжемдердікіне келетінмін. Жастайымыздан санамызға ұлттық рухты сіңіріп өстік. Әжеме қолғабыс жасай жүріп, ұлттық қолөнердің қыр-сырын үйрендік. Соның бәрі бүгінгі ісіме үлгі болып отыр, – дейді Зекен біздің суретшілік қасиет қайдан қонды деген сауалымызға жауап ретінде.

Шынында да, «Үйдің жақсы болмағы – ағашынан, жігіттің жақсы болмағы – нағашыдан» дегенді бұрынғылар тегін айтпаған шығар. Нағашы әжесінің шеберлік қасиеті бұған суретшілік дарын болып дарымасына кім кепіл?

Әлі есінде. Алтыдан жаңа асқан кезі болатын. Әкесі Зекенді балалар демалатын лагерьге жіберді. Қолынан қарындашы мен қағазы түспейтін баланы вожатыйлар қызық көріп сурет салдыратын. Бірде лагерь бойынша сурет салудан жарыс өтетін болды. Бірнеше командаға бөлініп жарысты. Сол жолы вожатыйы Зекенге желкенді қайық салуды тапсырды. Әрі ойланып, бері ойланып, теңіз төрінде тербелген желкенді қайықты өзінше елестеткен бала Зекен тұтас лагерьді таң қалдырған сурет жазды. Оның түрлі-түсті қарындаштарынан шыққан желкенін жел керген, төсімен толқын жарған қайық пен сонау бір жағалауда жол сілтеп тұрған маяк шамның кескіні бір-бірімен үйлескені соншалық, көрген жан көз алмай қарады. Жас баланың дарыны сонда-ақ танылған еді.

… «Көрмеге соңғы екі жылда жасалған жұмыстарымды қойып отырмын. Негізгі тақырыптары – даланың хикметтері, дала құбылыс­тары. Туындыларымда адам­дар­дың тұрмыс-тіршіліктерін, қам-қарекет­терін аша түсуге тырыстым», – дейді суретші.

Зейнолғабдин Мұхамедин – қылқалам өнері­нің хас шебері. Оның суреткер­лік фан­тазия­­сы, қоршаған ортаны көре білу қасие­ті өзге суретшілерден бөлек. Қан­дай тақырыпты арқау етсе де, байыбына ба­рып, реңін кіргізіп, өңін ашады. Зейнолғабдин Мұхамединнің тақырыптары әр алуан. Ол бірде ауылдың тұнық кешін салса, бірде қоңырқай тірлікті, енді бірде өмір­­­­дің жарқын сәттерін бейне­лейді. Туындылардың атаулары да тартымды: «Аңыз», «Жидебай батыр», «Жақсыкелді Сейілов», «Алашахан», «Қысқы Ұлытау» болып жалғаса береді. Көп тақырыптар­дың іш­ін­де қазақтың біртуар азаматтарына арнал­ған портреттері де сәтті шыққан екен. Жалпы ал­ған­да, әрбір сурет өз тілінде үн қата­ды. Мән бере көз салсаңыз, қылқалам шеберінің өзімен тілдескендей боласыз. Ол өзінің көрген-білгенін, ойға түйген­дерін сурет арқылы жеткізген. Суреттері сөй­­леп тұр. Міне, шеберлік деп осыны айтуға болады! Асылында, суретші­лік өнердің шыңы да осы болуы керек – қолмен салған суретің әлдебір образды ашып, шынайы бейнені көрсете білуі тиіс. Әйтпесе, өнер – өнер бола ма? Зейолғабдин Мұхамединнің шығармашылығы, бір қарағанда, қарапайым болып көрінуі мүм­­кін, ал тереңіне бойлап, әрбір бояуға мән берсеңіз, бұлай жасау әркім­нің қолы­нан келе бермейтінін іштей мойындайсыз.

Сурет өнерінің ғажайып үлгісін, дара болмысын қалыптастырған Зейнолғабдин Мұхамедин шеберліктің шыңына шықса да, тал­май ізденіп, маңдай терін сылып тас­тап еңбек етуде.

– Алда сан алуан жоспар тұр. Ұлытау-Жезқазған өңірі тарихы тұнған аймақ қой. Осы өңірдегі тарихи оқиғаларды бейнелесем, Бұланты шайқасын жазсам, тарихи тұлғалардың суретін салсам, тіпті оны триптих етсем деген де арманым бар. Оның нәтижесін уақыт көрсете жатар, – дейді Зекен біздің «салсам деп армандап жүрген суреттерің бар ма?» деген сауалымызға.

Құптарлық ой. Шынында да, бізде сондай бір тарихи оқиғаларды бейнелейтін суреттер жоқтың қасы. Әсіресе орыстардың «Куликов шайқасы», «Александр Невский» сияқты ұрыс далаларының көріністері жоқ. Ал ондай туынды жазуға кешегі Жоңғар шапқыншылығының оқиғалары таптырмас тақырып болар еді. Зекеннің сондай дүниелерді өмірге әкелсем дегені құптарлық-ақ жайт. Сондай тамаша туындыларды жазып, салып, қалың көрерменге тарту етсе, ғанибет істің бірі болар еді.

Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.