Қос қуанышымен құттықтады

Әйелдердің халықаралық күнінде қала әкімі Әнуар Омар қалыптасқан дәстүр бойынша перзентханаға барып, көктемнің шуақты күні дүниеге сәби әкелген жас ананы қос қуанышымен құттықтады.

20140314-01-1-1

Наурыз айының 8 күні салмағы 3 келі 400 грамм болып жарық дүние есігін ашқан қыз баланың есімін ата-анасы Самира деп қойыпты. Руслан Оразбаев пен Қарлығаш Битабарованың бұл екінші балалары. Тұңғыш ұлдары Саматтың жасы қазір 13-те, сондықтан, Самира көп жылдан бері асыға күткен сәби болды.

Оразбаевтар отбасына деген өздерінің жылы лебіздерін жеткізуге қала басшысымен бірге әкім орынбасарының міндетін атқарушы Серік Имамбай мен әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Гүлмира Таңсықпаева да келді.

– Қарлығаш Жарылғасынқызы, сізді алдымен 8 наурыз мерекеңізбен және кішкентайыңызбен құттықтаймыз. Әкімдіктің атынан, қалалық мәслихаттың атынан дайындаған сыйлығымыз бар, қабыл алыңыз. Өзіңіздің төл мерекеңізде дүниеге келген нәрестенің бауы берік, өмір жасы ұзақ, бақытты болсын. Отбасыңызға береке-байлық, жақсылық тілейміз, – деген Әнуар Серікбайұлы жас анаға ақшалай сыйлық пен бала күтіміне қажетті жиынтықты табыс етті.

Өз кезегінде Қарлығаш Битабарова мерейлі мерекеге орай ерекше көңіл бөліп келген қала әкіміне алғысын білдірді.

Орталық аурухананың директоры Жомарт Ахановтың айтуынша, жалпы перзентханада ана мен балаға барлық жағдай жасалған және қазіргі уақытта ана мен сәбидің денсаулықтары жақсы.

Жылдың алғашқы екі айында перзентханада барлығы 89 нәресте өмірге келген болса, наурыз айының бүгінгі күніне дейін 17 сәби дүние есігін ашыпты.

Марал Шахаева. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.