Дамуға салынған даңғыл жол

Экономикасы қарқынды дамыған елдің әлеуметінің әлеуеті жақсарып, көздеген межесіне жету жолында еш кедергі болмасы анық. Қаңтар айында халыққа арнаған Жолдауында Елбасы Н.Ә.Назарбаев экономиканың жоғары технологиялық жаңа салаларын құру, ғылымды қаржыландыруды ішкі жалпы өнімнің 3 пайызынан кем емес деңгейге дейін арттыруға аса мән берілуі қажеттігін атап өтті.

«Еліміздің ішкі жалпы өнімінің энергия тұтыну ауқымын 2 есе азайту маңызды. Шағын және орта бизнес 2050 жылға қарай Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің қазіргі 20 пайызы орнына кемінде 50 пайызын өндіретін болады. Еңбек өнімділігін 5 есеге – қазіргі 24,5 мыңнан 126 мың долларға дейін арттыру керек» деді Елбасы.

Әрине, елді дамыту үшін қарқынды экономика қажет екені айтпаса да түсінікті. Алайда, әлемде құбылмалы экономикалық ахуал туындап тұрған сәтте бізге бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолында бір кісідей еңбек еткен жөн. Мәңгілік Ел идеясының айналасына топтасуды мұрат еткен еліміздің қарқынды, тұрақты дамуына тікелей қатысы бар экономиканы тұрақтандыру, ел халқына әлеуметтік қызмет көрсету сапасын арттыру сынды мәселелер Жолдаудан тыс қалмай, толығымен қамтылды.

Алдағы жеті бесжылдықтың бағыт-бағдарын көрсетіп, болашаққа даңғыл жол салған құжаттың әр тарауында көрсетілген бағдарламаларды жүзеге асыру қазақстандықтардың әрқайсының ортақ міндеті болып табылады.

Марат Насакаев, Қарағанды облысы бойынша Қаржылық бақылау инспекциясының бас маманы, бас бақылаушы-тексерушісі.

Комментарии закрыты.