Мәңгілік елдің мәңгілік тілі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы жылғы халыққа арнаған Жолдауында «Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Қазақ тілінде білім алатындардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды» делінген болатын. Осыған байланысты мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында Сәтбаев қаласында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлешпен сөйлескен едік.

– Қанат Жәнділдәұлы, өзіңіз білетіндей, елімізде мемлекеттік тілді оқытатын арнайы орталықтар жұмыс істейді. Онда мыңдаған азаматтар қазақ тілін үйренуде. Осы бағыттағы жұмыс біздің қаламызда қалай атқарылуда?

– Біздің қаламызда 2010 жылдың маусым айынан бастап мемлекеттік тілді оқыту кабинеті жұмыс істеп келеді. Өткен жылы мемлекеттік тілді оқытуға 2 млн. 460 мың теңге бөлініп, 153 қаланың ересек тұрғыны қамтылды. Барлығы 12 топ оқытылса, олардың 10 – бастауыш, 2 – жалғастырушы. Айта кету керек, былтыр қазақ тілін білемін деген өзге ұлт өкілдерінің саны 129-ға дейін өсті. Қорытынды емтихан нәтижесі бойынша 98-не сертификат, ал 55 адамға анықтама берілді. Бұл жұмысты одан әрі жалғастыру үшін биылғы жылы осы мақсатқа 3 млн. 246 мың теңге бөлініп отыр.

Сондай-ақ, қаламызда алғашқы рет «Қазтест» жүйесі негізінде мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілін білу деңгейін бағалау мақсатында сынақ өткізіліп, оған 105 қызметкер қатысты. Олар тыңдалым, лексико-грамматикалық, оқылым бөлім-дерінен тұратын жалпы саны 150 сұраққа жауап берді. Сынақ қорытындысына сәйкес, 1 адам – қарапайым, 61 – базалық, 28 – орта және 15 адам ортадан жоғары деңгейлерді меңгергендіктерін көрсетті. Осыған орай сәуір айынан бастап қалалық мәдени-сауық орталығының оқыту-әдістемелік кабинетінде әр азамат өз деңгейіне сәйкес оқыту курстармен қамтыла бастайды, ал деңгейі ортадан жоғары мемлекеттік қызметшілер қажеттілігіне қарай оқиды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін біз жыл сайын байқаулар, фестиваль, олимпиада, дөңгелек үстел, мүшәйра мен халықтар мәдениетінің апталығы секілді түрлі іс-шаралар ұйымдастырамыз.

– Былтырғы жыл қаламыз үшін, әсіресе, мәдениет саласы үшін жемісті болды. Осы орайда жыл бойы қол жеткізген жетістіктеріңіз жайлы айтып берсеңіз…

– Біздің ең басты қуанышымыз – Б.Бұлқышев атындағы орталықтан-дырылған кітапхана жүйесінің директоры Жаңыл Мизамбаеваның «Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі» төс белгісімен марапатталуы. Бұл атаққа біздің қаламыздан тұңғыш ие болған Жаңыл Шахманқызы болды. Сондай-ақ, «Импульс» үлгілі би тобының жетекшісі Татьяна Суркова облыстық мәдениет басқармасының «Үздік хореограф» номинациясында жеңімпаз атанды. Алғашқы рет аталып өткен мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай қаламызда осы салада еңбек етіп жүрген мамандар 9 номинацияда қала әкімінің сыйлығымен марапатталды. Бұл, әрине, қызметкерлердің аянбай еңбек етуіне, биік мақсаттарға жетуіне жаңа дем беретіндігіне кәміл сенемін. Қаламыздың тіл жанашырларының еңбегі де еленді. «СТА» телеарнасының редакторы Гүлмира Аманжолова облыс әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығының «Үздік телехабар» номинациясымен марапатталды.

– Мәдениет саласы қызметкерлерін жоғары марапаттарға сіздің бөлімнің ұсынып отырғаны анық. Ағымдағы жылы бұл жұмыс жалғаса ма?

– Иә. Үстіміздегі жылы мәдениет саласының қалыптасуы мен дамуына үлкен үлес қосқан әнші Зоя Иманбаеваны және ақын Мәуия Бекмағанбетованы ұсынуды жоспарлап отырмыз.

– Қаламыздағы ұлттық өнер орталығының жұмысына сіздер тарапынан қандай көмек көрсетіліп отыр?

– Аймақтық ұлттық өнер орталығы қала әкімі Әнуар Омардың бастамасымен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен мәдени-сауық орталығы бірлесе отырып ашқан өнер ордасы болып табылады. Сондықтан, біз оның жұмысына алдағы уақытта да әрдайым қолдау көрсетеміз.

– Қанаттас жатқан Жезқазған қаласы биыл 60 жылдығын тойлағалы отыр. Мерейтойға қандай тарту-таралғы жасамақ-сыздар?

– Сәтбаев қаласы тұрғындары атынан көркемөнерпаздардың концерттік бағдарламасын ұсынбақшымыз.

– Алдағы жоспар-мақсаттарыңыз қандай?

– Өткен жылы туған қаламыздың 40 жылдық мерейтойын мәдениет және өнер мекемелерінің ұжым-дары жоғары деңгейде, есте қаларлықтай етіп өткізуге барынша атсалысты. Облыстық мүшәйра ұйымдастырылды, жергілікті 40 ақынның өлең-жырлары «Байғазы» деген атпен жинақ болып басылып шықты. Биыл академик Қаныш Имантайұлының туғанына 115 жыл толады. Осыған орай жаңартылған орталық алаңда көптен күткен Қаныш Сәтбаев ескерткішінің ашылуы өтеді. Авторы – мүсінші, «Парасат» орденінің кавалері, КСРО Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының суретшілер одағының мүшесі Калиев Жаубасар. Сонымен қатар, Тіл туралы Заңның қабылдануына 25 жыл толуына және қазақ жазушысы, драматург, аудармашы, әдебиет зерттеушісі Жүсіпбек Аймауытовтың 125 жылдығына арналған аймақтық ғылыми-әдістемелік конференциясын, балалар әдебиетінің клас-сигі Бердібек Соқпақбаевтың 90 жылдығына арналған балалар шығармашылығының фестивалін және проза жанрындағы байқауды, дәстүрге айналған Баубек Бұлқышев өлеңдерін мәнерлеп оқудан аймақтық байқау өткізу жоспарланып отыр. Осы орайда қаламыздың тұрғындарынан мәдени-бұқаралық іс-шаралардың сапасын арттыру, тіл саясатын жүзеге асыру, тұрғындардың бос уақытын ұйымдастырудың жаңа формалары және қала кітапханаларын заманауи сұранысқа жауап беретін кітаптармен толықтыру бойынша ұсыныстар күтеміз.

Әңгімелескен Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.