Жаңа қызмет түрі ашылды

20140321-06-3Өткен аптада Сәтбаев қаласының жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған «Жастарға кеңес беру» қызметінің ашылу салтанаты өтіп, оған ішкі саясат бөлімінің басшысы К.Сағындықова, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың жетекшілері, жас мамандар мен белсенді жастар қатысты.

Жаңадан ашылған қызметтің мақсаты мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар мен қызметтер бойынша жастарды толыққанды ақпараттандыру, негізгі әлеуметтік мәселелердің шешілуіне жәрдемдесу, оларға психологиялық, заңгерлік кеңес беру және балалар мен жасөспірімдердің ұйымдарына консалтингтік қолдау көрсету болып табылады.

Аталмыш қызметтің жұмысымен жастар ресурстық орталығының директоры Н.Наурызбаев таныстырды.

Қарағанды облысы әкімдігінің қаулысына сәйкес, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырудың тиімділігін арттыру мақсатында Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы «2014-2016 жылдарға арналған облыс жастарын әлеуметтік қолдауды жетілдіру жөніндегі кешенді жоспарды» әзірледі. Осы жоспарды басшылыққа ала отырып, біз халыққа қызмет көрсету орталығының жұмыс принципіне негізделген жастарға кеңес беру қызметін құрдық. Мұнда кез келген жас азаматқа қажетті кеңестік, әдістемелік және тәжірибелік жәрдем көрсетілетін болады. Оның жұмысына арнайы мамандар, даму институттары мен мемлекеттік мекемелердің өкілдері тартылады. Әсіресе, жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету саласында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен» бірлесіп жұмыс жасау жоспарда бар. Әр айға бекітілген кестеге сәйкес, дәрігерлер, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының, екінші дәрежелі банктердің, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өкілдері қабылдаулар жүргізіп, жастарға тиісті ақпараттар беретін болады. Сонымен қатар, жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен жәрдемақылар туралы, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, діни экстремизм мен терроризмнің және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған буклеттер, әдістемелік құралдар әзірленіп, келгендерге тегін таратылады, – дейді Нұрлыбай Наурызбаев.

Жиын барысында барлық қатысушылар өзара пікір алмасып, туындаған сұрақтарына қанағаттанарлық жауаптарын алды.

Өз тарапынан «Қанатты ұлан» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Темірбек Сүлейменов жаңа қызмет түрінің оң нәтиже беретініне, жастарға белгілі дәрежеде көмек көрсететініне сенім білдірді. Отырысты қорытқан Кауһар Сағындықова кеңес беру қызметінің жұмысына сәттілік тілеп, жастарды белсенділікке шақырды.

Марал Шахаева. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.