Қайраткердің жүлдесін сарапқа салды

20140321-07-2-120140321-07-2-2Жерлесіміз, мемлекет және қоғам қайраткері, Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары мен Ұлытау ауданының Құрметті азаматы Мұхамбет Көпеев жүлдесі үшін өткізіліп тұратын шахмат турнирі кенді қаланың спорт тарихында дәстүрге айналғалы қашан?!

Ұлытаудың ардақты азаматы осыдан 14 жыл бұрын осы байрақты бәсекенің негізін салған болатын. Он төртінші мәрте өткен шахмат турнирі аймақтағы жас шахматшылардың басын тағы қосты.

Сейсенбі күні «Жастар» спорт сарайына жиналған қалың көпшілік іріктеу кезеңінде ақтық сынға жолдама алған жас өрендердің бабын сынады.

Турнирдің ашылу салтанатына қала әкімі Әнуар Омар бастаған мемлекеттік мекемелердің басшылары, қалалық мәслихат депутаттары мен спорт саласының майталмандары қатысты.

Мемлекеттік Әнұраннан соң М.Көпеевтың жүлдесін сарапқа салуға келген жастарға Әнуар Серікбайұлы, қалалық мәслихаттың депутаты, «Сарыарқанан» ЖШС президенті, турнирге демеушілік жасағандардың бірі Жақия Күнеділов, ойынның бас төрешісі Жүрсін Әбілғазинов сәттілік тілесе, жарысқа қатысушылардың атынан С.Сейфуллин атындағы гимназияның 11 сынып оқушысы Санжар Айтқұлов турнирді ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.

Салтанатты ашылудан соң ақтық сынға жолдама алғандар өзара ойын көрсетіп, үздіктер анықталды.

Сайыстың қорытындысы бойынша ІІІ орын Жезқазған қаласының «Жезқазған-2» командасына тиесілі деп танылса, ІІ орынға «Сәтбаев-1» командасы иелік етті. Ал, он төртінші рет өткізілген аймақтық турнирдің І орнымен Жезқазғаннан келген «Жезқазған-1» командасы қанжығасын майлап кетті.

Жеңімпаз командалар мен мүшелеріне жүлде иегерінің және қалалық әкімдіктің, «Нұр Отан» партиясының жергілікті филиалы мен «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы Қарағанды филиалы атынан дипломдар мен бағалы сыйлықтар, ал, «Сарыарқанан» ЖШС атынан тәтті тағам тапсырылды.

Сонымен қатар, ойын барысында көзге түскен бірнеше ойыншылар мен ойынға төрелік еткен қазылар арнайы номинациялармен марапатталды. «Ең қысқа партия» номинациясын №27 орта мектептің оқушысы Ақкербез Тұрарова, «Ең әдемі партия» атағына жезділік жас шахматшы Ақерке Алшынбек пен Борсеңгірден келген Ардақ Қонысбек лайық деп танылды.

Жезқазғандықтар Олжас Қойшыбек «Жеңіске деген жігері үшін» атағын иеленсе, «Ең жас қатысушы» номинациясын 1 сынып оқушысы Алан Төлебековпен Даяна Шахай алды.

Қаражал қаласынан сайысқа шәкірт баптап әкелген Гүлнұр Мамрашева «Таңдаулы жаттықтырушы» деп танылса, Жүрсін Әбілғазин «Әділ төреші» атағын иеленді.

Кенді қаланы бір күн дүбірге бөлеген аймақтық турнирде жаңа есімдер жарыққа шықты. Ойын барысында ой ұшқырлығын дамытуда таптырмас ойынның түрі саналатын шахматқа аймақ жастарының қызығушылығы ерекше екендігі байқалды.

Бағдат Қазкенов. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.