Мұражайдағы жүздесу

20140321-07-3Газетімізде бұдан бұрын да хабарланғанындай, Ұлыстың ұлы күні, жыл басы – Наурыз мейрамы қарсаңында, 19-20 наурыз аралығында қаламызда республикалық ақындар айтысы болып өтті. «Қош келдің, әз-Наурыз!» деген тақырыппен өткен ақындар аламанына еліміздің түкпір-түкпірінен 16 ақын қатысты.

Жыр додасынан бір күн бұрын кеншілер қаласына келген меймандар қаламыздың сәулетті орындарын аралап, қонақжайлылығымен танысқан еді. Сондай бір есте қаларлық жүздесу ақын, жыршы, термеші Шынболат Ділдебаевтың мұражайында өтті. Мұнда ақындарды мұражай директоры, Шынкеңнің зайыбы Гүлсара Жиеналиева қарсы алып, музеймен таныстырды. Кездесу барысында меймандар шындықты айтып шырылдап өткен ақын, жыршы, термеші Шынболат Ділдебаевтың бейнетаспаға жазылған концертін тыңдап, рухани серпіліс алды.

Бұдан соң кезек өткен жылы ашылып, елдің көзайымы болып үлгерген өнер орталығының мүшелеріне берілді. Қала әкімі Әнуар Омардың мұрындық болуымен өмірге келген бұл орталықта жас ақындар мектебі де жұмыс істейді. Кездесуде осы мектептің жетекшілері Ғалел Жәнібеков пен Бағдат Байжантаев өнер орталығының жұмысы жайлы қысқаша айта келіп, орталық жанындағы ақындар мектебі жайлы әңгімеледі. Мектепте ертеңінен үлкен үміт күттіретін жас талапкерлердің тәрбие алып жатқанын, ертеңгі аламанда осы мектептің өрендері де өнер көрсететінін тілге тиек етті. Орайы келген тұста сол жас талапкерлер талай аламанда шыңдалған ағаларымен танысып, батасын алды.

Ізтай Белгібайұлы. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.