Мейрам отбасынан басталады

20140321-03-3Наурыз мейрамы – жылдың басталуын білдіретін, табиғат пен адамның үндестігін көрсететін көне мейрам. Бұл уақытта күн мен түн теңеліп, тіршілік атаулы жаңарады. Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі көптеген халықтардың тұрмыс-тіршілігінде бағзы замандардан бері орын алған.

Қазақ халқы үшін де Ұлыстың ұлы күні әрқашан қасиетті, киелі саналған. Сондықтан әрбір отбасы Әз Наурыз мейрамында барынша дайындалып, дастарханды қазақтың түрлі ұлттық тағамдарымен толтыруға тырысады. Осы орайда, мерекені қазақы салт-дәстүрмен қарсы алатын Қанат Бесимов пен Ардақ Тасмағанбетова өздерінің отбасындағы наурыз тойлау дәстүрі жайлы айтып берген еді.

– Наурыз мейрамы жақындағанда біздің шаңырақта қарбалас шақ басталады. Анамыз жеті түрлі тағамнан наурыз көже жасап, соғымның сүрін қосып ет асады. Ал, мен өз тарапымнан дастарханға қоятын тәттілерді пісіріп, келетін қонақтарды күтіп алуға дайындаламын. Мерекеде үйге жолдасымның бауырлары, туған-туыстар жиналады. Наурыз көжеден дәм тата отырып бір-бірімізге игі тілектер айтамыз, үлкендер бата береді. Әсіресе, балалардың қуанышында шек болмайды.

Осыдан кейін Қанат екеуміз кішкентайымызды алып, орталықта тігілген киіз үйлерді аралап, серуендейміз. Жергілікті өнерпаздар ұсынған концерттік бағдарламаны тамашалап, алтыбақанды, ұлттық ойындарды қызықтаймыз.

Наурыз мейрамы қазақ халқының әдет-ғұрыптарын насихаттайтын, ұлттық нақышта өтетін жалғыз мейрам болғандықтан әр отбасы үшін оның орны бөлек, жүрегіне жақын деп ойлаймын. Сол себептен қазақтың ұлттық болмысын бойына сіңірсін деген ниетпен әр жыл сайын наурыз мейрамында ұлымызды көшеге алып шығып, қыдыртуды дәстүрге айналдырсақ деген ойымыз бар.

Барша сәтбаевтықтарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын. Отбастарына ырыс-ынтымақ, бірлік пен береке, молшылық тілеймін, – дейді жас ана Ардақ.

Жазып алған Марал Шахаева. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.