Жасотандықтардың саны көбеюде

Өткен дүйсенбіде «Қазақмыс» корпорациясына қарасты технологиялық колледжде «Жас Отан» Жастар Қанаты бастауыш бөлімшесінің жиналысы өтті.Колледж студенттері мен мектеп оқушылары қатысқан жиналысты «Жас Отан» Жастар Қанатының атқарушы хатшысы Н.Наурызбай жүргізіп отырды. Кіріспе сөзінде ол «Жас Отан» ЖҚ-ның атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып өтті:

— Бүгінгі күні 900-ден аса мүшесі бар «Жас Отан» жастар қанатының саны күн санап өсуде. Міне, бүгін 50 шақты бала куәлік алайын деп отыр. Біз, жастар, ең әлеуметтік белсенді топ болғандықтан еліміздің болашағы үшін қызмет етуіміз керек және де оны сөзбен ғана емес, іспен де көрсетуге тиіспіз. Американың бір президентінің «Елім маған не береді деп ойлама, мен еліме не берем деп ойла» дегеніндей, біз де әр күнімізді мемлекетіміздің көркеюіне қандай үлес қосатынымыз жайлы ойланып және оны қалай жүзеге асыратындығымызды жоспарлап өткізуіміз керек, — деді атқарушы хатшы.

Сөз соңында Н.Наурызбай келесі жылы инновациялық лагерьді Ұлытау ауданының территориясында өткізетіні жоспарланып отырғаны жөніндегі қуанышты хабарды жеткізді.

Жиналыс жастарға «Жас Отан» Жастар қанатының құрамына енгендігін растайтын куәлік тапсыру рәсімімен жалғасты.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.