Ортақ міндеттер нақтыланды

Өткен аптаның соңында өңірімізге облыс әкімі Бауыржан Әбдішев жұмыс сапарымен келіп қайтты. Аймақ басшысының сапары негізінен Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған Кешенді жоспарының орындалу барысын пысықтау болды. Аймақ басшысы сапар барысында экономиканы әртараптандыру аясында өңірдегі өндіріс ошақтарының жұмыс бабымен танысты.

20140321-04-1-3

Облыс әкімінің жұмыс сапары Жезқазған қаласындағы «Ютария Ltd» инновациялық өндіріс компаниясы» ЖШС өндірістік базасын аралаудан басталды. Өңірдегі жеңіл өнеркәсіптің іргелі ошағы саналатын кәсіпорын басшысы Сәуле Шәуенованың мәлімдеуінше, компания 400-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Өндірістік бағытта тұтынуға арналған техникалық стандарттағы киім үлгілерін дайындайды. Отандық өндірістің алыбы «Қазақмыс» корпорациясымен жасалған ұзақмерзімді келісім-шарт негізінде компания жылына 730 мыңнан астам арнайы киім жиынтығын шығарады. Өткен 2013 жылдың қорытындысы бойынша, кәсіпорын өндірген өнім көлемі 941,8 млн. теңгені құраған.

Кәсіпорын ұжымымен кездесу барысында облыс әкімі Бауыржан Әбдішев компания тынысындағы жетістіктер Елбасының ықыласты қолдауы арқылы мүмкін болғанын атап өтті.

Әкім Бауыржан Әбдішев бұдан соң «Ұлытау-Флора» ЖШС-не қарасты жылыжай кешеніне атбасын тіреп, шаруашылықтың жай-күйімен танысты.

20140321-04-1-220140321-04-1-1Жылыжай шаруашылығы Жезқазған өңірін жылдың барлық мезгілінде көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Құрамына 15 жылыжай кіретін шаруашылық 1,1 гектар аумақты алып жатыр. Жалпы құны 229,6 млн. теңге болатын жобаны жүзеге асыруға кәсіпорынның 47,6 млн. теңге қаржысы жұмсалыпты. «Болашақта жылыжай аумағын 1,4 гектарға жеткізу көзделуде», – дейді кәсіпорын директоры Нұржан Смайылов.

Өз кезегінде облыс әкімі Бауыржан Түйтеұлы картоп өсіруді қолға алу қажеттігін қадап айтты. Өйткені, бұл өңірде картоп өсірумен айналысатын шаруашылық жоқтың қасы. Тасымал арқылы жеткізілетін өнімнің өзіндік құны қымбат болатыны тағы бар. Сондықтан, картоп өсіру жобасын мемлекеттік тұрғыдан субсидиялау мәселесінде көмек болады, деді аймақ басшысы.

Сапар барысында Жезқазған қаласында «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының ғимаратында болып, оның материалдық-техникалық базасымен жете танысқан аймақ басшысы Бауыржан Әбдішевтің жұмыс сапары Сәтбаев қаласында жалғасты.

Облыс әкімінің кеншілер қаласына сапары «VIP SHINA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен басталды. Аймақ басшысын қарсы алған қала әкімі Әнуар Омар мен кешеннің атқарушы директоры Валерий Тюрин кәсіпорынды аралатып, оның өндірістік мүмкіндігімен танысты.

Аталмыш өндіріс ошағы тау-кен саласы автокөліктерінің дөңгелегін қалыпқа келтіру саласында қызмет көрсетеді. 49 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорынның қуаттылығы – жылына 2200 автокөлік дөңгелегін жаңартады. Атқарушы директордың айтуынша, 2013 жылы 956 дөңгелек жөнделіп, қалыпқа келтірілген. Ал, биылғы жылдың осы мерзіміне дейін екі жүзден астам дөңгелек жөнделген.

Осы жұмыстардың барысымен танысқан аймақ басшысы Бауыржан Әбдішев компания басшыларына өнім сапасына баса мән беру қажеттігін тапсырды.

Облыс әкімі Сәтбаев қаласындағы жұмыс сапары барысында Комаров 9 «а» мекен-жайында орналасқан көпқабатты үйдің құрылысымен де танысты. 5 қабатты, 35 пәтерлі тұрғын үйдің «б» блогының құрылыс жұмыстарымен танысты. Бұрын жатақхана болған бұл үй кешегі оңтайландыру уақытынан бері иесіз жатқан еді. Соңғы кездері оны қайыра жаңғыртып, қолжетімді баспанаға айналдыру қолға алынған. Қазір мұнда «Әлем Строй» құрылыс компаниясы өз қаржысы есебінен жаңғырту жұмыстарын қолға алды. Жұмыс нау-рыз айында басталған. Құрылысы биыл маусым айында аяқталады деп күтілуде. Кейін «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында пәтерлер сатып алынып, үй кезегінде тұрғандарға пайдалануға беріледі деп көзделуде.

Жалпы, Сәтбаев қаласында тұрғын үй құрылысы қарқын алатын сыңайы бар. Ілкімді жобалар қолға алынып, іркіліп тұрған құрылыс саласында ілгерілеу кезеңі басталмақ. Өйткені, кен барлау бағытындағы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін Сәтбаев қаласы маңындағы Жезқазған кенті, Крестовский, Перевалка, кен барлау партиясы елді мекендері тұрғындарын көшіру мәселесі күн тәртібіне көтеріліп тұр. Жоба – ауқымды. Тек қана көш көлікті бола ма? Мәселе – осында.

Осы бір өзекті мәселе облыс әкімі Бауыржан Әбдішевтің төрағалығымен өткен алқалы жиында таразыланды. 2012-2020 жылдарға арналған Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын дамытудың кешенді бағдарламасының орындалу барысын талқылаған кеңесте жоғарыда аталған елді мекендерді босату мәселесі кеңінен сөз болды. Қалалық әкімдікте өткен алқалы жиынға қанаттас жатқан қос қаланың әкімдері Әнуар Омар мен Серік Шайдаров, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Эдуард Огай мен корпорацияның бір топ мамандары, облыстық мемлекеттік мекемелердің басшылары және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.

Жалпы, аталмыш бағдарламаның 11-ші тармағы бойынша осы елді мекен тұрғындарын көшіру мақсатына 35 млрд. 397 млн. теңге қаржы қарастырылған. Оның 18 млрд. 580 млн. теңгесі – құрылыс жұмыстарына, ал, 16 млрд. 817 млн. теңгесі инженерлік инфрақұрылымдарды дамытуға бағытталған. Қаржыны тиімді пайдалану, тұрғындардың көші-қонын тиімді һәм жүйелі ұйымдастыру мәселелері бойынша Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар баяндама жасады.

Жиында, сондай-ақ, күн тәртібіндегі мәселеге орай кейбір облыстық құзырлы мекемелердің басшылары да есеп берді. Мәселен, мемлекеттік құқық бөлімінің басшысы Бақтияр Айешов көші-қон жұмыстары мен құрылыс нысандарының құжаттарын рәсімдеу, құрылыс басқармасының басшысы Самат Мурзатаев құрылыс жұмыстарының жай-жапсары, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Мәулен Өміртаев инженерлік инфрақұрылымдар жайлы жұмыстардың қалай шешіліп жатқандықтары туралы әңгімеледі.

Облыс әкімі Бауыржан Әбдішев бұл мәселеге атүсті қарауға болмайтындығын ескертіп, аса маңызды да жауапты істе оқшаулану болмау қажеттігін ескертті. Мәселен, өңірдегі жүйе құрушы кәсіпорын «Қазақмыс» компаниясының құрылымдары да ортақ істен бас тартпауы қажет. Осыны егжей-тегжейлі түсіндірген аймақ басшысы әр құрылымның осы бір сындарлы сәттегі жауапкершілігіне жеке-жеке тоқталды.

Келелі жиын кешенді жоспардың әрбір тармағын сапалы түрде жүзеге асыруға бағытталған кезеңдік жоспарларды реттейтін маңызды құжаттарға қол қою рәсімімен түйінделді. Сонымен қатар, жиын барысында облыс әкімі Бауыржан Әбдішев пен «Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Эдуард Огай кешенді жоспарды іске асыру бағытындағы ортақ міндеттерді нақтылайтын құжатқа қол қойды.

– Осынау маңызды құжат өңірдің болашағын айқындап, алдағы 40 жылдағы дамуына сеп болатынына сенімдімін. Жалпы, бұл жұмыстан ешкім шет қалмауы тиіс. Ал, тұрғындардың ешқайысы баспанасыз қалмайды, – деді Бауыржан Түйтеұлы.

Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

Облыс әкімінің кеншілер қаласына сапары «VIP SHINA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен басталды. Аймақ басшысын қарсы алған қала әкімі Әнуар Омар мен кешеннің атқарушы директоры Валерий Тюрин кәсіпорынды аралатып, оның өндірістік мүмкіндігімен танысты.

Комментарии закрыты.