Ұлттық дәстүр ұлықталған күн

20140328-3-2Ұлыстың ұлы күні әз Наурыз мейрамын барлық мекеме-ұжымдар ұлттық дәстүрімізге сай атап өтті. Құндылықтарымыз бен әдет-ғұрыптарымыз, салт-жорамыз бір жарқ ететін мерекеде қалалық индустриалдық колледжінің ұжымы да тағылымға толы «Қош келдің, Наурыз» атты әдеби сазды кеш ұйымдастырып, қазақтың қонақжайлығын танытты.

Білім ошағының ұстаздары мен студенттері бұл күні ауыл-ауылға бөлініп, қазақтың салт-дәстүрлерінен көріністер қойып, әр ауыл келген меймандарына ақ дастарханнан дәм таттырып, наурызкөже ұсынды.

«Ұлытау ауылы» ұзатылып бара жатқан қызға сырға салудың жөн-жоралғысын көрсетсе, «Абылай ауылы» қыз ұзату тойынан көрініс қойды. Ал, «Бабыр бидің ауылындағы» жамағат өмірге келген нәрестеге ат қойса, «Ерден батыр ауылы» жас сәбиді бесікке салу рәсімін жасады.

Әр ауылға атшалдырған қонақтар бір-бірімен төс қағыстырып, қыс бойы көріспегендер ауыл-аймақтың, туған-туыстың амандығын сұрасып, «жыл басы Наурыз құтты болсын! Төрт түлік ақты болып, аузымыз ақтан арылмасын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, бір ауылдан бір ауылға той-тойлап келе беретіндей бейбітшілік күн болсын», деп тілектерін жеткізді.

Ал, ауыл сыртында ұлттық ойын десе делебесі қозатын жас жігіттер арқан тарту, қол күресі, аударыспақ, көтермек сынды ойындардан сынға түсіп, күш сынасты.

Түркітектес халықтың ортақ мерекесінде әр ұлттың өкілдері де қазақ ауылындағы тойдың көркін келтіріп, бірі би билесе, бірі әннен шашу шашты.

Думанды мерекенің қызығы мұндағы шәкірттер үшін ұзаққа сақталып қалатындай дәрежеде ұйымдастырылды.

Колледж ішіндегі шағын ауылдарға өздерінің мерекелік тілектерін арнап келген қонақтар ұлттық дәстүрлерімізді ұлықтаған ұжымның қонақжайлығына риза болып тарқасты.

Дайындап, суреттерді түсірген Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.