Мақсат – жалындаған жастарға от беру

Өнер. Осы төрт әріптен тұратын сөзді күнделікті тұрмыста айтқанымызбен, оның түпкі төркініне бойлап, бойына өнер қонған жан болса бағалай бермейтініміз шындық. Күнделікті тірлікпен жүріп, кейбір адамдар да өздерінің бойындағы дарын, қабілетін байқамауы мүмкін. Алайда, бойында өнері, жалындаған жігері болса, ол адам түптің-түбінде өнерін шығаруы бек мүмкін. Талай дарындыларымыздың да өнердегі жолы осылай басталған.

Біздің кенді қалада соңғы кездері өнерге бейім жастардың қатары толығып келеді. Қуанышымызға орай, қалаға басшылық жасаған күннен бастап Әнуар Омар өнерлі балғындарды бір ортаға топтастырып, дарынын шыңдау мақсатында аймақтық ұлттық өнер орталығын ашуды қолға алып, былтырғы жылы қарашада тұсауы кесілген болатын. Әнші-термешілердің, қолөнер шеберлерінің, шешендік өнерге, жазба ақындыққа бейімі бар жігерлі жастар осы орталықта қазақтың ұлттық өнерінен сусындауда.

Жиренше шешен, Төле, Қазбек, Әйтеке би салып кеткен шешендік өнердің қыр-сырына жас буынды бұл орталықта Бейімбет Бралин баулып жүрсе, іргесін ұлы данышпан Абай қалаған жазба ақындар мектебінің қалыптасу тарихы мен бойында ақындық қабілеті бар жастарды Дәуренбек Бұланбаев шыңдап жүр.

Үйірменің жетекшілері негізгі мақсатымыз – жалындап тұрған жасқа от беріп, қазақтың ұлттық өнерін, тілін, әдебиетін, мәдениетін таныстыру дейді. Бұл үйірмелерге 10-15 баладан жазылып, дәріс алып жатыр.

Бір қуантарлық жағдай, былтырғы жыл қорытындысы бойынша аймақтық ұлттық өнер орталығы облыс бойынша қазақ халқының бар бітім-болмысын жас ұрпаққа дәріптеуде алғаш болып құрылған орталық ретінде танылып, жұмысына оң баға беріліпті. Облыстан мұндай мәртебе алу да үлкен еңбекті қажет ететіні ақиқат.

Біз тек өз тарапымыздан орталықтың осы жетістігі еселеніп, өнерге баулып жүрген өрендерінің биік шыңдарға өрлей беруін тілейміз.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.