Діни сауатсыздық – адасушылықтың жолы

20140328-5-2Өткен аптада Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының жанынан құрылған республикалық ақпараттық үгіт-насихат тобының мүшесі, дінтанушы Рүстем Сыздықов Сәкен Сейфуллин атындағы гимназия мен №4 Абай атындағы мектеп-лицейдің оқушыларымен кездесті.

Кездесу барысында Р.Сыздықов жастарға еліміздегі діни ахуал жайын айта келе, діни сауаттылыққа кеңінен тоқталды.

– Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде дәстүрлі діндердің атын жамылып, ел арасына іріткі салып жүрген теріс діни ағымдар адамзат қоғамына қауіп төндіруде. Жастардың осы жолға бой алдыруының негізгі себебі – діни сауатсыздық, ақпараттың жетіспеушілігі және көп нәрсеге немқұрайлы қарау. Олар дін жолына түстім деп ата-анасынан, достарынан, жалпы қоғамнан алшақтап, өз дегенін ғана ақиқат санап, айналасындағыларға, тіпті мешіт имамдарына күдік келтіреді. Мұндай жағдайға тап болмас үшін қоғамға діни сауаттылық қажет. Ислам – бейбітшілікті насихаттайтын дін. Ал, исламның атын жамылған, теріс бағыттағы деструктивті ағымдар ислам дінінен емес. Олар ислам дінінің атын жамылып, ел арасына іріткі салушылар дей келе, Рүстем Мәлікұлы діни сауатсыздықтың әсері адасушылыққа бастап отырғандығын жеткізді.

Қос білім ошағында өткен кездесуде оқушы жастар сұрақтарын қойып, пікір алмасты.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.