Екі күн жырға бөгіп аспан асты, Сәтбаев болды айтыстың астанасы

20140328-6-1-1Ұлыстың Ұлы күні, жыл басы – әз Наурыз мейрамы биыл Сәтбаев қаласында ерекше жағдайда басталды. 19-20 наурыз күндері Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында «Қош келдің, әз Наурыз!» деген тақырыппен аймақтық ақындар айтысы өтті. Аязы арқадан қысқан Арқаның қысын ақындар екі күн бойы арқалы жырларымен жылытып, көктемнің нұрын себеледі. Сәтбаев қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен бұл жыр додасына республиканың түкпір-түкпірінен от ауызды, орақ тілді он алты ақын қатысты.

Халқымыздың бірегей өнері, халық мұрасы саналатын аламан айтыста Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауындағы «Мәңгілік Ел» идеясы кеңінен насихатталып, Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2012-2020 жылдарға арналған Кешенді бағдарламасының ел игілігіне тигізер оң әсері ақындар айтар тақырыпқа арқау болды.

20140328-6-1-220140328-7-1-320140328-7-1-220140328-7-1-4

Ақындардың жыр сайысына КСРО және Қазақстан Республикасының халық әртісі Асанәлі Әшімов, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қоғабай Сәрсекеев, Қазақстан Республикасының халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, домбырашы, жырау Алмас Алматов, айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлы, жазушы, журналист, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Көбейсін Еңсебаев, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі және оның Жезқазған аймақтық филиалының төрағасы, жергілікті қаламгер Батырбек Мырзабеков, кенші ақын Мұса Тілеуов, айтыскер ақын Мұқаш Сейтқазинов қазылық жасады. Айтысты ақын, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері Жүрсін Ерман жүргізді.

Сонымен, кеншілер қаласында екі күн бойы керім айтыстың тамаша кеші өтіп, Жүрсін Ерман бастаған жүзден жүйрік шыққан, айтыс өнерінің көрігін қыздырып, қара сөзден қамшы өріп жүрген бүгінгі қазақ айтысының азулы арыстандары жырдан шашу шашты.20140328-7-1-1

Ағытылып сөйлесе айдынды көлдің бетінде толқын ойнатқан, төгіліп сөйлесе тауды теңселтіп, теңізді шайқап, аспан мен жердің астын дүбірге толтырып, дүйім жұртты сөз құдіретімен тамсандыратын ақындардың жыр додасына Жезқазған-Ұлытау аймағының жырсүйер қауымы тайлы тұяғымен жиналды. Екі күн бойы Шынболат сарайында ине шаншар жер болмады.

Айтыстың шымылдығын Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар ашты. – Жер дүниені жаңартып, жасартып, шаттандырып жеткен әз Наурыз мерекесі қарсаңында қаламызда аламан айтыс өткелі отыр. Астанадан алшақ, облыс орталығынан оқшау жатсақ та аймағымызға аты алашқа кеткен ақындар мен есімін ел құрметтеген айтулы тұлғалар келіп отыр. Осындай азаматтардың келуінің өзі бір думан, бір мәртебе. Осы берекеміз, осы мерекеміз арта берсін, – дей келіп, әкім Сәтбаев қаласы мен Жезқазған-Ұлытау аймағының соңғы жетістіктері мен Үкімет тарапынан жасалып отырған жақсылықтар жайлы көсіле толғады. Сәтбаев қаласын дамытуға мемлекет қазынасынан 35 млрд. теңгеден астам қаражат бөлініп, өңір өндірісінің өмірі елу жылға ұзартылғанын толғана айтты. Алда ауқымды істер тұрғанын, оған жету тек экономикаға байланысты емес, тәрбиеге, рухқа, сенімге байланысты екенін, рухы мықты ел ғана жоғары мақсаттарға жете алатынын тілге тиек етті.

Айтыс аламанының ашылу рәсімінде осы бір киелі өнердің шырақшысы, жанашыры, айтыстың жолында талай «айтыстарға» түсіп жүрген ұлтжанды азамат Жүрсін Ерман сөз алып, қалың жұртшылықты айтысымен қауышуымен құттықтады.

– Ел қысылып, ер абдыраған қиын шақта келелі кеңес сұрар Қет Бұқаның жұртында кие жатқандықтан болар, алашқа аттары мәлім айтыскер ақындар тәу етіп, тау бауырына жиналып жатыр. Қожабай, Тайжан, Иманжан, Болман, Нияз, Омар, Ибраһим сынды дүлдүлдер өткен даланың төсінде бой түзеген Сәтбаев қаласында екі күн бойы жұрт елең еткен дүбірлі жыр додасын өткізбек ниеттеміз. Айтыстарың құтты болсын, ағайын, – дей келіп, Жүрсін жыр жүйріктері мен осы сөз сайысына төрелік жасайтын қазылар алқасын жұртқа таныстырды. Көпшілік асыға күткен айтыста ақындардың тілге тиек етер тақырыптары да айтылды.

Сонымен, додаға Еркебұлан Қайназаров, Иранғайып Күзембаев, Әсем Ережеқызы, Мейірбек Сұлтанхан секілді талантты ақындар Астана қаласы атынан сөз сайысына шықса, Сәтбаев қаласының намысын Жанбол Көпбосынов пен Жұлдыз Елеусізова, Батыс Қазақстан облысының намысын Бауыржан Халиолла мен Жансая Мусина қорғады. Жыр додасында көмейінен жыр төгілген Бекарыс Шойбеков (Түркістан), Ринат Зайытов (Алматы), Айбек Қалиев (Арқалық) сынды дүлдүлдермен, жас та болса елдің сөзін көркем оймен кестелеп, алды үлкен сахналардан көрініп жүрген Аян Сейітов (Ақтөбе), Төлеген Жаманов (Жезқазған), Мақсат Ақанов (Қарағанды), Рүстем Қайыртайұлы (Алматы), Нұрмат Мансұров (Қызылорда) сияқты жас тарландар да сөз сайыстырды.

Арқалы ақындар халықтың ойындағысын айтып, көңілінен шыға білді. Ал көрермендердің оларды қолпаштауында шек жоқ еді. Залда ине шаншар орын болмады, осыдан-ақ көпшіліктің айтысты сағынғанының куәсі болдық.

Сонымен, айтысқа келейік. Жыр додасында алғаш сөз жарыстырған жұп Жанбол Көпбосынов (Сәтбаев) пен Еркебұлан Қайназаров (Астана) болды. Айтыстың бүгінгі астанасы болып отырған Сәтбаевтың атынан сөз сөйлеуін бақытына балаған Жанбол ақын Ұлытаудай ұлылардың жолын қуып,

Ұлы жерге ұл болған қандай мақтан, – екенін айта келіп, айтысты қағытпа әзілдермен бастап еді, қарсыласы да қара жаяу емес екендігін танытты.

Жанболмен айтысасың деген кезде,

Жабаев тірілгендей шошып кеттім…

Есімің сол кісімен шамалас қой.

Сөйтсем мынау кәдімгі ел білетін,

Атақты Маркстегі «Домалаш» қой.

«Домалаш» десе жұртым

дегендей-ақ,

Атыңа фигураңыз шамалас қой, – деп қарымта қайырды. Жалпы, жыр додасын бастаған екі ақын бірін-бірі жарасты әзілдерімен қағыта отырып, жырсүйер қауымды бір серпілтіп тастады.

Бұдан кейін айтыс алаңына шыққан жезқазғандық ақын жігіт Төлеген Жаманов пен айтыстың арыстаны атанып жүрген түркістандық азулы ақын Бекарыс Шойбеков бірін-бірі біраз ширатып, ширықтырып алып, екеуі де ел көңілінде жүрген көкейкесті мәселелерге тоқталып тамаша айтыс жасады.

Ал, астаналық ақын қыз Әсем Ережеқызы мен алматылық Рүстем Қайыртайұлының айтысы қыз бен жігіт айтысының тамаша бір үлгісін көрсетіп, ел сүйсіне қол соқты. Айтысты бастаған Рүстем елмен амандасып алған соң әзілдің тиегін ағытты.

Жамағат, Наурыз тойы құтты болсын,

Шырқалған шаттықпенен құстар әні.

Бұдан былай бұйырса күн ұзарып,

Ал, қыздардың көйлегі қысқарады…

Қар кеткенмен қыздардан

ар кетпесін,

Деп отырмын осыны ұстағалы, – деп әріден бір қозғап алып, қасында отырған қарсыласы Әсем Ережеқызына сөз арнады.

Он жеті жылдан бері білем сені,

Басқа біреу емессің бертін көрген.

Біз алғаш айтысқанда аңқау қыз ең,

Серіге «сендікпін» деп сертін берген.

Әлі сол әп-әдемі қалпыңдасың,

Қалайша өзгермейтін өңді берген.

Ал маған мұрт түгілі сақал шықты,

Жастықтың жалынымен

желпінгенмен.

Қызығам отыз беске келген қыздан,

Балауса бойжеткеннің көркін көрем.

Қарадай таңғаламын сені көріп,

Баладай тісі бүтін кемпір көрген, – деп, бір қағытып өтті.

 

Талай додада тарпаңдарды жырымен жанышқан Әсем қыз да қарап қалған жоқ. Рүстемнің екі жыл жыр додасынан жырақ жүргенін айта келіп, уытты әзілдерімен түйреп өтті.

Екі жыл жоғалғанда не бітірдің?..

Сол сауал тұр ғой менің санама кеп.

Әскерге барды ма деп ойлап едім,

Ойлап ем не келіншек ала ма деп.

Бірақ, сең екеуін де тындырмапсың,

Бір істі бітіргенде бағалар ек.

Тек сақал өсіріпсің, тапқан пайдаң.

Тындырған істеріңді саралап ек.

Мен, бірақ, бұл сақалдан күдіктенем,

Тып-тыныш елге үрей сала ма деп.

Шығарды соңғы кезде сақалдылар,

Қашатын Сирияға жаман әдет.

Байқаймын сен солардан

аумай тұрсың,

Қорқып тұрмын бір пәлекет

бола ма деп.

Рүстем аяқ асты мылтық алып,

Шапанынан бірер бомба

таба ма деп.

Жеңіліп бара жатса айғай салып,

Сарайын кеншілердің жара ма деп, – деп, астарлы әзілмен елдегі жаман әдеттерге де жыр жебесін қадады. Осындай тамаша әзілдермен қайымдасқан қос ақын елге әсерлі жыр сыйлады.

Жыр додасын бұдан әрі Бауыржан Халиолла (Орал) мен Нұрмат Мансұров (Қызылорда) жалғады. Бұған дейінгі айтыстарда ақиқаттың ауылына ат шалдыртып, ащы шындықты айтамын деп талай таяқ жесе де алған бетінен қайтпайтын, ақындар арасында «бомба» атанған Бауыржан Халиолла бұл жолы да ойында-ғысын іркіп қала алмады. Айтыстың елден алшақтап бара жатқанын ашына айтты.

Уа, Жүрсін-қызғышқұс,

Сен айтыстың қорғаны ең,

Мен де айтыстың қорғаны ем.

Сені айтыстан айырған –

Биліктегілердің екпіні!

Мені айтыстан айырған –

Мырзатайдың тепкіні, – деп іштегі шерін де бүкпесіз шығарды.

Қарсыласының осал ақын емес екенін Нұрмат Мансұров та мәнді жырымен ұқтырды.

Қара өлеңге қамшыны салдырмайтын,

Анау-мынау айлаға алдырмайтын…

Батыстың Бауыржаны осы, ағайын,

Айтыстың ауа-райын бұзар кейде,

Мінезі бар дауылдайтын,

жаңбырлайтын.

Жүкең саған «Бомба» деп ат қойыпты,

Ат қойса әдеті бар оңдырмайтын.

Тиме десе тиетін ерін құсап,

Қасарысса қамшыны салдырмайтын.

Осы сенің арқаңда икем бермей,

Айтысымыз болды ғой қол бұлғайтын.

«Айтпа» деген нәрсені айтып қойып,

Болад деген айтысты болдырмайтын… – деген ол қарсыласының «қасиеттерін» тұспалдап жеткізді. Бұл жұптың айтысы да елді сүйсіндіріп, ер-екше әсер қалдырды.

Алғашқы төрт жұп айтысқаннан кейін ақындарға аз ғана үзіліс беріліп, жыр додасына жиналған қауымның назарына Сәтбаев, Жезқазған қалалары мен Ұлытау ауданынан келген жезтаңдай әншілердің өнері ұсынылды. Дәстүрлі ән айтылып, күмбірлеген күй шертілді.

Үзілістен соң жұртшылық айтыс алаңына шыққан келесі төрт жұптың сөз сайысын тамашалады. Айтыс басталмас бұрын Жүрсін Ерман атағы алты алашқа жайылған өнер тарланы, қадірлі мейман, Қазақстан мен Қырғызстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаевтан қонақкәде сұрады.

– Шынболаттың атындағы мына киелі шаңыраққа келіп, сіздердің алдарыңызда ән салғаныма қуаныштымын. Келе жатқан Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын! Ырыс, берекелеріңіз ортаймасын, – деген жүрекжарды тілегін жеткізген мейман өзінің екі әнін орындап берді.

Бұдан соң ел асыға күткен жыр додасы қайыра жалғасты. Бұл төрттіктің жыр көшін келешегінен үлкен үміт күттіріп жүрген жас өрендер бастады. Сахнаға шыққан сәтбаевтық ақын қыз Жұлдыз Елеусізова мен Ақтөбеден келген жас ақын Аян Сейітов сөз сайыстырды. Жастар арасындағы жағымсыз жайттарды өз шама-шарықтарынша сөз еткен жас талаптар айтысты қысқа қайырды.

Екінші төрттікте елге тамаша айтыс сыйлаған жұп Иранғайып Күзембаев (Астана) пен Мақсат Ақановтың (Қарағанды) айтысы болды. Замандастар арасындағы жарасымды қалжың мен өрілген жыр додасы қоғамдағы келеңсіздіктер мен ортамызда орын алып жатқан оралымсыздықтарды шымыр шаншып, тыңдармандардың айызын қандырды.

Ал, астаналық Мейірбек Сұлтанхан мен оралдық ақын қыз Жансая Мусина-ның айтысы тағы бір тамаша қыз бен жігіт айтысы болды. Жұртшылық Жансаядан батыстың мақамын күткен еді. Алайда, Шорабектің «Ағайынына» салып айғайлап алып, астарлы әзілдер мен орамды ойларын төккен Оралдың ақын қызы жұртшылыққа үлкен әсер қалдырды.

Айтыстың өзің едің Әлиясы,

Өмірде құрылмаған жанұясы.

Қыз бен жігіт айтысын қыздырайық,

Сарқылмай сыйластықтың дариясы.

Осынша жасқа дейін қандай қызсың,

Махаббаттың өтпей жүрген магиясы.

18-ден 11 жас асып кеткен,

Қыздардың қалың қалай қариясы, – деп бір қағытып тастаған Мейірбек Жансаяны игерусіз жатқан қазынаға теңей келіп:

Қазақтарды менсінбей жүргеніңде,

Басқалар инвестиция сап кетпесін.

Абайла, Сәтбаевта отырсың ғой,

Акцияңды кәрістер ап кетпесін, – деп тағы бір түйреп өткен еді.

Қарсыласының уытты әзіліне уытты уәж тапқан Жансая да есесін жіберген жоқ. Шорабектің мақамына салып «Ей, бала!» деп қойып, төкпелете жөнелді.

Нең бар еді мына менің акциямда,

Өзім білем, шалқиям ба, қақшиям ба.

Көлденең көк аттымен кете

алмаймын,

Тәрбие көрген жанмын жаста ұямда, – дей келіп, астарлы әзілдердің тиегін ағытты. Мейірбек Сұлтанхан мен Жансая Мусинаның айтысы жұртты күлкіге кенелте отырып, астарлы ой да салып отырды.

Бұл күні он алты ақын сегіз жұп болып сөз сайыстырды. Олардың додасын айтыстың ауыр артиллериясы саналатын екі ақын – Алматының ақтанкері Ринат Зайытов пен Арқалықтың арқалы ақыны Айбек Қалиев қорытындылады.

Көптен сағындырып, көрермен-нің ыстық ықыласына бөленген бұл айтыс өте тартысты болды. Сегіз жұп айтысқаннан кейін қазылар алқасына финалға шығатын жұпты анықтау да оңайға соққан жоқ. Сөзден сарай салған ақындардың ішінен суырылып шыққан төрт ақын келесі күнгі ақтық сайыста сөз жарыстырды. Астананың арынды ақыны Әсем Ережеқызы мен «Кеңгірдің жолбарысы» Төлеген Жаманов, Ақтөбенің ақтанкері Мейірбек Сұлтанхан мен Қарағандының қарымды ақыны Мақсат Ақанов, Түркістанның тарланы Бекарыс Шойбеков пен Батыстың барысы Бауыржан Халиолла, Қызылорданың қырғиы Нұрмат Мансұров пен Арқалықтың арланы Айбек Қалиев, Оралдың от ауызды, орақ тілді ақыны Жансая Мусина мен астаналық арқалы ақын Иранғайып Күзембаев жекпе-жекте халық көңілінен шығып, сүбелі ойларымен дараланды.

Төрт сағатқа созылған айтыстың қорытындысы бойынша үшінші орын екі ақынға тең берілді. Оған Айбек Қалиев пен Жансая Мусина ие болып, жүлде қорының 500 мың теңгесін әрқайсы қалталарына салды. Екінші орын мен 700 мың теңге Астананың ақын қызы Әсем Ережеқызына, бірінші орын мен 1 млн. теңге ақтөбелік жас ақын Мейірбек Сұлтанханға бұйырды. Ал, айтыстың Бас жүлдесі – 2 млн. теңге Жезқазғанның ақыны Төлеген Жамановтың қанжығасында кетті.

Жалпы, айтысқа қатысқан он алты ақын да олжасыз қалған жоқ. Орынға ілікпегендердің өзі 300 мың теңгеден сыйақы алды. Ескерткіш сыйлықтар мен жүлделерді айтыстың бас төрешісі Асанәлі Әшімов құттықтап, табыс етті.

Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

/p

Комментарии закрыты.