Тіл мерейін асырды

20140328-12-1Елбасы айтқандай, «Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, ғаламтордың тіліне айналды. Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз мәңгілік елімізбен бірге мәңгілік тіл болмақ!» Лайым солай болсын!

Осы орайда, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында қазақ-түрік лицейінің бастамасымен өткізілетін жалпы орта білім беретін мектептердің арасындағы «Жарқын болашақ» атты қазақ тілі олимпиадасы 6 жыл қатарынан жақсы жол көрсетіп келеді. Құрғақ ұраннан игі іске көшкен осындай-ақ болар. Қазақ-түрік лицейінің құрылтайшысы саналатын «KATEV» халықаралық қоғамдық қорының келешекте осы «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасын халықаралық деңгейде өткізуді жоспарлап отырғаны да белгілі болды.

Қарағанды облысы білім басқармасы және Жезқазған қазақ-түрік лицейінің ұйымдастыруымен биыл VI республикалық қазақ тілі олимпиадасының аймақтық кезеңі өз мәресіне жетті. Олимпиада ана тілімізді ғана емес, басқа да рухани құндылықтарымызды дамытуға өз үлесін қосып келеді. Бұл олимпиаданың ерекшелігі де сол – орыс сыныптарындағы қазақ тілі мен қазақ сыныптарындағы қазақ тілі болып бөлінетін олимпиада мынадай бес бағытты қамтиды: қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен тест арқылы білімі сыналатын «Тілші-әдебиетшілер» бағыты, шығарма-эссе бойынша «Жас жазушылар» бағыты, ғылыми жоба бойынша «Жас ғалымдар» бағыты, көркемсөз оқуға арналған «Сөз шеберлері» бағыты және патриоттық әндер бойынша «Әнші-бұлбұлдар» бағыты.

С.Сейфуллин атындағы гим-назияның төрт оқушысы осы олимпиадаға қатысып, төртеуі де І орынды жеңіп алды. Жеңімпаздар: қазақ сыныптарынан «Жас жазушылар» бағыты бойынша 11-сынып оқушысы Бибінұр Байгузиева (мұғалімі – А.Бұқар), «Жас ғалымдар» бағыты бойынша 9-сынып оқушысы Абай Жағыпар, мұғалімі – А.Бұқар); орыс сыныптарындағы қазақ тілінен «Тілші-әдебиетшілер» бағыты бойынша 10-сынып оқушысы Ксения Макулова (мұғалімі – Ш.Баймағанбетова), «Жас жазушылар» бағыты бойынша 7-сынып оқушысы Арина Долгова (мұғалімі – А.Мейірманова). Сондай-ақ, оқушылары ерекше көрсеткіштерге жеткені үшін мұғалімдер де Алғыс хатпен марапатталды. Жеңістің ең жоғарғы сатысынан көрінген төрт оқушы да 3 сәуірде Астанада өтетін республикалық олимпиадада бақ сынайды. Біз де өз тарапымыздан дарынды оқушылардың гимназия атынан аймақтың намысын абыройлы қорғайтынына сенім білдіреміз.

Жайна Ділдебаева, «Сыр сандық» жас тілшілер үйірмесінің мүшесі, 10-сынып оқушысы. Суретті түсірген А.Құлашова.

Комментарии закрыты.