Қазақ мектебінің мақтанышы

20140328-12-2Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Жезқазған қаласында Қазақстан Республикасының кекушинкай каратэ-до чемпионаты өтіп, оған еліміздің барлық облыстары мен Астана, Алматы қалаларынан 350-ге жуық сайыскерлер қатысты.

Қазақстан Республикасының спорт және дене шынықтыру істері агенттігі мен Қарағанды облысының каратэ-до кекушинкай федерациясы бірлесіп ұйымдастырған жарыста 14-15 жас аралығындағы спортшылар күш сынасып, өзара мықтыны анықтады.

Дүбірлі додада Сәтбаев қаласының намысын балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері қорғады. Жаттықтырушы Қуатбек Тоқтыбаев дайындаған төрт ер азамат та бұл сайыста жеңіске жетті. Атап айтсақ, Қуандық Сарқыт 65 келі салмақ дәрежесінде ІІ орынды, ал, Сұңқар Қуанышбай 55 келіде ІІІ орынды иеленді. Сондай-ақ, 50 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен жерлестеріміз Аманат Мұратбек ІІ орынға табан тіресе, Марғұлан Мейрам қарсыластарын айқын басымдықпен ұтып, І орынды қанжығасына байлады.

Айта кететін жайт, республикалық чемпионатта жүлделі орындарды иеленген осы төрт спортшы – қаламыздағы №27 орта мектептің 9 сынып оқушылары. Ал, олардың жаттықтырушысы Қуатбек Тоқтыбаев болса, аталмыш мектептің түлегі болып табылады. Сәтбаев қаласының атын республика деңгейінде шығарып жүрген жас спортшыларымызға алдағы уақытта да жеңіс тұғырынан көріне берулеріне тілектеспіз.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.