Наурыз кеп, құлпыртып қыр мен ойды қаламызда тойланды ырыс тойы

20140328-2-1-0Жер-Ана құлпырып, табиғат жанданатын көктем мезгілімен қатар келетін жаңғыру мен жаңарудың, ырыс пен бақтың мерекесі, жыл басы әз Наурызды кенді қаланың тұрғындары көтеріңкі көңіл күйде қарсы алды. Қ.И.Сәтбаев даңғылында өткен мерекелік шара қала басшылары, ардагерлер, қаланың Құрметті азаматтары мен қалалық мәслихаттың депутаттары, «Жезқазғантүстімет» ӨБ-не қарасты шахталардың кеншілері, этно-мәдени орталықтардың өкілдері, білім және денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің шеруінен бастау алды.

Даңғылға жиналған көпшілікті Наурыз мейрамымен мерекенің ашылуына арналған митингте қала басшысының орынбасары Серік Имамбай құттықтады.

20140328-2-1-620140328-2-1-120140328-2-1-220140328-2-1-320140328-2-1-4

 

 

 

 

– Көктемнің жаймашуақ мерекесі әз Наурыз – береке мен ырыстың бастауы. Қазақша жыл қайыру бойынша жыл басы деп есептелетін Наурыз әр отбасыға құт-береке, ынтымақ пен татулық нәсіп етіп, елімізде мамыражай тіршілік мәңгілік үстем құра берсін, – деген тілегін жеткізді.

Қала жұртшылығына өзінің құттықтауын Балтық елдері халықтары этно-мәдени орталығының жетекшісі Юрате Малая да жеткізіп, ортақ Отанымызда тойланып жатқан әз Наурыздың бауырмалдыққа, татулыққа шақыратын ұлы мереке екендігіне баса назар аударды.

Салтанатты жиын одан әрі «Ұлыстың ұлы күні, қош келдің!» атты театр-ландырылған қойылыммен жалғасын тапты. Әжелеріміз тойдың бастауы ретінде шашу шашса, «Ау, халайық, Наурыз тойы басталды!» деп ақбоз атпен атойлап ортаға шыққан жас жігіт қалың халықты мерекені тамашалауға шақырды. Қазақ ауылының мерекедегі думанды тіршілігін көз алдыңа әкелген көріністе қыз бен жігіттің айтысы, дәстүрлі әндеріміз, ұлттық ойындарымыз, салт-дәстүрлеріміз көрініс тапты. Екі ауылдың ақсақалы иық қағысып, амандық-саулық сұрасып, қыстан аман шыққан ел-жұртына ақ батасын берді.

20140328-3-1-3Мерекенің сән-салтана-тын «Тәуелсіз елімнің бастауы – Наурыз» концерттік бағдарламасы аша түсті. Жергілікті жас өнерпаз-дарымыздың ән мен биі, домбырада шерткен күйі алаңға жиналған көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Бұл күні даңғыл бойына қазақ ауылы көшіп келгендей көрініс берді. Қаз-қатар тігілген 15 киіз үйдің айналасы шат-шадыман. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың биылғы жылғы халыққа арнаған «Қазақстан-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында «Мәңгілік Ел» идеясын ұсынғаны баршаңызға аян. Осы Елбасының идеясына қолдау білдіру мақсатында даңғылда «Шарайна» газетінің редакциясы және Сәтбаев телеарнасы ұжымдары киіз үй жабдықтаса, оның безендірілуіне Оқушылар сарайы мен өнер мектебі атсалысты. Сондай-ақ, биыл 15 жыл толған бас партия – «Нұр Отанның» жетістігін насихаттау үшін партияның жергілікті филиалы да киіз үй құрды. Білім беру, денсаулық сақтау салаларымен қатар, «Жезқазғантүстімет» ӨБ-нің кеніштері, «Лайықты еңбек» кәсіподақ қоғамдық бірлестігі, «Тазалық-2020» мекемесі мен кәсіпкерлер қауымдастығы келген меймандарын ақшаңқан киіз үйде құрметтеп, мерекедегі үлкен ас – наурызкөже ұсынды. Соның ішінде денсаулық сақтау саласы мекемесінің атынан аймақтық туберкулезге қарсы диспансердің, «Тазалық-2020» мекемесі мен кәсіпкерлер қауымдастығы, «Лайықты еңбек» кәсіподақ қоғамдық бірлестігі тіккен киіз үйлерде аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты зейнеткерлерге және мүмкіндігі шектеулі жандарға қайырымдылық асы берілді. Осы тұста айта кеткен жөн, Наурыз мейрамының аясында 150 адамға азық-түлік жиынтығы таратылса, 40 адамға мейрамханаларда дастархан жайылды.

20140328-3-1-120140328-3-1-220140328-3-1-4Мерекені тамашалауға келген қала тұрғындары мен қонақтары тегін бауырсақ пен наурызкөжеден дәм татып, бірін-бірі құттықтап жатты. Жасы мен жасамысы жылына бір көрініс беретін ұлттық құндылықтарымызды осы мерекеде құр қол жібермей, бірі атқа мініп серуендесе, бірі алтыбақан аясында тербеліп, енді бірі былтыр ғана ашылған аймақтық ұлттық өнер орталығы шеберлерінің қолынан шыққан туындыларын тамашалады. Қылқалам шеберлері наурыздағы қуаныштарын, әсем табиғатты сурет арқылы жеткізіп, сый-сияпатқа ие болса, спортқа ебі бар жастар қазақша күрестен, арқан тартыстан, қол күресі мен кір тасын көтеруден және тоғызқұмалақтан сайысқа түсті. Әсіресе, аймақтық қазақ күресіне қызығушылық танытқандардың қатары қалың болды. Облыстың түкпір-түкпірінен келген палуандардың бозкілемде белдесуі делебені қоздырды.

Төрт сағатқа созылған палуандардың белдесуінде 55 келі салмақ дәрежесінде ІІІ орын Жезқазған қаласынан келген Әділет Аяжановқа бұйырса, ІІ орынның ақшалай жүлдесін жаңаарқалық Нариман Тұтқышев иеленді. Ал, І орынға тігілген 50 мың теңгені жезқазғандық Бағдат Ибрагимов еншісіне байлап кетті. 65 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткендердің қатарынан оза шапқан жаңаарқалық Мәулен Қожин ІІІ орынға, Жезқазғанның палуаны Олжас Жанбосынов ІІ орынға табан тіреді. Жезділік Талғат Әбдішевтің бозкілемдегі белдесуі І орынға лайық деп танылды. 75 келі салмақ дәрежесінде Қаражал қаласының палуаны Қайрат Бейсенов ІІІ орынға ие болса, Қарағандыдан келген Медет Әдіханов ІІ орынды еншіледі. Қызылжарлық палуан Әділбек Ахметбеков осы салмақ дәрежесіндегі өнер көрсеткендердің үздігі деп танылды. Ал, түйе палуан атағын және оған тігілген 120 мың теңгені Жаңаарақадан келген Асыл Бәрмен еншілеп, еліне қайтты.

Түс ауа жұртшылық қазақтың ұлттық өнері мен тұрмыс-тіршілігіне сай әсем де көркем безендірілген киіз үйлерді марапаттау рәсіміне куә болды.

Дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан «Үздік киіз үй» байқауының жүлделі ІІІ орнын «Лайықты еңбек» кәсіподақ ҚБ еншілесе, ІІ орынды денсаулық сақтау саласынан аймақтық туберкулезге қарсы диспансердің киіз үйі алды. Ал, үздік киіз үй атағы білім беру саласынан №27 орта мектепке тиесілі деп танылды. Сонымен қатар, барлық қатысушыларға және жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар тапсырылды. БАҚ өкілдері тіккен «Мәңгілік Ел» киіз үйі, бас партияның жергілікті филиалы тіккен «Нұр Отан» киіз үйі мен Ш.Ділдебаев атындағы мұражайдың киіз үйлері де марапатқа ие болды.

Ұлыстың ұлы күнін кеншілер қаласына қарасты Жезқазған кентінің тұрғындары мен Сәтбаев ауылының жұртшылығы да атап өтті.

Материалдарын дайындап, суреттерді түсірген Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.