Қылмыстың артуы алаңдатуда

Жұма күні әкім аппаратында Сәтбаев қаласының прокуроры, әділет басқармасының кеңесшісі Б.М.Ахметов, қала әкімі С.Т.Медебаев, қалалық мәслихат хатшысы С.С.Имамбай, Сәтбаев қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ж.Қ.Қарабеков және қаламыздағы мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар басшыларының қатысуымен кеңейтілген отырыс өтті. Кездесудегі алға қойылған мәселе – қаламыздағы құқықбұзушылық санының артуы. Бұл жөніндегі негізгі мәліметті қала прокурорының орынбасары А.Айтбеков берді.

— Былтырғы жылмен салыстырғанда 2010 жылдың 10 айы ішінде қылмыс саны 22,5 % өскен. 28 қылмыстық іс адамдардың мас кезінде болса, 193-і көшеде жасалған. Ұрлық жасау – 32,5 % өскен. Қылмыстық істердің көбеюіне аулалар мен көшелерде жарықтың болмауы септігін тигізген. Әсіресе, Сәтбаев – Жезқазған жол бойында жарық жоқ болғандықтан жол оқиғалары көбеюде. Бұл – жергілікті билік органдарының қылмыспен қарсы күреске ойдағыдай көңіл бөлмеуі салдарынан. Ел басы өз сөзінде халықтың қылмыстық – атқару жүйесіне деген сеніміне ие болу керектігін баса айтып жүр. Сондықтан қала тұрғындарының сеніміне кіруіміз керек, — деді Алмаз Айтбеков. Сөз соңында прокурордың орынбасары барлық мекемелердің басшыларына видео көру жүйесін енгізу туралы ұсынысын жеткізді.

Келесі кезекте Сәтбаев қалалық ІІБ бастығының орынбасары А.Каримов баяндама жасады.

— Қылмыстың алдын алу үшін қаламызда полиция қызметкерлерінің қатысуымен көптеген іс – шаралар мен акциялар өткізілуде. Сонымен бірге көптеген қылмыстық істер «Колизей», «Гламур», «Алтын Орда» секілді түнгі көңіл көтеру орындарында жасалады. Түнгі уақытта спирттік ішімдіктер сату, оның ішінде кәмелеттік жасқа толмаған балаларға сату әлі де тоқтамай жатыр. Бұл, әсіресе «Березка», «Каспий», «Элит», «Продукты», «Близ» дүкендерінде күнделікті әдетке айналған. Мұның себебі – түнгі уақытта сатылған ішімдіктерден түсетін пайда оларға салынатын айып – пұлды жабатындықтан. Қылмыстың артуы «Қазақмыс» корпорациясы қызметкерлерінің жалақы алу кезінде жиі байқалады. Қызметкерлердің 50 пайызға жуығы айлықтарын алғасын ішіп, үйлерінде жанжал шығарады. Оның арты немен бітетіні бәрімізге аян. Сонымен қатар корпорацияның 600-ден аса қызметкерлері нашақорлықпен айналысқаны үшін ұсталған, — деді баяндамашы.

— Қазіргі кезде елімізде белең алып жатқан мектептердегі қорқытып ақша алу үрдісі біздің қаламыздың мектептерінде де байқалуда. Сондықтан соның алдын алу үшін мектеп басшыларынан өз оқушыларының тәртіптері мен мінез-құлықтарына баса көңіл аударуын сұраймын.

Қаламызда металл ұрлау қылмысы да көптеп кездесуде. № 3 байыту фабрикасы мен № 57 шахтаның арасында 25 ұрлық жасалған. Қазіргі кезге дейін оның көбісі ашылмаған. Осы секілді көптеген құқықбұзушылықты біз тек күшімізді біріктіріп қана жоя аламыз. Сондықтан сіздерге айтарым, бірігіп жұмыс істейік, — деп аяқтады сөзін Аманжол Бақытжанұлы.

Отырыс соңында Берік Мұхаметжанұлы ішкі істер бөлімінің қызметкерлеріне әкім аппараты қызметкерлерімен бірігіп рейдтерге жиі шығуды, түнгі көңіл көтеру орындарының басшыларына қатысты қатаң шаралар қолдану секілді өз ұсыныстарын айтты. Оның бұл ұсынысын қала әкімі де қоштап, өз тарапынан көмегін аямайтындығын жеткізді.

Бұл кездесудің отырысқа қатысушыларды бір серпілтіп тастағаны рас. Күн сайын белең алып бара жатқан қылмыс түрлерінің алдын алуда, қылмыкерлерді дер кезінде құрықтап, бұлтартпайтын дәлелдер арқылы жауапқа тартуда алдын ала тергеудің сапалы жүргізілуі шешуші рөл атқаратындығы бәрімізге белгілі. Өкінішке орай, біздің қаламызда жұмыстың бұл түрі әлі де дұрыс атқарылмай келеді. Бұл іске қала тұрғындары көмегін тигізуге тырыспайды. Әрине мұндай бірікпеген жұмыс оң нәтиже көрсетпейді. Сондықтан «саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деп Президентіміз Н.Назарбаев айтқандай, бірлесіп жұмыс атқаруға тырысайық.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.