Жезқазған кен өндірісінің тұңғыш еңбек ері

Бөпежанов Мұхит Құлжанұлы 1936 жылы Москваның түсті металдар институтын бітіргеннен кейін СССР Ауыр өнеркәсіп Халық Комиссарлар Советінің жолдамасымен Жезқазған руднигіне келген болатын. Оның еңбек жолы алғашында мыс комбинатының шахталарында ауысым бастығы болып басталады.

Мұнан кейін жас маман Байқоңыр көмір кенішіне жіберіліп, көмір шахтасының бастығы болып тағайындалады. Бұл кезде Байқоңыр шахтерлерінің жағдайы өте ауыр болатын. Көмір шахталары өте саяз, өнім өндіру қайламен, күрекпен атқарылатын. Көмір жер астынан шанамен тасылатын. Осындай қиын жағдайда жұмыс істесе де көміршілер жоспарларын асыра орындап, Қарсақбай мен кеншілер поселкесіндегі өндіріс орындарын, тұрғын үйлерді көмірмен жеткілікті қамтамасыз етіп отырды.

Білікті маман, тау-кен инженері Мұхит Құлжанұлы екі-үш жылдан кейін Қаныш Сәтбаевтың араласуымен Жезқазған руднигіне қайтадан ауыстырылады. Ол мұнда комбинаттың бас инженерінің орынбасары болып тағайындалады. Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау күндерінде жас инженер білімі мен тәжірибесін кен өндіру процесін жеңілдетуге, өнім өндіруді арттыруға жұмылдырады.

Оның іскерлігі, ұйым-дастыру қабілеті Жезқазған кен басқармасы директоры болып кызмет істеген жылдары айқындала түсті. Ол кезде кен басқармасының құрамында тоғыз шахта бар болатын. Жезқазған поселкесінде кеншілер, шахта салушылар, теміржолшылар, басқа да мамандықтардың иелері тұрып жатқан еді. Жас директор өндірісті дамыту, құрылыс жүргізу секілді жұмыстармен бірге, поселке тұрғындарының тұрмыс-тіршілігіне де басты көңіл бөлді. Мектептер мен балабақшалар әрбір шахтаның қамқорлығына берілді. Поселкенің көшелері тұтастай шаруашылық есеппен тұрғызылды, әрбір шахта өз күшімен кеншілеріне үй салды. Мұның бәрі жас басшының өндірісті басқарудағы жұмыс стилінің жаңашылдығының нәтижесі еді.

Мұхит Қалжанұлының Жезқазғанда директор болып қызмет істеген жылдары рудник шахталарының астынан су сору автоматтандырылды, шахта астына таза ауа беру қолға алынды, №51, №45 шахталарда тәжірибе учаскелері ұйымдастырылып, онда қуатты экскаваторлар, кен тиеу машиналары, өздігінен жүретін кен тасымалдау электровоздары, бұрғылау кареткалары сынақтан өткізіліп, шахталарда кен өндіруде кеңінен қолданыла бастады.

Жезқазған кен өндірісі тарихында тұңғыш рет Мұхит Бөпежановқа 1961 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Бұл жалғыз М.Бөпежановтың ғана емес, бүкіл жезқазғандық кеншілердің жанқиярлық еңбегін жоғары бағалағандық еді. Өз басшыларының Еңбек Ері атануын кеншілер зор қуанышпен қарсы алды.

Түсті металлургия саласының білгірі, тау-кен инженері М.Бөпежанов ұзақ жылдар бойы Қазақ ССР Түсті металлургия министрінің бірінші орынбасары болып қызмет атқарды.

Сәтбаев қалалық мәслихатының 2001 жылғы 4 желтоқсан-дағы шешімімен Сәтбаев қаласының шығыс бөлігінде орналасқан бұрынғы Сеченов көшесі Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Мұхит Бөпежанов атына өзгертілді.

Комментарии закрыты.