Жастар ауылға бет алды

Республиканың барлық аймақтарында жергілікті атқарушы органдар «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясының «Дипломмен – ауылға!» атты партиялық жобасын жүзеге асыруда.Жас мамандарды ауылдық жерлерге жұмысқа тартып, оларды әлеуметтік жағынан қолдау, жағдай туғызуға байланысты біздің қаламызда да бірқатар шаралар атқарылды.Осы жобаның жүзеге асырылу барысы туралы «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы өткен аптада кеңес өткізді. Отырысты филиал төрағасының ұйымдастыру және бұқаралық жұмыс жөніндегі орынбасары Қайрат Смайлов жүргізді.

Жиынғы қалалық мемлекеттік мекемелердің басшылары мен мамандары, партияның бастауыш ұйымдарының төрағалары, «Жас Отан» Жастар қанатының мүшелері қатысты.

Күн тәртібіндегі бірінші тұрған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ауылдық елді мекендердің әлеуметтік сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдау және ынталандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының білім саласы бойынша жүзеге асырылу барысы туралы» сұраққа орай қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Г.Қожахметова баяндама жасады.

«Дипломмен – ауылға!» жобасын іске асыру мақсатында «Сәтбаев қаласының білім, денешынықтыру және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесі ішкі саясат бөлімімен бірлесе отырып үгіт-насихат жұмыстарын кеңінен жүргізді. Жергілікті бұқаралық-ақпарат құралдарын, көшедегі тартпа жарнамалар мен беннерлерді пайдалана отырып жас мамандарды ауылға тарту өз нәтижесін берді. Жоғарғы және арнаулы орта білім беру мекемелерінде, қоғамдық орындарда көрнекі плакаттар ілінді. Осы жұмыстардың арқасында Сәтбаев селосына 2009 жылы физика пәнінің мұғалімі Лейла Жәнібекова, ал 2010 жылы математика пәнінің мұғалімі Жазира Балапанова мен ағылшын тілінің маманы Лейла Момышева жіберілді. Бұл жас мамандарғы жоба бойынша 70 АКК, яғни 90720 теңге көлемінде көшерақы түрінде әлеуметтік қолдау көрсетілді. Сонымен бірге, қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, отын-су алуға әрқайсына 3000 теңге және медициналық тексерістен өту үшін 631 теңгеден қаржы бөлінді. Бүгінгі күні олардың үшеуі де Сәтбаев ауылындағы №17 негізгі білім беру мектебінде қызметтерін жалғастыруда.

Келесі кезекте «Дипломмен – ауылға!» жобасы бойынша қала жастары арасында ақпараттық-насихаттау жұмыстарын жүргізу туралы» мәселеге байланысты «Жас Отан» Жастар қанаты Сәтбаев қалалық филиалының атқарушы хатшысы Н.Наурызбаевтың мәліметі тыңдалды.

Елбасы, «Нұр Отан» ХДПтөрағасы Н.Ә.Назарбаев «Жас Отан» Жастар қанатының І съезінде ауылдық жердегі жұмыстың дәрежесін көрсету үшін «Ауыл жастары» атты жалпыұлттық бастама әзірлеп, оны жүзеге асыру керектігін айтқан болатын. Осыған байланысты ауылдық жерлерге тұруға және жұмыс істеуге баратын денсаулықсақтау, білім беру, мәдениет және спорт саласының мамандарына бірқатар әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, біржолғы көтерме жәрдемақы төлеу, тұрғын үй сатып алу үшін он бес жыл мерзімге 0,01 % мөлшерде бюджеттік несие беру, ауылдағы әлеуметтік сала қызметкерлеріне 25 %-дан кем емес көтеріңкі жалақы тағайындау сияқты жеңілдіктер 2009 жылдың 1 шілдесінен және 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асырылып келеді.

«Дипломмен – ауылға!» партиялық жобасын қала жастары арасында насихаттау мақсатында «Жас Отан» Жастар қанаты бастауыш бөлімшелерінде жас мамандармен бірнеше рет кездесулер өткізіп, жоба туралы кеңінен түсіндірілді.

«Жас Отан» ЖҚ Сәтбаев қалалық филиалы жанынан құрылған «Жас саясаткер» атты ақпараттық-насихат тобы жобаның мақсатын арнайы брошюралар, парақтар тарату арқылы жастарға жеткізуде. Бүгінде аталмыш топтың жаңа құрамы мен бағдарламасы жасалуда. Үгіт-насихат жұмыстары әсіресе орта-мамандандырылған оқу орындарында қызу жүргізілуде.

Жобамен тұрғындардыақпараттандыру мақсатында «Ауылдың болашағы жастар қолында» атты бағдарлама әзірленуде. Бұл жоба 2011 жылы Тәуелсіздіктің 20 жылдығы аясында жүзеге асырылмақ.

Күн тәртібінің соңғы «Дипломмен – ауылға» жобасы аясында ауылды елді мекендерге барған әлеуметтік сала қызметкерлерінің жағдайы туралы сұрағына» сәйкес халыққа қызмет көрсету орталығының инспекторы Б.Бимағанбетовтың ақпараты назарға алынды.

Кеңесті қорытындылай келе, Қ.Смайлов еліміз бойынша қызу қарқын алып отырған жобаны біздің қаламызда да белсендіру керектігін, жергілікті ақпарат құралдары арқылы берілетін жеңілдіктер туралы жиі хабарлауды және ауылға барған жас мамандар жайлы газет бетінде сұхбат, материалдар жариялауды ұйымдастыруды ұсынды.

Қаймағы бұзылмаған ауыл қашан да береке мен молшылықтың, тіл мен дін тазалығының мекені. Бір кездері ауылды тастап, қалаға қарай ағылған жастар бүгінде ауылға қарай бет алды десе де болады. Елбасының дипломды жастарды ауылға қарай шақыруы жалынды жастардың елім үшін мен не істей аламын деген талабын қанағаттандырып отыр. Осы жобаны сапалы түрде әрбір жасқа жеткізу ауылдағы мамандардың жетіспеушілік проблемасын шешуге ғана емес, қала мен ауылдың арасындағы сәйкессіздікті теңестіріп, әлеуметтік сала мамандарының елді мекендерде тұрақтану мәселесін кешенді шешуге ықпал етері сөзсіз.

М.Жаппасбаева.

Комментарии закрыты.