Мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі оң шешімін табады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауындағы берілген тапсырмаларды орындау мақсатында мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қолдау көрсету бағытында Сәтбаев қаласында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып жатыр.

Елбасы өз Жолдауында барлық азаматтарды, мүгедектерді жан-жақты қолдап, олардың проблемаларын оң шешуге атсалысуға шақырды. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көбірек көңіл бөлу керектігін ескертті. Олар үшін Қазақстанның кедергісіз аймаққа айналуы қажеттігін айтты. «Бізде ондай адамдар аз емес, оларға қамқорлық көрсетілуі тиіс. Бұл – біздің қоғам алдындағы парызымыз. Бүкіл әлем осымен айналысады. Мүмкіндігі шектеулі адамдар тағам өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында жұмыс істей алады. Мен барлық кәсіпкерлерге оларды жұмысқа орналастыруға көмектесіңіздер деп тағы да айтқым келеді. Сондай-ақ, 5-10 адамға арналған арнайы квотаны енгізу мүмкіндігін қарастыруға болады. Сол кезде біз оларды белсенді өмірге тартамыз. Олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге, өздерін қоғамның пайдалы мүшесі ретінде сезінетін болады. Біздің барлық әлеуметтік институттар, үкіметтік емес ұйымдар, «Нұр Отан» партиясы осы жұмыстарды қолға алғандары жөн. Үкіметтен бастап, жергілікті әкімдерге дейінгі барлық мемлекеттік органдарға өз жұмысын осы арқылы көрсеткен маңызды» деді. Осылайша, Мемлекет басшысы үкіметке барлық ұлттық компаниялармен бірлесе отырып, мүгедектерді жұмысқа орналастыру бойынша мәселені пысықтап, шешім қабылдауды тапсырды.

Ең маңыздысы – мүгедектерді жұмысқа орналастыру. Осы бағыт аясында үстіміздегі жылы 4 мүмкіндігі шектеулі жан біздің бөлімге хабарласып, жұмыссыз ретінде тіркеуге алынды. Бүгінгі күні олар уақытша жұмыспен қамтамасыз етіліп отыр. Яғни, үшеуі қоғамдық жұмысқа, біреуі әлеуметтік қызметке тартылды.

Жалпы, біздің қаламызда бүгінгі күні 4178 мүмкіндігі шектеулі жан есепте тұрады. Олардың 265-і – І топтағы, 1675-і – ІІ топтағы, 1994-і ІІІ топтағы мүгедектер. Ал, 244 жан – 16 жасқа дейінгі бала.

Міне, осы айналасындағы жан-дардың қамқорлығына зәру аза-маттардың өмір сүру сапасын арттыру және жұмыспен қамту мақсатында қолдан келгеннің бәрі жасалуда. «Мүгедектерді оңалтудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 20 шілдедегі №754 қаулысына сәйкес, мүгедектер протездік-ортопедиялық көмекпен және техникалық көмекші құралдармен, арнаулы жүріп-тұру құралдарымен, санаторий-курорттық емделулермен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, жеке оңалту бағдар-ламасына сәйкес жүріп-тұруы қиын І топтағы мүгедектер үшін жеке көмекші қызметі көрсетіліп, міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етілген.

Басқа адамдардың көмегіне мұқтаж І және ІІ топтағы жалғыз басты мүгедектерге күтім үшін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қоса бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде үстемелік көмек беріледі.

Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін «Кедергісіз орта» қалыптастыру мақсатында 2013 жылы паспортизациядан өткізілетін 24 объект анықталды. Олардың бәрі паспортизациядан өтті. Олар, білім беру саласы бойынша – 16 мектеп, әлеуметтік қорғау саласы бойынша – зейнетақы төлеу орталығы, қалалық аурухана, қалалық сот, тұрмыстық қызмет көрсету орталығы (ПЭС, ПТВС), қалалық пошта.

Ал, үстіміздегі жылы осы паспортизациядан өткізілетін тағы екі объект анықталды. Олар – салық комитеті мен спорттық сауықтыру кешені (СОК). Бұл жұмыстар да өз кезегінде шешімін таппақ.

Осылайша, қаламыздағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру және оларды жұмыспен қамту мәселесі оң шешімін табатын болады.

С.Өтенова, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі.

Комментарии закрыты.