Жұтаңдау өткен жәрмеңке

Қарағанды облысы әкімінің қолдауымен, арнайы бекітілген кестеге сәйкес аудандардың қатысуымен қалаларда қазанның 9-ы мен қарашаның 13-і аралығында сенбі сайын өтетін «Ауыл береке – 2010» жәрмеңкесі басталып кетті. Кесте бойынша ауылшаруашылық жәмеңкесі біздің қаламызда қазанның 16 күніне жоспарланған болатын. Алғашқы болып Ұлытау ауданының қатысуымен ұйымдастырылған жәрмеңкеге, өкінішке орай Жанкелді ауылдық округінен басқа ешкім келе алмады. Дәстүрге айналып, бір қалыпқа түсіп қалған жәрмеңке шырқы онымен бұзыла қойған жоқ. Жұмыс уақытымен басталған жәрмеңке түс ауғанша тарқамады десе де болады. Ауылшаруашылық және ветеринария бөлімінің бастығы А.Әбілқасымовтың айтуынша, бұл күні он бас сиыр, 40 бас қой-ешкі, 2 бас жылқы еті, 80кг қазы-қарта, 120 кг тауық еті сатылған. Сонымен қатар, сүт, бау-бақша өнімдері, балық, көкөністер көптеп сатылды. Бір байқағанымыз өткен сенбіде келісі 65 теңгеден болған жуаның бағасы бұл жолы 5 теңгеге арзандапты. Осындай төмендеу бағамен 10 тонна жуа, 12 тонна картоп сатылыпты. Бірінші сортты ұнның келісі 58 теңгеден, күріш 120 теңгеден сатылғанын көрдік.

Сенбі сайын үйреніп қалған халық құр қол қайтқан жоқ. Ауылдың құрт-майының орнын Сәтпаев пен Жезқазған кәсіпкерлерінің тауарлары толтырды. Жезді мәдениет үйінің өнерпаздары мен жергілікті әншілеріміз кезектесіп жәрмеңкені әнге бөліп тастады. Тұтынушылар тарапынан ет сатушыларға айтып жатқан «киімдері санитарлық талапқа сай емес» деген ескертулерді де құлағымыз шалып қалды.

Бір жылдары ағыл-тегіл болып жататын «Ауыл-береке» атына сай жәрмеңкенің бұл жолы көзге жұтаңдау көрінгені рас.

Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.