Халық ТҰТЫНАДЫ. Кім ҰТЫЛАДЫ?

Салыстырмалы түрде әлемдік деңгейде алатын болсақ, адамзат баласы өзіне қажеттінің барлығын сатып алу немесе сату арқылы жүзеге асырады. Өткен ғасырлардан бері кез-келген аймақта түрлі сауда нүктелері мен қара базар жұмыс істейді.

Ал біздің қаламызда жекелеген дүкендерден бөлек бес ірі сауда орындары халыққа қызмет көрсетеді. Олар «Тұрар», «Сары-Арқа», «Алматы», «Беркеев», «Кооптранс» базарлары. Солардың ішіндегі «Тұрар» мен «Сары-Арқа» базарларындағы сауда-саттықтың бүгінгі ахуалын білу мақсатымен сатушылар мен тұтынушылар арасында сауалнама жүргізген едік. Алайда, сұрағымызға көпшілік жауап бергенімен, аты-жөндерін айтудан бас тартты.

Ең әуелі базарға барып тамақ, ет өнімдері, киім-кешек бағасына назар аудардық. Бірақ, ағылып келуші халықтың қарасын байқай алмадық. Тіпті, жоқтың-қасы десек болады екен. Қала тұрғындарының ішінде тұтынушы ретінде есімін айтқан жалғыз азаматша Ғ.Асанова бастаған көпшіліктің ойы бір арнаға тоғысады. Олардың пікірінше, ешкімнің төбе көрсетпеуінің басты себебі қымбатшылықта. Сатушылардың айтуынша, сауда өтімді емес, уақыттары кей күндері бос өтуде. Әрі халықтың келе қоймайтынын өздері де растайды. Ал бағалары өткен жылы да, биыл да тұрақты-мыс.

Бірінші тамақ өнімдеріне тоқталсақ. «Ас – адамның арқауы» деп жатамыз. Тамақ алудан қол үзбейтініміз, үздіксіз тұтынушы екеніміз рас. «Тұрар» базарында тамақ сатушылар көп арызданбайтындықтарын жеткізді. Күнделікті күнкөріске жететінін айтып қанағат етті. «Халықтың аздығы базарда білінгенмен, сенбі сайынғы жәрмеңкеде жақсы пайда табамыз»  дейді олар.

Осы сауда нүктесіндегі сатушының бірі өкпе-назын білдіріп қалды. Ол кісінің өз алдына жеке дүкені бар екен. Араққа байланысты үкімет белгілеген жалпыға ортақ заң бойынша 100 гр. спирт өнімі 112 теңгеге бағаланып ең төменгі арақ құны 560 теңгеден басталуы тиіс. Дүкеннің иесі «Заң аясында жұмыс істегеніммен, халық басқа дүкендерден арзанға алған арағын алып, менің дүкеніме келіп келемеждеп көрсетіп кетеді»  дейді. Салық басқармасы барлық сауда ошақтарына жүйелі тексеріс жүргізсе дейді.

Осыдан кейін салық басқармасына да атбасын бұруды жөн көрдік. Сауда-саттық жасайтын жеке кәсіпкерлер салық басқармасына арнаулы салық тәртібі бойынша рұқсатнама қағазы (патент) алу негізінде тіркеледі. Патент бір жыл көлемінде жарамды. Кәсіпкерлер табысының 2% мөлшерін алдын-ала салыққа төлейді екен. Ал тексеру мәселесіне келетін болсақ, «Бұрынғыдай жоспар бойынша тексере бермейміз. Тек мемлекеттік тапсырмамен ғана тексеруге құқылымыз» дейді салық басқармасының басшылығы.

Ойымызды түйіндей келе, ой тастамақпыз. Әр тарап өзінің еңбегін растайды. Қағаз жүзінде бәрі жақсы. Әркімнің таңдауы әрқалай. Қарапайым жұртшылықтың нені таңдайтыны белгілі. Халық тұтынады. Бұл сауда-саттықта кім ұтылады? Біздің міндет – түйткілді мәселені ашып көрсету. Ой таразысына салып, пікіріңізді айту – сіздің міндет.

М.Мұқатова.

Комментарии закрыты.