Қаныштан бата алған

Осыдан жеті-сегіз жылдай бұрын бір тойда торғайлық жігітпен дәмдес болдым. Есімін ұмытпасам Есім деді-ау деймін. Әңгіме барысында менің газетте тілші екенімді білген соң тың бір әңгіменің тиегін ағытқаны бар…

– Менің әкем Нұрсәли Тасмағамбетұлы деген кісі негізінен осы Жезқазған өңірінің тумасы. Кешегі партияның заманында адамның басы оның добы сияқты, қайда тепсе сонда домалады емес пе. Әкей де жетпісінші жылдары сол партияның тапсырмасын орындау үшін Торғай өңіріне қоныс аударыпты. Қазір Арқалық жақты мекен етіп жатыр, – деп бастаған еді Есім бауырым.

Есімнің өзі кешегі өтпелі кезеңдегі оңтайландыру саясатының желімен отбасы болып осы жаққа көшіп келіпті. Кеніште күзет қызметінде жүр екен.

– Қаныштай дара тұлғаның атындағы қаланың газетінде қызмет етеді екенсіз. Мен сізге бір қызық әңгіме айтайын. Мүмкін бір әжетіңізге жаратарсыз. Менің әкем Нұрсәли қазақтың біртуар азаматы, ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевпен кезінде дәмдес болған, батасын алған жан. Бізге соны жырдай етіп айтып отырады, – демесі бар ма.

Мен де жатып келіп жабыстым. Қай жылдары, қандай жағдайда, қай жерде жолығысқандарын айтып беруін сұрадым. Есімге де керегі осы екен, Есілдей есіп сөйлеп берді.

– Мақтанғаным емес, Қаныштай дара жаратылған жанның шапағатын көру кім-кімге де кездесе бермейтін бақыт қой. Сондай шексіз бақытқа менің әкем де ие болыпты, – деп бір қойды сұхбаттасым.

– Оның үстіне Қаныш Имантайұлының қаншалықты ақыл иесі екенін, кең пейілді жан болғанын кейінгі ұрпақтар да білсін деген ой бар…

Есімнің әңгімесіне қарағанда, оның әкесі Нұрсәли ақсақал Қарқаралының төрт жылдық педучилищесін бастауыш мектеп мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шыққаннан соң ұзақ жыл Талап жеті жылдық мектебінде, одан соң Қоскөл бастауыш мектебінде мұғалім болып еңбек етіпті. Кейін партияның тапсырмасымен Сарыторғай жылқы заводына қызметке ауысса керек.

Нұрекеңнің Қаныш Имантайұлымен кездескені де сол Қоскөл бастауыш мектебінде жүрген кезі болса керек.

– Бұл, сірә, 1951 жылдардың шамасы болса керек. Өйткені, әкем осы әңгімені маған 2007 жылы айтқан еді. Сонда: «Уақыт, шіркін, не деген ұшқыр еді, содан бері де 56 жыл өтіпті арада», дегені есімде, – деп еске алады Есім сол бір әңгіме жайлы тереңнен толғай отырып.

…Жазғы демалысқа шыққан Нұрсәли ауылға барып, аз уақыт аунап-қунап қайтпақ болып жолға жиналады. Өгіз арбаның іш пыстырар митыңына зауқы соқпай, күре жолға шығуды жөн көреді. Ол кезде елдің еңсесі көтеріліп, ауыл ішінде анда-санда болса да жүк машинасының жүріп тұратын кезі-тін.

Бір топ жолаушы осылай жол тосып тұрғанда, қастарына жүк машинасы келіп тоқтай қалды. Кабинадан сұңғақ бойлы, қапсағай денелі жігіт ағасы түсіп, елмен жағалай амандасып, үлкендерге қос қолын ұсынып «Ассалауын» айтып жатыр. Қасындағылар «Мынау Қаныш қой!», «Қаныш!», «Қаныш!» десіп шуылдасып қалды. Бұл Нұрсәлидің есімі иісі қазаққа ғана емес, шет елдерге де мәшһүр болған Қаныш Сәтбаевты алғаш көруі еді.

Жол бойында тұрғандардың ішіндегі қалаша киінген, оқыған азамат екенін аңғарды ма, Қаныш Нұрсәлиді қасына отырғызды.

– Қаныштың үлкен адамгершілік қасиеті бар жан екенін мен сонда көрдім, деп айтып отыратын әкем бізге, – деді Есім әңгімесін сабақтай түсіп.

Жол бойы ел жайлы, жер жайлы көп әңгіме айтылды. Ол кезде Ешкіөлместе геологиялық барлау жұмысы жүріп жатқан. Келешекте бұл жерден асбест кәсіпорны ашылмақ. Жол бойы сонда соғып, одан әрі Күтірлішат өзенінің бойында отырған далалық қосқа жүгін түсірген Қаныш жолаушыларды сиыр фермасына дейін апарып салды. Өзі сонда қонуға қалды.

– Үлкенге – інілік құрмет, кішіге ағалық ілтипат көрсете білетін жан екен. Келе елмен шүйіркелесіп кетті. Балалардың бетінен сүйіп, маңдайынан иіскеп, кекілінен сипап жатыр. Ешқандай жаттығы жоқ, осы ауылдың тумасы, тұрғыны секілді.

Сусын ішіп, шөл басып алған соң мені әңгімеге тартты.

– Қалқам, қайда, кім болып жұмыс істейсің? Сырт келбетіңе қарасам оқығаның, тоқығаның бар бала сияқтысың, – деді бетіме жымия қарап. Жымиғанда жүзі бұрынғыдан да нұрланып, айналасына мейірімін төге түседі екен.

Мен мұғалімдік мамандықты қалағанымды, қазір Қоскөлдегі мектепте бала оқытып жатқанымды айттым.

– Онда еңбегіңмен елге таныл. Жастарды тәрбиелеуге бар күш-жігеріңді жұмса. Шәкірттеріңнің сүйікті ұстазына айнал. Талпынған ісіңде абыройға бөлен, – деді арқамнан қағып.

Қаныш ағаның ақ жол тілеп айтқан бұл сөзі маған ата-баба батасынан кем соққан жоқ. Мен осылай Қаныштан бата алған адаммын деп марқаяды әкем.

– Қаныштай ұлы тұлғаның бойынан қандай ерекше қасиетті аңғардыңыз? – деп сұраймыз біз әкейден.

Сонда әкем зор мақтанышпен «Ой, ол кісі нағыз қазақ қой» деп қойып, әңгіменің майын тамызады.

– Қазақтың марқасқасы, маңғазы сол кісідей-ақ болсын. Ол кісінің бойы тұнып тұрған қасиет қой. Ерекше қасиет. Сөз қандай, ой қандай?! Кісіні өзіне еріксіз баурап алады.

Домбырамен ән салатын қоңыр дауысы бар. Сол күні сиыр ферма-сында думанды кеш болды. Қанекең ән шырқады. Әндері де өз дауысына сай. Одан ауылдың алты ауызы айтылды. Қанекең ел жайлы, елдің келешегі жайлы тамаша әңгімелер айтты. Қаныш сөйлегенде ел ұйып тыңдайды. Не сиқыры барын қайдам. Жарықтық, ол қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы еді ғой деп күрсінетін әкем, – деген Есім бір сәт үнсіз қалды. Сәлден соң барып:

– Кешіріңіз, тойға келген адамның әкем туралы әлдебір әңгімемен басын қатырған жоқпын ба? Қаныштай дара тұлға адам жайлы ел ішінде әңгіме көп қой. Менікі, әйтеуір, кейінгі ұрпақ Қаныш бабасының қандай жан болғандығын білсін дегендік. Айып етпеңіз, – деп әңгімесін аяқтады.

Біз де Есімнің естелігін еш өзгеріссіз бергенді жөн көрдік.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.