Байқаудың әнұраны шырқалған кеш

20140411-05-2-220140411-05-2-120140411-05-2-4

 

 

 

 

 

 

Осымен төртінші мәрте өткізілген «Ел іші – өнер кеніші» көркемөнерпаздар фестивалінің аясында өткен жұма күні өнерсүйер жұртшылық №3 орта мектептің өнерін тамашалады. Бұл өнер кешінің бір ерекшелігі – байқауға арнайы жазылған Алтынбек Сейтбековтың әнінің шырқалуы болды. Жұртшылықтың жаңа әнге деген ықыласынан туындының келешекте көркемөнерпаздар байқауының әнұранына айналатынына кәміл сенеміз.

Кең байтақ қазақ елінің байлығы мен әсем табиғатын, оның сан ғасырлық тарихын шежіре қылып шерткен кештің шымылдығын ұстаздардың хор ұжымы «Туған жер» әнімен ашты.

Білім ошағы ұстаздарының бірі өзінің туған жеріне деген ыстық ықыласын төл туындысы арқылы жеткізсе, енді бірі мың бұрала биледі. Ал, күміс көмей, жез таңдай әншілері туған жер, Отан жайында, сондай-ақ, әртүрлі тақырыптағы әсем әндерді шырқады.

Кештің тағы бір ерекшелігі ретінде мектеп мұғалімдерінің әртүрлі халық аспаптарының сүйемелдеуімен халық әні «Ақбаянды» көркемдеп жеткізе білулерін айта кеткен жөн.

Ұжымның ақ кимешек киген әжелері халық әндерін орындаса, әдебиет пәнінің ұстаздары Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырлардан да ұзақ күн» романындағы «Найман ана» аңызынан көрініс қойды. Белі жуан байлардың озбыр әрекетінен мәңгүртке айналған Жоламанның образын шынайы бейнелеген көрініс көптің көзіне жас әкелсе, құда бала мен құдашаның әзілі залдағы көрермендерді қыран-топан күлкіге кенелтті.

Осы кешке бар өнерлерін салған ұжымның тағы бір қуантарлық жаңалығы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әсем Алпысова сөзін жазған, ән-күй пәнінің мұғалімі Алтынбек Сейтбековтың «Туған жер» әні байқаудың негізгі шарттарының біріне дөп түсіп жатты.

Ұлттық өнерімізбен қатар, сан алуан өнерді бойына жиған дарындылар байқауының маңыздылығы күн өте жоғарылай түсуде. Алда күтер қызықтар да мол болады деп сенеміз.

Бағдат Қазкенов. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.