Заңбұзшылық мәселесі талқыланды

Өткен аптада Сәтбаев қаласы әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Серік Имамбайдың төрағалық етуімен қала бойынша құқықбұзушылықтың алдын алу комиссиясының отырысы өтіп, оған мәслихаттың хатшысы Татьяна Хмилярчук, қала прокуроры Серік Назарбеков, ішкі істер бөлімінің қызметкерлері, мекеме басшылары, мектеп директорлары мен инспекторлары қатысты.

Күн тәртібінде екі мәселе қаралды – «2013 жылғы Сәтбаев қаласындағы қылмыстың жағдайы және оны төмендету бойынша қабылданып отырған іс-шаралар» және «Кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу» туралы.

Алғашқы сұраққа орай ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Жеңіс Жүкенов баяндама жасап, қатысушыларды өткен жылдың қорытындысымен таныстырды.

– Сәтбаев қаласы аумағында орын алған қылмыстардың жалпы тіркелуі былтырғы жылы 35,7 пайызға өсті. Оның ішінде аса ауыр қылмыстар бойынша 9 жағдай тіркелген. Соның ашылған 8 ісі сотқа жолданып, бүгінгі күнге дейін ашылмай тұрған бір іс бойынша – (азаматты өлтіру оқиғасы) арнайы тергеу тобы құрылып, жедел іздестіру шаралары жүргізілуде. Ауыр қылмыс түрлеріне тоқтала кетсек, мұнда 2012  жылмен салыстырғанда көрсеткіш өсіп тұр, яғни қылмыс 100-ден 130-ға дейін өскен. Қасақана адам өлтіру оқиғасы бойынша 5 қылмыс тіркелген, оның 4-не қатысты тергеу жұмыстары аяқталған. Қарақшылық қылмыстары бойынша 7 қылмыс тіркелген, оның 4 ашылып, істері сотқа жолданған. Ал, қалған 3 қылмыс ашыл-май тұр, олар – «Саид» дүкеніне және 2 мәрте «ҚазМұнайГаз» жанармай құю бекетіне жасалған қарақшылық шабуылдар. Сондай-ақ, тонау қылмыстары бойынша – 114, зорлау қылмыстары бойынша – 27, ауыр дене жарақаты бойынша – 16, жеке мүлікті ұрлау қылмыстары бойынша – 835, пәтер ұрлықтары бойынша – 243 жағдай тіркелген, – деді Жеңіс Жүкенов.

Баяндамашының берген мәліметіне сәйкес, былтырғы жылы автокөлікті қуып кету қылмыстары да 7,7 пайызға өсіп, 28 жағдайды құраған. Сонымен қатар, азаматтардың жеке мүліктерін ұрлау қылмысының да саны артып, жалпы 697 қылмыс тіркелген. Осыған байланысты қалалық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері қылмыстарды ашу, болдырмау және алдын алу мақсатында көптеген іс-шаралар жүргізуде. Мәселен, жеке мүлікті ұрлау қылмысын болдырмау үшін қала тұрғындарымен пәтерлерін қорғау қызметіне тапсыру және үйлеріне дабыл белгілерін орнату тақырыбында жиын өткізілді. Алайда, бұл қызмет түрінің құны қымбат болған соң, қала тұрғындары бұл ұсынысты қолдамауда. Қазіргі таңда қаламызда 4 пәтер иелері ғана қорғау орталығының қызметін пайдаланады.

Күн тәртібіндегі екінші мәселеге орай кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау бойынша комиссияның хатшысы Гүлсана Джакипова жиналғандарға ақпарат берді.

Жалпы өткен жылы кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында 27 қылмыстық жағдай тіркелген. Бұл көрсеткіш 2012 жылмен салыстырғанда 80 пайызға өскен. Соның ішінде 3 қылмыстық әрекетті жасаған балалар қалалық индустриалдық колледждің оқушылары болғандықтан, бұл оқиға жайында аталмыш колледждің директоры Қанат Қоңыров мәлімет берді.

Жиын соңында комиссия мүшелері жасөспірімдер арасында қылмыстардың алдын алу жұмыстарын күшейту, мектеп инспекторлары мен ата-ана комитеттерінің жұмыстарын жандандыру, қылмыстарды анықтау және ашу жұмыстарын жүргізу жөнінде шешім қабылдады.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.