Ақсақалдар алқасымен кездесті

Сейсенбі күні Сәтбаев қаласының әкімі С.Т. Медебаев қаламыздың ардақты ақсақалдары, ардагерлер қауымымен кездесу өткізді. Кездесуге қалалық маслихаттың хатшысы С.Имамбай, қала әкімінің орынбасарлары М.Мадиева, А.Ким және басқа да мекеме басшылары қатысты.Ақсақалдар атынан сөзді қаламыздың Құрметті азаматы, ақсақалдар алқасының төрағасы М.А. Аханов бастады. Ол кісі алдымен дінге қатысты мәселе көтерді. Қазіргі таңдағы адамдардың дінге көзқарасы, кімге табынарларын білмей адасып жүрген жандардың, әсіресе, жастардың тағдыры аға ұрпақты алаңдататынын жасырмады. Оның бұл ойын басқа ақсақалдар да қоштады.

М.А. Аханов сонымен қатар көптеген ескі дүкендер мен мекемелердің алдының азып кеткенін, соларды тазалап, айналасын абаттандырса екен деген ұсынысын айтты.

Ақсақалдарды толғандырған тағы бір үлкен мәселе, ол – қазіргі кездегі қазақ тілінің жағдайы болды. Сәтбаев қаласында құрылған «Қазақ тілі қоғамы» қандай жұмыстар жүргізіп жатыр, құрамында кімдер бар деген сұрақ кездесуге келгендерді қызықтырды.

– Сөздің шыны керек, халық үшін қызмет істеп жатқан бұл қоғам неге ең болмағанда жылына бір рет көпшілік алдында атқарып жатқан жұмыстары жөнінде есеп бермейді? Діннен де, тілден де айырылсақ, біз нағыз мәңгүрт болғанымыз емес пе?! – деп ащы болса да тура сөзімен аяқтады әңгімесін Мүзараф Аханұлы.

Сәтбаев қаласының құрметті азаматы А.М. Тұрлыбеков көшедегі бей-берекет сауда жайлы мәселені көтерді. Шынымен де «Универсам» дүкенінің алды күннен күнге заңсыз сауда орындарына айналып барады. Әсіресе, балық, көкөніс тағы басқа тағамдар ешқандай санитарлық талаптарға сай емес түрде сатылып жатыр. Ал, Тұрар дүкенінің алдын үлкен машиналар мен сатушылар жаулап алғаны сонша, аяқ басып жүретін де жер жоқ. Соңғы уақытта ол жерді тіптен мал соятын алаңға айналдырып алған. Адамдардың көзінше малды сойып, қалған қалдықтарын сойған жерлерінде тастап кетеді. Бұл, әрине, өте өкінішті жағдай. Осындай сұрақтарды ақсақалдар А.Кимге қойып, жауап күтті. Бірақ әкім орынбасарынан қанағаттандырлықтай жауап ала алмады. А.Ким бұл сұрақтармен айналысатынына уәде берді.

Отырыста су құбырларын жүргізу, Сәтбаев қаласындағы сумен, жылумен қамтамасыз ету кәсіпорнының жұмыстары туралы, ауыз судың тазалығы туралы т.б. мәселелер сөз болды.

Кездесу соңында Сәтбаев қаласындағы бір көше мен №15 жалпы білім беретін орта мектепке Социалистік Еңбек Ері, СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Республиканың құрметті кеншісі, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, 20 жылдан астам ЖШПТ-ін басқарған Ғазиз Омаровтың есімі берілсе деген тағы бір тілектерін жеткізді ақсақалдар.

Қаламызға талай жыл еңбек сіңірген құрметті азаматтың атын аталған мектепке және бір көшеге берсе артық болмас еді. Еліне еңбегі сіңген құрметті азаматтың аты мәңгі ұмытылмас үшін оның атын кейінгі ұрпаққа қалдыру керек.

Барлық шағымдарды тыңдап болған соң әкім сұрақтардың бәріне жауап беріп және ұсыныстардың қаралатыны жөнінде айтты. Өмірден көргендері мен түйгендері бар, бай тәжірибелі жандармен кездесіп, ақыл-кеңес алу жаңа бір мүмкіндіктерге жол ашатынын айтқан Советбек Тұрсынұлы ақсақалдарға алғысын білдірді.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.