Тұрғындарды қабылдап, түсініктеме берді

Қарашаның 3-де Сәтбаев қаласының әкімі С.Т.Медебаев тұрғындарды жеке өтініштері бойынша қабылдады.

Бірінші болып қала әкіміне кірген Ж.Қонысбаев мүгедек қыз баласы бар екенін, мемлекеттік пәтер алудың кезегінде тұрғанын тілге тиек етіп, кезектен тыс жеңілдікпен пәтер алуға болмай ма деген өтінішпен келіпті. Бұл кісінің өтінішіне қала басшысы тиянақты түсініктеме берді. – Қазіргі кезде бұрынғыдай тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқан жоқ. Қаладағы бірді-екілі мемлекет қаржысына салынатын үйлер жалға немесе несиеге беріледі. Оған қоса, бюджет саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлерді де пәтерлермен қамтамасыз етуіміз керек. Қалада бос пәтерлер болып қалғанымен, ондай баспаналар жекешелендірілген, иелері бәрі бір табылады. Бізде қазір пәтер кезегінде 600-ден астам адам тіркелген. Ал сіз мемлекет есебінен пәтер алудың кезегінде 95-ші болып тіркелгенсіз. Ол – сіздің алдыңызда пәтерге мұқтаж тағы 94 адам бар деген сөз. Біз заңды аттап, сол кісілердің есебінен сізге пәтер бере алмаймыз. Сәл шыдаңыз. Ақырын болса да кезек жыл сайын жылжып отырады. Бір 2-3 жылда пәтер алып қаламын деп үміттеніңіз, – деді Советбек Тұрсынұлы.

Баймолдина Зүбайра апай да осы пәтер мәселесімен келіпті. Бұл кісі де пәтер кезегінде тұр. Өтініш білдіріп келген Зүбайра апайға да қала әкімі жоғарыдағыдай түсініктеме берді.

Қаланың батыс ауданында орналасқан Әбдіров көшесінің тұрғындары канализация, жылу, жарық мәселелері жөнінде әкім қабылдауына келді.

Осы ауданның біраздан қордаланып қалған мәселелерін жергілікті атқарушы билік 2-3 жыл болды қолға алып, жүзеге асырып жатыр. Бұл ауданның тұрғындарына канализация, су тораптарын тарту үшін 46 млн теңге қаржы бөлінген. Бұл жұмыстарды атқару үшін жеке меншік құрылыс-жөндеу кәсіпорындары тартылды. Жасыратыны жоқ, олардың ішінде бөлінген ақшаны игермей, жұмысты бастап, аяқтамай жатқаны да бар. Ол – «Саржайлау» кәсіпорны. Қала әкімдігі бұл мекемеге сот арқылы ықпал етіп, заң жүзінде жасалған келісім-шарттың орындалуын талап етіп отыр. – Қайткенде де, жергілікті билік қолға алынған жұмыстың аяғына дейін атқарылуын қатаң қадағалайды және талап етеді, – деп сендірді қала басшысы. Сонымен бірге, әкім өзінің орынбасары Қ.Шайжановқа мардымсыз болып тұрған жылу мәселесі мен жарық тартылған бағаналарды тексерумен айналысуға тапсырма берді.

Қаланың шығыс ауданындағы Горький көшесінің бір топ тұрғындары да канализация құбырын тарту, көшені жарықтандыру мәселелерін қабылдауда көтерді.

Қараша айынан бастап осы аудандағы Горький, М.Жәлел, Первостроителей көшелерінде канализация құбырын жүргізу жұмыстары басталады. Оған қажет қаражат бөлінген. Бұл жұмыстарды атқаратын кәсіпорын анықталды. Көшелерді жарықтандыру мәселесі де жалғасын табады.

Әкім қабылдауына соңғы болып кірген Қ.Әбілғазинова жоғары оқу орнында дәріс алып жатқан қызының оқуын өтеу үшін қала әкімдігінен қаражат жағынан көмек сұрап келіпті. Қала әкімі білім алуға жергілікті билік ондай қаражат бөлмейтінін, бірақ ол үшін банктерден несие алуға болатынын айтты. Қала басшысы оның тиімді жолдарын түсіндіруді қала әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлім бастығы Н.Салиховқа тапсырды.

М.Әлжаппаров.

Комментарии закрыты.