Жағымсыз қылықтардан аулақпыз!

Сәтбаев қаласы әкімшілігінің жанындағы кәмелеттік жасқа толмағандар мен жасөспірімдер жұмысы және олардың құқығын қорғау комиссиясының ұйымдастыруымен 1-қараша мен 10-қараша аралығында өтіп жатқан «Нашақорлыққа жол жоқ!» онкүндігі аясында №15 орта мектепте 7-8 сынып оқушылары арасында «Жағымсыз қылықтардан аулақпыз!» атты іс-шара өтті. Іс-шараға мектеп медбибілері, басшының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, мұғалімдер қатысты. Бүгінгі күнде көптің көкейін толғандырып жүрген «Жасөспірімдердің жағымсыз қылық жасауына не себеп?», — деген сұрақ ортаға тасталды. Осы іс-шараға арнайы дайындалған слайдтар көрсетілді. Мектеп медбибілері темекі, ішімдік, есірткі секілді заттардың адам денсаулығына қаншалықты зиян екенін айтып, кітапшалар таратты. Оқушылар тақтадағы жағымсыз қылықтар мен зиянды әдеттер кластерін толтырып, «жасөспірімдер арасында жағымсыз қылықтармен айналысатындар кездеседі ме?», «зиянды әдеттерді пайдалануға не туйіткі болуы мүмкін?», — деген сұрақтарға жауап беріп, өз ойларын ортаға салды. Бұндай қылықтарға біреуі қысым көрсеткеннен, екіншісі қызыққаннан, өзіне басқалардың көңілін аударғысы келгеннен десе, енді бірі «білімсіздіктен» — деп жауап берді. Расында білімсіздіктен адам баласы түрлі қателіктер жасап, кейін соның қармауынан шыға алмай қалып жатқанын көзіміз көріп жүр. Сондықтан осындай іс-шараларға қатысып, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ұққан жасөспірімдеріміз жағымсыз қылықтар мен зиянды әдеттерден бойларын аулақ ұстап, ертеңгі елдің дамуына үлкен үлес қосады деген сенімдеміз.

Гүлжанат Дүзенова

Комментарии закрыты.