Судың қадірін білейік

Үкімет қабылдаған ұзақ мерзімді «Сапалы су» бағдарламасының биыл соңғы жылы. Халықтың денсаулығын сақтап, тұрмыс жағдайын жақсарту және әлеуметтік қорғау Елбасы жолдауының алдағы он жылдықтағы аса маңызды міндеттерінің бірі. Олай болса тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету де осы міндеттің бір тармағы болмақ. Осы арада қала тұрғындарына жеткізілетін ауыз судың қазіргі жайы мен сапасы туралы қалалық санитарлық эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы Гаухар Шәріпқызы Жалмурзина әңгімелейді.

– Қалаға ауыз су Есқұла жер асты су көздері және Кеңгір ашық су қоймасынан орталықтандырылған су жүйесі арқылы жеткізіледі. Екі жағдайда да су ІІ-ші және ІІІ-ші көтерме насос станцияларында хлорланғаннан кейін орталық жүйеге беріледі. Судың сапасы 2010 жылғы 28 шілдеде бекітілген Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің №554 бұйрығымен және «Су көздеріне, шаруашылық ауызсумен жабдықтауға, тұрмыстық суды пайдалануға және су объектілерінің қауіпсіздігіне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» санитарлық ережелерінің талаптарымен қадағаланады.

Бактериологиялық қадағалауда судағы бактериалдық вирустарды анықтау да жүргізіледі. Бұл сары аурудың вирустарын анықтау. Күнделікті жүргізіліп тұратын мониторинг бойынша қалада тіркелген сары аурулардың ауызсумен байланысы жоқ.

– Су сапасының төмендігі адам денсаулығына қаншалықты қауіпті?

– Судан алынған санитарлық-бактериологиялық сынамалардың талапқа сай болмауы жұқпалы шек ауруларының, ал санитарлық-химиялық көрсеткіштерінің жоғары болуы әртүрлі соматикалық аурулардың туындауына әкеледі.

Жер бетіндегі аурудың 80 пайызы кір суды қолданудан немесе санитарлық жағдайдың нашарлығынан болуы мүмкін. Мысалы, судың кермектілігі кальциймен бірге адам ағзасында тас жиналуын, әсіресе, бүйрек және зәр шығару органдарына тас жиналу ауруына әкеледі. Нитраттың көп болуы адам ағзасында метгемоглабиннің көбеюіне әкеліп, қанға оттегіні жеткізбейді. Бұған көбінесе қолдан тамақтанатын нәрестелер ұшырайды.

Қорғасынның көп болуы қандағы холестеринді көбейтіп, атеросклероз ауруының көбеюіне әкелуі мүмкін.

Фтордың судағы 0,7-1,1 мг/л мөлшері сүйектің жақсы қалыптасуын, жақ сүйегінің, тіс ауруларының азаюының көрсеткіші.

Хлордың мөлшері әр бір сағат сайын анықталып тұрады. Судың сапасын анықтау екі зертхананың күнделікті қадағалауымен жүргізіледі. Біріншісі санитарлық-эпидемиологиялық сараптау орталығы болса (ЦСЭЭ), екіншісі – қаланы сумен, жылумен қамтамасыз ету кәсіпорнының зертханасы (ПТВС).

Су сапасын тұрақты түрде тексеріп, сапасын анықтау үшін қала бойынша 25 су алу нүктесі бекітілген. Осы 2010 жылдың 10 айында аталған нүктелерден барлығы 1053 су сынамасы алынды. Алынған су сынамаларының санитарлық-химиялық көрсеткіштерінің 0,3 пайызы талапқа сай еместігі анықталды. Ол судың кермектілігі. Судың кермектілігі екінші көтерме су станциясында байқалды. Оған су Кеңгір су қоймасынан жеткізіледі.

Ал, ІІІ-ші көтерме су станциясы суының санитарлық-химиялық сапасы талапқа сай. Санитарлық-бактериологиялық көрсеткіштер бойынша 1053 сынама тексеріліп, оның 100 % талапқа сай екендігі анықталды.

Осы орайда тұрғындарға айтарымыз, ауызсуды әрбір пәтер иелеріне сапалы жеткізу көп еңбекті қажет етеді. Сондықтан, судың қадірін біліп, әрбір тамшы суды зая кетірмей қолдана білген жөн.

Мүмкіндігінше көктемгі, күзгі айларда фильтр қолдану керек. Су тазалағыш фильтрлер дүкендерде сатылады. Фильтрді қарапайым түрде қолдан да жасауға болады. Ең болмағанда мақта мен дәкені сүзгі ретінде пайдаланып тазарту керек.

Дайындаған Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.