Халық Банкі «Мерейде»

Құрбан айт мерекесіне орай «Халық Банкі» Жезқазған аймақтық филиалының директоры М.Қ.Мусина мен Сәтбаев қалалық филиалының директоры Т.Н.Нұрсолтанованың бастауымен Жезқазған поселкесіндегі «Мерей» балалар үйіне қайырымдылық шарамен «Халық Банкінің» қызметкері А.Саринова, «Халық банкінің» Жезқазған аймақтық филиалы директорының орынбасары С.Әбенов барып қайтты. Бұл іс-шараға Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы қалалық мешіттің бас имамы Бақдәулет қажы, әкім аппараты әлеуметтік бөлімінің бас маманы Ш.Амантаева шақырылды.

Халық Банкінің қайырымдылық пен демеушілік саласындағы ұстанатын бірден бір саясаты – ата-ананың қарауынсыз қалған жетім балалар мен жағдайы төмен отбасынан шыққан балаларға көмектесу. Олардың басқа қатар құрбыларымен тең дәрежеде өсіп-жетілуін қамтамасыз ету. Осы мақсатта Халық Банкі жеті жылдан бері Жезқазған поселкесінің «Мерей» мен Жезқазған қаласының «Үміт» балалар үйлерін қамқорлыққа алып, ондағы балалардың оқуы мен денсаулығына қарайласуда.

2005 жылы Банктің «Халық лигасы» деп аталатын бағдарламасы ашылды. Осы бағдарлама жөнінде біз «Халық банкінің» Жезқазған аймақтық филиалы директоры М.Қ.Мусинаны толығырақ айтуын сұраған едік.

– Бұл Халық Банкінің ең басты қайырымдылық жобасы. Оның басты мақсаты – балаларды спортқа тәрбиелеу, олардың салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. «Халық лигасы» жобасы шеңберінде «Мерей» балалар үйінің тәрбиеленушілері 2008-2009 жылдары Бурабай шипажайында өткен баскетболдан республикалық турнирге қатысып, жүлделі орындарға ие болып қайтты. Биыл да мамыр айының 19-25 аралығында Қостанай облысының «Сосновый бор» шипажайында балалар үйі мен мектеп-интернатта тәрбиеленуші балалардың арасында өткен баскетболдан VI республикалық «Үміт Кубогы-2010» турниріне «мерейліктер» барып, зор әсермен оралды. Балаларды баскетболға үйретіп, республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысуына мүмкіндік беру үшін бірнеше жылдан бері бас демеуші болып, арнайы жаттықтырушы Н.А.Садуақасовты жалдадық. Банк оның ай сайынғы 38000 теңге көлеміндегі жалақысын төлеп, балаларды спорттық киім-кешектер мен жабдықтармен осы күнге дейін қамтамасыз етіп келеді.

Сонымен бірге біздің Банк тәрбиеленушілердің жақсы, сапалы білім алуына да көп көңіл бөледі. Өткен 2009-2010 оқу жылында «Мерей» балалар үйіне тәрбиеленушілердің күнделікті пайдаланып, үйренуі үшін он екі компьютер сыйға тартып, орнатып бердік. Білім күніне орай «Үміт» және «Мерей» балалар үйлерінің бірінші сыныпқа баратын тәрбиеленушілеріне 165 000 теңгенің сый-сияпаты жасалды. Наурыз айында аталған балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне Қарағанды қаласында өтетін облыстық «Наурыз-думан» байқауына қатысуға 135 000 теңге демеушілік көмек көрсеттік. Бұл байқаудан біздің балалар жүлделі екінші орынды иемденіп қайтты. Балаларды қорғау күні қарсаңында және де жалпы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру негізінде осы балалар үйлеріне 225 000 теңге бөлінді. Биылғы 2010-2011 оқу жылына балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне 125 000 теңге бөлінді. Міне, біздің Банк осылайша әр мейрам сайын жетім балаларға өз көмегін көрсетуде, — деді Марпуға Қарабекқызы.

Расында да осыншама қаржыны балаларға жұмсап келе жатқан «Халық Банкі» бұл жолы да өз мақсаттарынан тайған жоқ. Мұсылмандардың ұлық мерекесі Құрбан айтқа орай Банк ұжымы «мерейліктерге» өз қолдауын аямады. Балаларға спорттық тауарлар мен киім-кешектерді және 50000 теңге көлемінде қаржылық көмек көрсетті. Сыйлықтарын табыстаған соң «Халық Банкінің» Жезқазған аймақтық филиалының директоры М.Қ.Мусина сөз кезегін Бақдәулет қажыға берді. Бақдәулет қажы өз кезегінде балаларды Құрбан айтпен құттықтап, құран оқыды.

Осындай қайырымдылық шараларға тек қана «Халық Банкі» емес, сонымен бірге басқа банктер де өз үлестерін қосып, көмектерін көрсетсе ғой. Қаншама қаржысы айналымда жүріп, талай кіріс тауып жатқан банктер кішкене болса да көмектерін тигізсе, жетім балалардың жағдайлары жақсара түсер еді. Мұндай игі істер әлі де жалғаса түседі деген ойдамыз.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.