Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды

Өткен жылдар өшпес ізін қалдырған Қаншама уақыт, қаншама ғасыр өтсе де қарапайым халықтың басынан өткен атаулы оқиғалар тарих бетінде алтын әріптермен жазылып қала бермек. Соның бірі, қазақ елі баз кешіп, соғыс өрті шарпыған отты жылдар еді. Сұм соғыстың зардабы халықтың басына түскен ауыр сын болды. Отанын фашист басқыншыларынан азат ету жолында қару көтерген ер азаматтардың барлығы майданға аттанса, ауылдағы бар шаруашылыққа қариялар, әйелдер мен жас балалар ие болып қала берді. «Көппен көрген ұлы той» демекші, солардың қатарында Махметова Шәйза Махметқызы да бар. Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында тылда аянбай еңбек еткен ардагер әжейді әңгімеге тарттық. Екінші дүниежүзілік соғыс басталған тұста небәрі 20 жастан енді асқан талдырмаш қыз, бүгін асау өмірдің толқынын былай деп толғана еске алады: «1939 жылы жұбайым Өтеген Әбдіғожинмен шаңырақ көтергеннен кейін 6 айдан соң Владивосток қаласына әскерге алып кетті. Ол уақытта әскери борышын өтеу 3 жыл болатын. Сөйтіп, әні-міне келеді деп жүргенде ауылға соғыс басталды деген суық хабар жетіп, Өтегенді әскерден бірден Ленинградқа алып кетті. Ал, мен мына жақта қала бердім. Ауылдан да лег-легімен майданға азаматтарды аттандыра бастады. Халық үшін ауыр да азап күндер болды ғой. Жұмысқа жарамды барлық жандармен қатар мен де совхоздың бар жұмысына білек сыбана кірістім. Таңның атысымен басталған жұмыс, күннің батысымен бітеді. Ауыр жағдайға қарамастан халық майдан үшін еңбек етіп, жоғарыдан келген тапсырманы өз дәрежесінде орындап жүрді. Онымен қоса, қаһарлы соғыстың айдауында жүрген жауынгерлерге қолғап, байпақ тоқып, киім тігіп, берілген мекен-жай бойынша поштамен жіберетінбіз. Сол заманның адамдарының әрқайсысы соғыс салған ауыртпашылыққа мойымай, қиналғанда ойланбастан қол ұшын созған асыл жандар болды ғой. Майданнан хат-хабар келсе ауыл болып қуанып, той жасайтынбыз. Ол кезде қазіргідей молшылық жоқ. Дастарханның бәр сәні нан, ірімшік, құрт. Иә, соғыстың несі жақсы дейсің…. Сондай-да ауыр күндер болған ». Бұл қариялардың жыр болып айтылатын әңгімелері. Сол жылдар халық үшін ауыр жылдар болғанын айтпаса да түсінікті. Тағдырдың маңдайға жазған сын сағаттарын абыроймен өткерген қарт ананың айғыздалған әжімдері нендей ауыртпашылықты бастан кешкенін айқын аңғартып тұрғандай. 1941 жылдың күзінде сол қолынан жараланып, азаматы елге оралады. Өтеген Әбдіқажыұлы Жезді қалашығына көшіп келіп, марганец өндіретін фабрикада біраз жыл қызмет істейді. Бірақ, асыл ері 18 жыл отасып дүниеден озып, бар ауыртпашылықты жарының иығына артып кете барады. Өмірдің салған ауыртпашылығына қарамастан балаларын «ешкімнен кем етпеймін, қатарынан қалдырмаймын» деп жүріп бар өмірін еңбекпен өткізген. Енді, міне, бүгінгі күні бар ауыртпашылықты артқа тастап, өрісі кеңіп, ұлын – ұяға, қызын қияға ұшырып, бәрінің ақылшысы болып отырған күйі бар. Ұлытау ауданы, Шеңбер совхозында қарапайым отбасында дүниеге келген бес ағайынды Шәйза әжейдің өзі де бес бала тәрбиелеп, олардан 21 немере, 32 шөбере сүйіп отыр. Айтпақшы, айта кетейік, әлемді шуағына бөлеген Халықаралық әйелдер мейрамы 8 Наурызда Шәйза әжей бұйыртса торқалы 90 жылдығын тойлағалы отыр. Әрине, әжейдің өткенін парақтай берсек, мазмұны бай кітаптардың бірі боларына күмән жоқ. Оған өткен күннің белгісі ретінде омырауына тағылған «Ұлы отан соғысындағы Жеңіске 40, 50, 60 жыл» медальдары куә. Оның сыртында 9 Мамыр жеңіс күніндегі құттықтаулар мен тыл ардагерінің ерен еңбегі үшін берілген алғыс хаттар мен мақтау грамоталары да бір бума. Ардагерлерін ардақтаған ел ешкімді де ешқашан ұмытпайды. Олар сонысымен де ардақты, құрметті. Гауһар Әжібаева.

Комментарии закрыты.