Жаңғырту стратегиясының табыстылығы-білімде

Еліміз тәуелсіздігінің келуі тұтас бір дәуірдің өтіп, Қазақстан тарихында жаңа уақыттың келгенін паш етті. Жаңаның басталуы қашанда кедергісіз болмайды. Кеңес Одағының ыдырауына байланысты бұрынғы сыртқы байланыстардың үзілуі шикізат отаны болып келген еліміздің экономикасын құлдыратып жіберді. Нарықтық жүйеден еліміз аса қиындықты сезінген 1997 жылы Президент Н.Ә. Назарбаев халыққа «Барлық қазақстандықтардың гүлденуі, қауіпсіздігі және тұрмысының жақсаруы» атты Жолдауын жолдаған еді. Осы құжатты Елбасы мемлекетімізді дамытудың 2030 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын саралап берген болатын.Бұл құжат алға қойған мақсат айқындылығымен әр қазақстандықтың жүрегіне сенім ұялатты. Экономиканы жүргізу формасының ауысуына, яғни жоспарлы экономиканың орнына нарықтың келуіне байланысты тұралаудан енді бауырын көтеріп келе жатқан елдің сол Жолдау рухын көтерген, алға жігерлендірген. Міне, соның он жылында-ақ Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың сарабдал, көреген саясатының кемелдігіне көзіміз жетті. Қазақстан сол тарихи құжатты қабылғағаннан кейінгі бас-аяғы оншақты жылдың ішінде бұрынғы Кеңес Одағы құрамында болған мемлекеттердің арасында көш бастады. Өйткені, көрегендікпен жоспарланған істің барлығы да тегеурінділікпен жүзеге асты. Соның арқасында Қазақстанды қазір әлем таныды, мойындады.

Енді Президенттің Жарлығымен Қазақстанды одан әрі дамытудың 2020 жылға арналған стратегиясы қабылданды. Онда алдағы он жылға арналған жоспарлар мен мақсаттар Елбасының биылғы «Жаңа онжылдық-жаңа экономикалық өрлеу-Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» деп аталатын кезекті жолдауында мейлінше көрініс тапты. Алдымыздағы он жылда Қазақстан дамудың жоғары сатысында болып, көшбасшылық тізгінді қолға алуы керек. Ол, әрине, мемлекеттің жан-жақты дамуымен, экономиканың нығайып, әлеуметтік тұрмыстың жақсаруымен және оған әр қазақстандықтың үлес қосуымен мүмкін болмақ.

Өзім білім саласында еңбек еткендіктен, келешек ұрпақтың бойына еліне, жеріне сүйіспеншілікті, патриоттық сезімді білім мен тәрбие арқылы сіңіру міндетіміз деп санаймыз. Қазақстанның келешегі-бүгінгі оқушы.

Ақпараттық технологияны жан-жақты қолдана алатын, ғылымның тың жаңалықтырын ашуға мүмкіндігі бар тұлғаны тәрбиелеу адам капиталының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жеткізеді. Сол үшінде де мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқытуға зор көңіл бөлінген. Бұл үшін «Балапан» арнайы бағдарламасы әзірленген.

Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі «Балапан» бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 29 қаңтардағы «Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстаның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын және Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 қаңтардағы № 922 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын іске асыру мақсатында әзірленген. Тәуелсіздікке қол жеткізгенге дейін Қазақстанда Орталық Азиядағы ең үздік мектепке дейінгі білім жүйесі болды, ол 7 жасқа дейінгі балалардың шамамен 70%-ын қамтыды.

1991 жылы 8743 балабақша болды, олрардың жартысынан астамы (4868) «оңтайландыру» кезеңінде жекшелендірілген, бір бөлігі бос қалған, қираған. Жалпы, 2000 жылға дейін республикадағы балабақшалар саны 1144-ке дейін азайды.

Республиканың тәуелсіздік жылдарында мектепке дейінгі білім жүйесі қайта жандана бастады: балабақшалар саны өсуде, мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған ұйымдардың жаңа түрлері құрылуда. 2007 жылдан бастап 2009 жылдар кезеңінде 142,1 мың орындық 2557 мектепке дейінгі ұйым ашылды, оның ішінде 75 орындық 612 балабақша. Бүгінгі күні республикада 4972 мектепке дейінгі ұйым бар, олардың 2003-і балабақша. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 373 160 адамды немесе мектепке дейінгі балалар санының 38,7%-ын құрайды. Сонымен қатар мектепке дейінгі ұйымдардан орын алу кезегінде 260 мыңнан астам бала тұр, оның ішінде 3 жастан 6 жасқа дейінгі 147084 мың бала. Елдегі демографиялық процестер – республикадағы мектепке дейінгі ұйымдардан орын алу кезегінің өсуін айқындайтын бірден бір фактор; 2008 жылдан бастап балабақшалардан орын күтушілер саны 20,8 мың балаға өсті. Қазақстанда соңғы 20 жылда бала тууды талдау барысы: 1990-1999 жылдарда туудың төмендегенін, ал 2000-2010 жылдары бала туу орташа есеппен 13 мың адамды көрсетті, ол кейіннен мектепке дейінгі ұйымдардан орын алу кезегі жылына 5-7 %-ға өскенімен негізделеді. Бағдарламасы елдегі мектепке дейінгі ұйымдарға деген тапшылық деңгейін төмендету жөніндегі түбегейлі шараларды қабылдауды, мектепке дейінгі білім беру қызметінің сапасын арттыруды қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда қаламызда 16 балабақша бар, оның 3 қалалық оқу бөліміне қараса, 13 «Қазақмысқа» қарайды. 2440 балабақшамен қамтылған, оның 654-і қалалық оқу бөліміне қарасты балабақшаға барады. 10 мектепте шағын орталықтары қамтылған.

Жолдауда елімізде білім беру сапасын дүние жүзінің озық елдері деңгейіне жеткізу мақсатында атқарылуы қажетті ең түйінді мәселелер нақтылы айтылған. Еліміз егемендік алғаннан бері Елбасы жастарға саналы тәрбие, сапалы білім беру мәселелерін күн тәртібінен шығарған емес. Біздерді Елбасының білім беру саласын терең білетіні тәнті етеді. Бірде, Елбасы жапон елінде ғасырлар бойы сақталып келе жатқан ұлттық рухани адамгершілік тәрбиенің маңызына ерекше көңіл бөлсе, енді финн елінің даму үрдісін үйренудің қажеттігіне тоқталды. Осы екі елдің ғарыштап дамуының түп негізі оларда білім беру жүйелерінің ғылыми негізінде дұрыс ұйымдастырылғандығында болып отыр.

Президент еліміз мемлектінің негізі қалана бастаған тұста білім беру маңыздылығына айырықша тоқталған еді. Экономикалық және қаржылық қиындықтарға қарамастан, осы салаға барынша қолдау көрсетіп келеді, атап айтсақ Президенттік «Дарын» және халықаралық «Болашақ» бағдарламалары жүзеге асуда, бүгінгі таңда мектеп оқулықтары мазмұнының 85% сандық форматқа көшірілген, еңбек ресурстарының бәсекелестігін арттыру мақсатында Елбасы «Тілдердің үштұғырлығы» бағдарламасын ұсынды, «100мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы негізінде соңғы он жылда елімізде 652 мектеп салынды, интеллектуалдық зиялы қауым қалыптастыруға бағытталған «Астанадағы Назарбаев университеті», «Тұңғыш Президенттің интеллектуалдық мектебі» негізінде Астана, Семей, Көкшетау қалаларында физика-математикалық бағыттағы интеллектуалдық үш мектепте 1854 оқушы білім алып жатыр. Осы инновациялық модель біртіндеп еліміздің барлық аймағында жүзеге асатын болады.

Осындай табыстардың арқасында Астанада ТМД елдері ішінде алғашқылардың бірі болып 51-ші Халықаралық математикалық олимпиаданы өткізу мәртебесіне ие болдық.

Бүгінгі таңда орта, техникалық және кәсіптік білім беру салаларының ұйымдары түрлі нұсқадағы компьютерлік сыныптармен қамтамасыз етілген. Әрбір 18 оқушыға бір компьютерден келеді (20:1 болу керек). Мектептердің 98 %, оның ішінде ауылдық жерлерде 97 % интернетке қосылған.

Білім беру саласында еңбек ететін қызметкерлер алдында нақтылы мақсат-міндеттер жүктелген. 2020 жылы елімізде 12 жылдық білім беру жүйесі нәтижелі жұмыс жасауы тиіс, кәсіптік және техникалық білім экономика сұраныстарына толық жауап берулері керек, еліміздің жоғары оқу орындары рейтінгі әлемдегі озық университтер рейтінгі топтамасына қосылуы қажет.

Білімнің түп қазығы мектепте қаланды. Іргетасы жоқ жерде ғимарат та жоқ. 12 жылдық білім беру жүйесіне өтудің басты мақсаты-білім беруге негізделген оқыту жүйесінен, нәтижеге бағдарланған білім беру жүйесіне көшу. Мұндай жүйе барлық дамыған елдерде нәтижелі жұмыс жасауда. Осындай жүйе толық іске асырылған жағдайда ғана білім сапасы қарқынды дамитын болады. Бұл біздің бәріміздіңде орақ мақсатымыз болуы керек деп ойлаймын.

Қазіргі жаһандану заманында елім, жерім, тілім деп соққан жүрегі бар, һәм зейінді де зерделі жастар тәрбиелеген жағдайда ғана Қазақ елінің келешегі кемел болатынын ескергеніміз абзал.

Ә. Сәденова, Сәтбаев қалалық мәслихаты тексеру комиссиясының төрайымы

Комментарии закрыты.