Бала да риза, үлкен де риза

Өткен айдың 25 жұлдызында республикамыздағы барлық жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үйлерінде Ризашылық күні өтті. Бұл мейірімділік пен ізгілік мерекесі – еліміздің бірінші ханымы, «Бөбек» балалар қайырымдылық қорының президенті Сара Назарбаеваның бастамасымен биыл Жезқазған кентіндегі «Мерей» мен отбасылық типтегі «Балалық шақ» балалар үйлерінде екінші жыл қатарынан аталып өтті.Бұл дәстүрлі мерекемен құттықтау үшін «Мерей» балалар үйіне Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары М.С.Мәдиева, «Қазақмыс» Корпорациясы жанындағы «Нұр Отан» ХДП-ның бірінші төрағасы Қ.С.Балмағамбетов, ЖШПТ кәсіподақ комитетінің төрағасы Б.Р.Тезекбаев, Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ш.Шілдебаев, «Халық Банк» Жезқазған аумақтық филиалы директорының орынбасары С.Әбенов, қалалық маслихаттың депутаты И.Велиев және басқа да мекемелердің басшылары келді.

Тамаша отбасылық мереке тәрбиеленушілерге Сара Назарбаеваның ыстық сезімін білдірген арнайы хаттарын таратудан басталды.

Алғашқы сөз алған М.С.Мәдиева бүлдіршіндерді мерекелерімен құттықтап, оларға Қазақстан Республикасының ұлы анасы Сара Алпысқызының атынан көптеген өсімдіктерден тұратын «Ризашылық бағын» және шағын кітапхана сыйлады.

Өз сөзінде ана әлдиін, бесік жырын тыңдап өтпеген бүлдіршіндерге жылы лебізін білдірген Қанат Сұлтанұлы «Қазақмыс» Корпорациясы жанындағы «Нұр Отан» ХДП-ның атынан «Мерей» балалар үйіне көптеген тұрмысқа қажет заттар сыйлады.

Құттықтап келген басқа да қонақтар өз тілектерін айтып, тәрбиеленушілерге сыйлықтарын табыстады.

Жарқын мерекеде ересектердің ықыласы мен мейіріміне бөленген сәбилер өз ризашылықтарын ән-би арқылы жеткізді. Сонымен қатар концерттік бағдарламаны ұйымдастыруға оқушылар сарайының өнерпаздары да өз септігін тигізді.

«Мерей» балалар үйінің директоры Б.Мақашова барлық тәрбиеленушілердің атынан қонақтарға ұмытпай құттықтап келгендері үшін үлкен алғысын білдірді.

Осыдан кейін балалар қонақтарға олардың қамқорлықтары, жылы жүректері, түсіністік пен махаббаттары үшін өз қолдарымен жасаған ризашылық гүлдерін сыйлады.

Концерттік бағдарламадан соң қонақтар балалар үйін аралады. Балалардың жатын бөлмелері мен демалыс орындарын көріп, риза болды.

Осылайша, 1789 жылы АҚШ-тың бірінші президенті Джордж Вашингтонның бұйрығымен олардың ұлттық мейрамына айналған «Ризашылық күні» біздің елімізде де дәстүрлі түрде аталып өтті. Сөйтіп, еліміздің өміріне енді ғана сіңісіп келе жатқан бұл мейрам бізде мейірімділік пен қайырымдылықтың нышандарымен ерекшеленуде. Оған бала да, үлкен де дән риза.

Марал Шахаева

Комментарии закрыты.