Облыстан олжалы оралды

Қараша айының соңында Қарағанды қаласында дзю-додан ашық біріншілік өтті. Бұл сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген 1997-2000 жылдары туған жасөспірім палуандар қатысты. Сәтбаев қаласынан жаттықтырушы Мұхамедқали Садырбаевтың 12 жас дзюдошылары барды.Сайыстың алғашқы күні татамиде 1997-98 жылдар аралығындағы спортшылар белдесті. Біздің командадан ақтық сайыстарға 3 дзюдошы шығып, жүлдегер атанды. Атап айтсақ, 30 кг салмақ дәрежесінде Алмаз Берікбол (№7 мектеп), Данияр Әжіқұлов (38 кг, №7 мектеп) және Әкімғали Сұлтанғали (42 кг, №19 мектеп) жүлделі үшінші орынды жеңіп алды.

Келесі күні де біздің жас палуандар үшін олжалы болды. 1999-2000 жылдары туған дзюдошылар сайысында С.Сейфуллин атындағы гимназияның оқушысы Мұхамедәли Әбішев 46 килограмдық салмақ дәрежесінде 3 орынды иемденсе, осы гимназияның тағы бір шәкірті Құдияр Сұлтанбай (46 кг) екінші орынды жеңіп алды.

Ал, осы дүбірлі жарыстың чемпионы атағына өз салмақ дәрежесінде тағы да күрескен Әкімғали Сұлтанғали ие болды.

Ашық біріншіліктің қорытындысы бойынша сайысқа қатысқан 12 сәтбаевтық дзюдошылардың 6-уы туған қаласына жүлделі оралды.

– Мен «Жастар» спорт Сарайындағы дзюдо секциясында 40 шақты баланы жаттықтырамын, – дейді жаттықтырушы Мұхамедқали Садырбаев. – Шәкірттерім бұрын да қалалық, облыстық жарыстарда жүлделі орындарды алып жүрген. Осы жолғы олжа қомақты болды. Бұл – тек қана менің және жас спортшылардың ғана емес, олардың ата-аналарының да жетістігі. Өйткені, сол кісілердің қолдауы арқасында біз әртүрлі дүбірлі жарыстарға барып жүрміз. Өз балаларының дені сау, шымыр болып өсуін қалайтын ата-аналарға өз рахметіміз бен ризашылығымызды білдіреміз.

Мәди Әлжаппаров.

Комментарии закрыты.