Атқарылған істерге есеп берілді

Өткен аптада Абай атындағы № 4 мектеп-лицейінде «Нұр Отан» ХДП жанындағы «Жас Отан» Жастар қанаты Сәтбаев қалалық филиалының ІІ есеп беру сайлау конференциясы өтті. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – «Жас Отан» ЖҚ жарғылық мақсаттары мен міндеттерін орындаудағы Сәтбаев қалалық филиалының 2010 жылы атқарған қызметіне есебі» болды. Сонымен бірге, ұйымдық мәселелер қаралды.Конференцияға қалалық мәслихаттың депутаты, «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының орынбасары А.Қ.Төлендина мен ішкі саясат бөлімінің бас маманы Қ.Бегімова қатысты. Алғашқы болып сөз сөйлеген Айгүл Қосманқызы қала жастарының бойында қазақстандық патриотизм сезімін және азаматтық жауапкершілік ұстанымын ұялату басты назарда болу керектігін айтып, Қазақстан халқының мәдени мұрасына, тіліне және дәстүрлеріне құрметпен қарауға шақырды. Күн тәртібіндегі негізгі сұрақ бойынша «Жас Отан» Жастар қанаты Сәтбаев қалалық филиалының атқарушы хатшысы Н.О.Наурызбаев баяндама жасады.

– Қазақстан Республикасы жастарының жан-жақты дамуы, олардың рухани-адамгершілік, зияткерлік және нақты әлеуетін, әлеуметтік мәртебесі мен экономикалық жағдайын, саяси, құқықтық, экологиялық және рухани мәдениетін арттыру үшін әлеуметтік-экономикалық, саяси және басқа да жағдай жасау – «Жас Отан» ЖҚ-ның негізгі мақсаты болып табылады. «Жас Отан» ЖҚ – «Нұр Отан» ХДП саясатының белсенді жүргізушісі, елдегі жастардың жағдайын жақсарту және оны мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық міндеттерін шешуге жұмылдыру бойынша іс жүзіндегі қадамдарды іске асыру орталығы болып табылады, – деді баяндамашы.

– Қазіргі таңда Сәтбаев қаласы бойынша «Жас Отан» ЖҚ-ның құрамында 739 мүше бар. Оның ішінде жас мамандар – 125, технологиялық колледж оқушылары – 65, мектеп оқушылары – 549. «Жас Отан» ЖҚ-ның негізі болып табылатын бастауыш бөлімшелердің қаламызда 22-сі жұмыс істейді. Міне, осындай бірлескен жұмыстардың нәтижесінде қазір біз көптеген жетістіктерге жетудеміз. Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан жастар өздерінің қоғамға керектігін сезінулері керек, — деп аяқтады сөзін «Жас Отан» ЖҚ-ның атқарушы хатшысы.

Қаламыздағы мекемелердің бастауыш бөлімшелерінің хатшылары да «Жас Отан» ЖҚ-ның қаламызда қандай жұмыстар атқарғанына тоқталып, өздерінің қосқан үлестері жайлы айтты.

А.Қ.Төлендина мұндай игі істерге өз ризашылығын білдіре отырып, жұмыс барысында әлі де кездесетін кемшіліктерге тоқталды. Өз сөзінде қала депутаты жастар арасындағы құқық бұзушылыққа, «Жасыл Ел» бағдарламасының қаламызда нашар жұмыс істейтініне, көпшілік жерлерде тазалықтың сақталмауына тоқталды. Сонымен бірге, «Балаға мейірімді қала» бағдарламасы аясында қаламызда жақын арада жастар үшін психолог жұмыс істейтіндігінен хабардар етті.

Қорытындыда «Жас Отан» ЖҚ-ның ІІ есеп беру сайлау конференциясының қаулысын халыққа қызмет көрсету орталығы бастауыш бөлімшесінің хатшысы Б.Бимағанбетов оқыды. Конференцияға қатысқан 136 делегаттың барлығы бір ауыздан қаулыны қабылдады. Бұған қоса, делегаттардың шешімімен «Жас Отан» ЖҚ атқарушы хатшысының қызметін Н.Наурызбаев жалғастыратын болды.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.